Мал базарға да мәдениет керек

Ертеде Грекияға келген жолаушыларға қарата «Афиныны көрмеген –  есек, ал, көре тұра таңданбаған – түйемен тең» дейтын әңгіме айтылады екен. Қызуқанды гректердің отаншылдық сезіммен асыра сілтеп айтқан қанатты сөзін заманында біреу кешірген шығар, біреу кешірмеген шығар, мәселе онда емес. Біздің айтайын дегеніміз, магиялық күші бар мұндай мәртебелі мақтау сөзді өзіміздің Жетісайға қаратып айта алмайтынымыз қандай өкінішті. 

Басқасын айтпағанда, былайғы ел күніге бас сұғатын, халық көп шоғырланатын базарлардағы келеңсіз көріністер көңіл қынжылтады. Таңсәріден жұмысы қыз-қыз қайнап жататын сауда орталығы қаншама адамның күнкөрісіне жарап тұрған берекелі мекен еді. Жазда болған алапат өрт елдің нәпақасын айырып отырған орнынан айырды. Ең өкініштісі, екі айда қайта қалпына келтіреміз деген жергілікті әкімдердің уәдесі құмға сіңген судай ғайып болды. Тым болмағанда төтенше жағдайдың неден болғанын анықтауға да қауқары жетпеді-ау. Осыдан кейін елдің сеніміне селкеу түспегенде қайтсін... 
Жә, бүгінгі әңгіме барының өзін бағалай білу жайлы болмақ. Орталық базар өртенген соң халық оның іргесіндегі орындарды жайма базар ретінде уақытша пайдалануға көшті. Базарға барып бағын сынап, нәпақасын тауып, бала-шағасын асырап, күнкөріс қамымен жүрген өзіміздің қаракөздерімізге жаның ашиды. Өйткені, оларға ең қарапайым дейтін жағдайдың өзі жасалмаған. «Алаған қолым береген» деуді білмейтін,  ақша санауды ғана білетін базар қожайындары өткен жылдары базарда азын- аулақ жөндеу жұмыстарын жүргізіп, аз-кем реттегенімен, базар мәдениеті өркениет көшіне ілесе алар емес. 
Біз Жетісай көкбазарының көңілге қонымсыз тұстарын сөз еттік, ал, мал базарының «мәдениеті» одан да сорақы. Құдды орта ғасырлық деңгейден көп ұзай қоймағандай жабайылық иісі мүңкиді. 
Аптаның сәрсенбісінде басталып, бейсенбі күні түс қайта тарқайтын мал базардағы жұрттың жанталасы мен қарбалас сәті – Вавилондағы  Семирамида аспалы бағынан кейінгі әлемнің сегізінші «кереметін»  еске түсіреді. Жазда көз аштырмайтын қи мен көңнің шаңы қолқаны қапса, қыста – белуардан батпақ. Тәртіптің жоқтығынан ығы-жығы адам мен қаптаған көліктерден аяқ алып жүре алмайсыз. Есік аузында алым-салық жинап, жанталасқан нән жігіттер тек алуды ғана білетіндей. Апта сайын қаншама ақша түссе де, соның шетінен тазалық пен тәртіпке жұмсайын, тұтынушыларға қолайлы жағдай жасайын деген пиғыл байқалмайды. Адам мен мал ағылып кіріп, шұбырып шығып кетіп жатады. Көп тұтынушының бірі болған соң біз де бұл келеңсіздіктердің алдын алу үшін өз ұсынысымызды айта кеткенді жөн көрдік. Сонымен, Жетісайдағы мал базардың «жабайы» тұстарын жіпке тізіп, санамалайтын болсақ былайша өріледі:
Біріншіден, базарда көліктен мал түсіретін де, артатын да арнайы эстакадалар жоқ, мал иелеріне бұл процесс ит азап. Екіншіден, базарға түскен малды байлап ұстайтын қазық, желі, қора т.б. қосымша жайлардың тек аты бар. Үшіншіден, автотұрақ оңды ойластырылмаған, жұрт көліктерін магистральды тас жолдың бойына ерсілі-қарсылы қойып, бұл жолаушыларға ыңғайсыздық, ары-бері өтетін жаяу жүргіншілердің  өміріне қауіп төндіреді. Төртіншіден, төрт түлік малдың ауру-сырқауын ажыратып, анықтап, тексеріп, жұқпалы кеселдердің таралып кетпеуін қадағалайтын ветеринарлық-санитарлық бақылау талап үдесінен шығады деп айта алмаймыз. Бесіншіден, базар алаңына асфальт төселмегендіктен жазда қидың тозаңы көтеріліп, қыста көң аралас ми батпақ болып жатады. Алтыншыдан, базар алаңы жыл он екі ай қоқыс, қи, тезектен тазартылмайды. Өз басым қанша барып жүрсем де дезинфекция, дезинсекция, дератизация жұмыстарын жүргізіп жүрген бір адамды көрмедім. Бір сөзбен айтқанда, базардың жұмыс тәртібі мен тазалығын қадағалауға тиіс ауданның ветеринария қызметі мен санитарлық-эпидемиологиялық бөлім қайда қарап отырғаны түсініксіз. Ол аз десеңіз, базарда әрбір мал басынан алынатын алым-салықтың көлемі де аз емес. Бұл, біріншіден, тұтынушылардың қалтасына салмақ салса, екіншіден, еліміздегі салық тәртібіне де томпақ келеді. Өйткені, базарға кіріп-шығып жатқан төрт түлік малдың есебі жоқ. Одан түскен салық қайда кетіп жатқаны тағы белгісіз. Айтайын дегеніміз, сол судай ағып келіп жатқан ақшаның бір бөлігін базарды көркейтуге, сауда-саттыққа қолайлы жағдай жасауға, тазалықты сақтауға жұмсауға не кедергі? 
Бір күні Қожанасыр иығына кілем қоржының іліп алып, Бұхара базарын аралап жүрсе, биік сәкіде отырған шаһар басшысының көзіне түсіп қалыпты.  Ол  «ей, қазақ, бері кел!» деп қасына шақырып, ас-су беріп сыйлапты.  Қожекеңнің ішіне ел қонды-ау дегенде қала әміршісі «намаз оқисың ба?» деп сұрапты. Қожекең: «Иә, тақсыр, оқимын» депті. «Бәрекелді! Ондай болса, айтшы, бесін намазы неше рәкат болады?»  деп сұрапты. Қожекең ойланып жатпастан «он бес рәкат болады» деп қойып қалыпты.  Шаһар басшысы Қожанасырдың өтірік айтқанын біліп, қаһарына мініп, жендеттерін шақырып дүре соққызып, базардан қуып шығыпты. Салы суға кетіп үйге келген соң мән-жайды білген әйелі: «Бесін намазы он рәкат болады демедің бе?»  десе, Қожанасыр: «Ей, ақымақ қатын, он бес рәкатқа көнбеген қала әміршісі онға көнеді деп пе едің» деген екен. Сол айтпақшы, жауапкершілікті жете сезінбейтін базар иелерін, қашаннан бері айтылып келе жатса да, базар мәдениетін көтеруге көндіру қиын болып тұр. Дегенмен, Жетісай қаласына жаңа әкім келіп, тазалық пен тәртіпті ретке келтіреді деген үміт бар. Ал, майлы жіліктің басын ұстап отырған базар қожайындары жабайы үрдістен арылып, халыққа қызмет етудің мәдениетін қалыптастырып, базардың ажарын келтіріп жатса, сауап арқалап, көптің алғысына бөленер еді. 

Махамбет САПАРМҰРАТОВ.   
Жетісай қаласы. 
Пікір қалдырыңыз