Отырар қалай көркейді?

Қашан да туған елінің тарихын сол елдің ерім, жерім деген атпал азаматтары жасайтыны  белгілі. Әрине, елдің көркеюіне дәл сол жерде туылмаса да сол өңірдің шынайы жанашыры болып кеткен, бір төңіректе ғана қалып кетпей, жүрегі «әр қазақ менің жалғызым» деп соғатын шын мәніндегі таутұлғалы азаматтар да сеп болады, сірескен сеңді бұзады. Ондай азаматтардың  есім-сойын ешкім өшіре алмайды, тіпті бәрін тізеге салып жіберетін уақыт шіркіннің өзі дәрменсіздік танытып жатады. «Тау алыстаған сайын биіктей береді» деген тәмсіл де тегін айтылмаса керек...

Сондай тау тұлғалы асқар бел азаматтардың бірі де бірегейі  1978-1985 жылдары Шымкент облыстық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарған, бүгінде тірі болса жүз деген жасты еңсерген Асанбай Асқаров  еді десек, әсте артық айтқандық емес.

Жалпы, менің 42 жыл еңбек өтілім бар. Соның 9 жылында кеңшар директоры, 7 жылында партия ұйымының хатшысы қызметін атқарыппын. Тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, қазақтың негізгі қаймағы сақталған Оңтүстік өңірін басқарған үш азаматты ел ерекше атайды. Атап айтқанда, В.А.Ливенцов, А.Рамазанов, А.Асқаровтың есімдерін ел ерекше құрметтейді. Жақында ғана ғасыр жасын атап өткен Асанбай Асқаров жөнінде өзім куә болған естелігімді газет оқырмандарымен бөліссем деймін.

Облыс тізгінін қолға алған Асекең алғашқы сапарын біздің Отырар ауданынан бастады. «Басқан ізіңе мәз болма, артыңда ізің қалмаса» деп хакім Абайша айтсақ, маған осы сөз дәл Асқаров сынды азаматтарға айтылғандай көрінеді. Сонымен, Асанбай ағамыз шаруашылықтың бәрін аралап көргеннен соң барып, аудандық партия комитеті активімен, халықпен жүздесті. Өзімен бірге облыстағы ең беделді мекемелердің басшыларын да ерте келген екен.

«Ауданның бірқатар мекеме, шаруашылығын аралап, мәдени орындарымен, егістігімен таныстым. «Баптардың бабы – Арыстанбаб», ежелгі Отырар қала жұрты бар киелі де шежірелі, қасиетті мекен екен. Бірақ, көңіліме қонбағаны аудан орталығының көзге өте қораш, жұпынылығы болды. Енді «анау кінәлі, мынау кінәлі» деп себебін іздеп жатпай-ақ қояйын. Менің берер тапсырмам, облыстағы барлық әлеуетті, мықты мекемелер аудан орталығынан екі қабатты бір-бір үйден салып беретін болсын. Біту мерзімі ары кетсе бір жыл. Облыстық тұтынушылар одағы – универмаг, облыстық ішкі істер басқармасы – аудандық милицияның ғимаратын,, облыстық прокуратура аудандық прокуратура ғимаратын салсын»  деп, 16 тұрғын үйді әр ауданға бөліп берді.

Сол кезде бір зауыттың жас директоры «оны салатын менде қаржы жоқ» деп қалды. Асекең әлгіге жайменен: «Өзің білдей зауыт директорысың, коммунистік партия мүшесісің, мына айтып отырғаның не? Ойлан!» деді. Әлгі директор артынша-ақ сөзін өзгертіп, берілген тапсырманы орындайтынын айтты. Сол директор тапсырманы ең бірінші боп орындап шықты.

 Міне, осы тарихи жиында отырарлықтарға баяғыдан арман болып келе жатқан Сырдарияның көпірі де шешілді. Айтылған барлық тапсырма бір жылдың ішінде орындалды. «Тәртіп, міндеттеме» деген ол кезде бірінші орында тұратын. 

«Балтакөл» кеңшарында партия ұйымының хатшысы кезім.  Облыс басшысы біздің шаруашылықпен танысу үшін арнайы келді. Қасында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ұланбек Арғынбеков бар. Ең бірінші жұмысын кеңшардан 130 шақырым қашықтықта орналасқан малшылардың жағдайымен танысудан бастады.

Ол кезде «Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткіземіз» деген партияның ұраны болатын. Ауданымыздағы мал басы 1 миллиондай еді. Арнайы ұшақпен келген облыс басшысы малшылардың үйлерін, тұрмысын көріп, өздерімен егжей-тегжейлі сөйлесті, барлық арман-тілектерін тыңдады. Соңына қарай «әр шопанның үйі жылы, электр жарығы, азық-түлігі, балаларының мектебі, тіпті, қысқы соғымы да болуы керек» деген тапсырма берді.  Мен осыдан кейін, яғни 1983 жылы «Балтакөл» кеңшарына директор болдым. Сол кездері де Асекең бізге бір рет келіп, жағдайды өз көзімен көріп кетті.

 Директор болу оңай емес екен... Бірінші Асекеңнің қабылдауында болдым. Сол кезде айтқан сөзі әлі есімде «Кеңшар директоры деген сол жердің егесі. Ол қарапайым халықтан тұрады. Ең бірінші солардың жағдайын ойла. Еш нәрседен тарықпасын, балалары мектептен қалмасын» деген тапсырмаларын хал-қадерімше орындадым деп ойлаймын. Одан кейін Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрлігінен өтіп барып, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық  Комитеті қызметкерінің қабылдауында болдым. Менімен бірге барғандардың бәрі өтті де маған келгенде «қайта бер, кейін хабарласамыз» дегені. «Бұл қалай болды?» деп  облыс басшысы А.Асқаровқа телефон шалып, мән-жайды түсіндірдім. Ол кісі «сен ешқайда кетпе, мен қазір сөйлесемін» деді. Кейіннен естідім ғой, Асекең әлгі жауапты кісіге «аудандық партия комитеті осы кісіні лайық  деп бізге ұсыныспен шықты, біз де қолдап, Орталық Комитетке ұсындық. Ал сіз оны тіпті қабылдамапсыз» депті. Сөздің қысқасы, әлгі шенеунік артынша қабылдап, қолын қойып берді. Яғни Асанбай ағамыздың беделі, сый-құрметі тіпті Орталық Комитеттің өзінде зор болғаны ғой. Руласы, жақыны, туысы емес маған жасаған осындай адамгершілігін осы күнге дейін ұмытқан емеспін.

Сол кездері мал басын 50 миллионға жеткізу қалай міндеттелсе, жұғымды мал азығы саналатын жүгері дақылынан мол өнім алу да солай міндеттелетін. Талдықорғандық ұжымшар төрағасы Головацкий деген осы саланың мықты маманы «елімізде 80 мың тоннаға дейін жүгері дәнін тапсыруға болады» деп өзі бастап, бұл іске кірісіп кетті. Ауданымыздың жері, табиғаты жүгері өсіруге қолайлы болып, сол жылдары даңқымыз республикаға жайылды. Тіпті, Талдықорған облысымен өнім көрсеткіші бойынша тепе-тең түсіп те жүрдік. Сол кезде облыс бойынша 8 мектеп бой көтерсе, соның біреуі Отырар ауданындағы Балтакөл кеңшарында салынды.  Сол жылдары облыс көлемінде екі үлкен аурухана салынды. Асқаровтың тікелей нұсқауымен соның бірі Шәуілдірде салынып, отырарлықтар риза болып еді. Келесісі Сайрам ауданында салынды. Қазір айтуға ғана оңай, сөйтіп, қысқа уақытта аудан орталығы – Шәуілдірден екі қабатты 16 үй салынып, ел игілігіне берілді.

Кешегі ақындардан «Өмірдің басы сайран, соңы ойран» дегн сөз қалған. Заман бір өзгеріп бергенде ібілістер жер бетіне шығып, соның салдарынан Асанбайдай асыл азаматтың басына қара бұлт үйірілді. Бірақ, Калиниченко, Иванов, Гдлян сынды тергеушілер қанша жерден жанын қинап, азапқа салса да түбінде шындық жеңіп, Асекең бостандыққа шықты. Артынша әйгілі журналист, марқұм Нури Муфтах «Аққуды атуға болмайды» деген деректі кітап  жазып шықты. Ал, шәуілдірлік келініміз, бүгінде М.Әуезов атындағы ОҚУ-дегі Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жанар Белгібаева Алаш ардағының біріне айналған тау тұлғаның өмірі, саяси қызметі, шығармашылығы жөнінде арнайы жазған кандидаттық диссертациясын Алматыда, Ғылым Академиясында сәтті қорғады. Бұл айдарлы асыл  азаматымыздың есімі ел жадынан өшпейтіндігінің белгісі болса керек.

Асыл азаматқа Отырар халқы да лайықты құрмет көрсетіп, жерлесіміз, облыстық Кеңес атқару комитетінің төрағасы болған Жамалбек Шәймерденов екеуіне орталық саябақта еңселі ескерткіш қорнатты. Сонымен бірге жаланың барлығынан құтылып, ақталып келгенде Жамбылда өткен тойға ауданнан арнайы делегация барып, алғысқа толы лебіздерін білдіріп қайтты. 

Міне, өмір бойы халқының игілігі үшін барлық күш-қуатын, талантын, білімін аямаған, сол жолда қаншама қиыншылық көрсе де адалдығы арқылы аман шыққан Асанбай Асқаровтай тау тұлғалы  ағамыз ғасыр жасынан өтіпті. Жаныңыз жәннатта болсын, асыл аға! 

Мырзахмет ТЕМІРБЕКОВ, Отырар ауданының құрметті азаматы. 

Пікір қалдырыңыз