Сенімге лайықтыларды сайлайық


       Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТоқаевПарламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы  өз мәлімдемесінде: «... Мәжіліс пен мәслихат депутаттары еліміздегі ауқымды реформаларды іске асыруға барынша атсалысты. Олар сайлаушылармен жиі кездесу өткізді» деп ризашылығын білдірді. Алдағы сайланатын депутаттардың бұл жұмыстарды одан әрі жалғастыратынына сенім артты.

       Бұл жолғы сайлаудың өзгешелігі неде? Ендігі сайлау инклюзивтілікпен ерекшеленетін болады. Өйткені, сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес партиялық тізімде  әйелдердің, жастардың және мүмкіндігі шектеулі жандардың кемінде 30 пайызы ұсынылуы тиіс. Бұл жақсы мүмкіндік.

      Ал кезектен тыс парламенттік сайлауды жариялау Мемлекет басшысының мемлекеттік жүйені институциондық жаңғыртуға бағытталған дәйекті саясатының жарқын бір көрінісі. Негізгі саяси институттардың жаңаруы қазақстандықтардың  әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатын сапалы түрде өзгертетін шешімдерді жүзеге асыруға жағдай жасайды.

      Мәжіліс пен мәслихаттардың  құрылу тәртібін өзгертудің маңызы бар. Сайлау жүйесінің жаңа тәртібі азаматтардың барлық деңгейдегі палата және мәслихаттар депутаттары корпусын құруға тікелей қатысу дәрежесін арттырады. 

     Өздерін билік пен халық арасындағы «алтын көпір» ретінде мойындатқан мәжілісмендер мен жергілікті жерлердегі депутаттар аз емес. Жаңа Қазақстан орнатуға бағыт ұстану үшін өзіміз қалаған үміткерлерді сайлау мүмкіндігі туды, ағайын! Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қарақан басынан гөрі көптің мүддесін көздейтін азаматтарға таңдау жасай білейік!

     Халықтың сенімінен шығатын  азаматтарды сайлайық!  

  

                                                                                    Жаппар ДЕРБІСБЕКОВ,

                                        «Жылуэнергоремонт» ЖШС-інің бас директоры,

                                                                                «Құрмет» орденінің иегері. 

Пікір қалдырыңыз