Шәмшінің өзімен айтысқан!

Ауа райының ыбылыңқы-сыбылыңқы күндерінің бірінде редакцияға бір кейуана келді. Үсті-басы малмандай болған апамызға барынша ізет көрсетіп, отыратын орындықты ыңғайлай бердік.
– Қызмет орындарыңды әзер дегенде таптық. Біз аудан орталығынан шалғайдағы бұрынғы Жаңақоғам, қазіргі Мыңбай ауылынан боламыз. Таксимен келіп отырмыз. Менің аты-жөнім Рабиға Дербісәлиева болады. 1945 жылы дүниеге келгенмін, жасым 78-де. Жамбыл атындағы ұжымшарда еңбек еттім. Кезінде Машат ауылдық Кеңесінің, аудандық Кеңестің бірнеше  дүркін депутаты да болғанмын, – деп жаңа танысым әңгімесін бастады да, қолындағы сөмкесінен сарғайған газеттерді, суреттерді, Мақтау қағаздары мен Құрмет грамоталарын шығара бастады...
– Балалық шағым балдай тәтті өтті дей алмаймын. Соғыстан кейінгі ауыр кезең бізді тым ерте есейтті. Өзімнен үлкен кісілерден қалыспай ұжымшарда еңбек ете жүріп, ауылдағы жетіжылдық мектепті бітіріп шықтым. Ары қарай білімімді жалғастыруға жағдайым болмағандықтан қара жұмысқа жегілуге тура келді. 21 жасқа келгенде Түлкібас ауданындағы  Жаңақоғам  ауылында тұратын Жолшыбек есімді жігітпен көңіл жарастырып, шаңырақ көтердік. Ырғалып-жырғалып жүретін уақыт қайда?! Бірден шаруашылыққа араласып кеттім. Алдымен отбасымызбен қой бақтық. Шүкір, озат шопан атанып, 1975 жылы ауылдық Кеңеске депутат болып сайландым.
Иә, ол көзімен көріп, көңілге тоқыған өмірлік сабақтарының нәтижесінде он жыл депутаттық мандатына кір келтірмей, ел игілігі үшін тер төкті, жерлестерінің сеніміне селкеу түсірмеді. Депутат ретінде өзі тұрып жатқан ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайларына баса назар аударып, білім, мәдениет, спорт салаларының жандануына ықпал етті. Осы жерде депутат келіншектің өнерге деген айрықша ықыласы жайлы да айтпай кетуге болмас. Қаршадайынан  ән айтып, ауылдың бозбалаларымен айтысып, жерлестерінің қошеметіне бөленіп өскен ол қашанда ортасын ойын-сауыққа толтырып, айналасына қуаныш пен шаттық сыйлап жүретін. «Алтын кездік қын түбінде жатпайды» дегендей, көңіл толқытатын асыл өнері ақыры жарыққа шығар жол тапқандай. Рабиға апай алдымен ауылдағы түрлі мәдени шараларды жүргізіп, көптің көңілінен шығады. Кейін ұжымшар жанынан құрылған «Сандуғаш» ансамблінде жұмыс істеп, көркемөнерпаздар үйірмесін басқарады. Ансамбльдің құрамында қарапайым еңбеккерлер, есепші, ұстаз тіпті мектеп директоры да  болғанын ескерсек, сан алуан сала мамандарының басын біріктіріп, өнер ұжымын құрудың қаншалықты қиын екенін бағамдауға болар. Десе де, көптің тілін таба білетін жайдары мінезі, нәзік талғамымен қоса қатаң талабының арқасында көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі «Алтын сақина», «Құдағи келіпті» сияқты қойылымдарды сахнаға шығарып, көрермендерінің көңіл төрінен орын алды. Міне, осылайша халық аманатын арқалай жүріп, өнерін өміріне балаған Рабиға Дербісәлиева қанша биік бедел мен абырой-құрметке бөленсе де, дала төсіндегі дүбірлі еңбек майданынан бір сәт те қол үзбеді. 1989 жылдан бастап шаруашылықтың көкөніс бригадасында еңбек еткен ол сол жылы аудандық Кеңестің депутаты болып сайланып, шырайлы да шұрайлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерге белсене араласты. Осы жолда жүріп, талай адам тағдырына араша болып, талай тәжірибе мектебінен өткен іскер ананың өзге жандарға жасаған  қайырымдылығы да  аз емес еді.
«Өнер мен мәдениеттің дәмін көріп, рахатын сезіне алған адамға бұдан артық байлық керек емес» деген екен әйгілі орыс жазушысы А.П.Чехов. Расында, еңбектен қол үзбей, аудан деңгейіндегі маңызды жиындарға араласа жүріп, Рабиға Серікбайқызы жанын жадыратып,ерекше сезім сыйлайтын өнер мен мәдениеттен алыстап кете алмады. Аудандық, облыстық өнер байқауларына, аламан айтыстарға қатысты. Бағы жанып, осындай бір үлкен  айтыста бас жүлдені қанжығасына байлады. Бұл тума таланттың жарыққа шығып, өзінің лайықты жеңісіне қол жеткізуі еді. Қарапайым өнерпаздың мерейін асыра түскен тағы бір айтулы оқиға – «Қазақ вальсінің королі» атанған композитор Шәмші Қалдаяқовпен айтысқа түсуі. Бұл қызық оқиға былай болған еді. 
1991 жылы Шәмші  Қалдаяқов Түлкібас ауданына келіп, клубта ауыл тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылады. Осы кездесуде Рабиға Серікбайқызы:
«Алматы – Жаңақоғам – Арысы бір,
Төрімде Шәмші аға жарасып тұр», – дейді толғаныспен. 
Сонда төрде отырған композитор да оның ойын түсіне қойып, Рабиғамен айтыса кетеді. Қалың көрермен екеуін ұйып тыңдап, залда тыныштық орнайды. Осылай екеуі біразға дейін ауыл-аудан, арысы ел ішіндегі тұрмыс-тіршілік, адами қарым-қатынас, өнер тұрғысында біраз мәселе  қозғап, айтысады. Ақырында Шәмші ағамыз «Жастау болғанымда сені өзіммен бірге алып кетер едім» депті әзілдеп. Рабиға апай да сөзден тосылмай:
Қазақтың бір руы Албан шығар,
Жаманның әрбір сөзі жалған шығар.
Шәмші аға, барыңызды қарыштап көр
Бір белгі жастық шақтан қалған шығар, – деп әдемі әзілмен жауап қайтарыпты. 
Бұған сүйсінген әрі толқыған сазгер «Әй, қалқам, сен де мендей ашыла алмай ішқұса болып  жүр екенсің ғой! Жігіттер, таратылмаған жаңа кітаптан беріңдер!» деп жап-жаңа кітабын алдыртып, ішіне Рабиғаға арнап ілтипатын білдіріп, қолтаңбасын қалдырған екен. Осы оқиға ел ішінде ауыздан ауызға тарап, аңызға бергісіз әңгімеге айналған көрінеді. Одан кейін белгілі сөз зергері, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазамен кездесіп, қаламгермен естелікке суретке түсуі де оның жадында әлі де жаңғырып тұр. 
Осылайша мәдениет саласын жандандыруға тер төккен Рабиға Дербісәлиева – дала төсінен алған ілім-білім, тәжірибесін еңбекпен ұштастырып, өнерімен өркен жайған өрелі жан екенін іс жүзінде дәлелдеп келеді. Бүгінде еліне қадірлі әже атанған ол сүйікті өнерінен қол үзбей, өзі ұйымдастырған «Асыл әжелер» тобымен түрлі мәдени іс-шараларға белсене қатысып тұрады. Өмірлік серігі болған қаламын да тастамай, өлең-жырларын жергілікті басылымдарға жариялап, кейінгі ұрпаққа өсиеттеп отырудан жалыққан емес.
Жасы сексенге таяп қалса да бойындағы өнерін кейінгі ұрпаққа қалдыруға тырысып жүрген Рабиға апаға ризашылық сезімімізді жасыра алмадық. 
                                                                    
 Орынтай  КӨМЕКОВ,
журналист.
Түлкібас ауданы.
Пікір қалдырыңыз