NIS – өмірімді түбегейлі өзгерткен орын

Бірқатар NIS жүйесіндегі оқу ордалары өз түлектеріне бүгін есігін айқара ашты. «Зияткерлік мектептер түлектері қоғамдастығының» (бұдан әрі NIS Alumni) бастамасымен бірлесе Шымкенттегі физика-математика бағытындағы NIS-те 6 ай мен 6 жыл бұрын түлеп ұшқан білімгерлеріне Samgau форумын өткізді. 

 70-ке жуық түлектің басын қосқан, жылы естеліктерді еске түсірген кеш Шымкенттегі Зияткерлік мектептің 10 жылдық тарихын қайта қозғады. Тарыдай болып кіріп, таудай біліммен үлкен өмірге қанат қаққан білімгерлер бүгінде еліміздің даму саласына қосып жүрген үлестері  мен еңбек жолындағы тәжірибелерімен арнайы секцияларда бөлісті.

 Форумның 20-дан астам спикерлер қатарынан үздігі болған, мектеп қабырғасында астрофизикалық ғылыми жұмыстармен айналысып, болашағын қаржы саласына бағыттаған алғашқы түлектердің бірі Жандос Булегенов оқушыларға өз жетістігінің тарихын таныстырды. 

 – Алғаш оқуға түскенімді есіме алсам, оқушылар мен мұғалімдер арасындағы қарым-қатынастың өзгешелігіне таңқалғаным ойыма оралады. Еркін, шығармашыл ойлауды ұстаздарымнан үйрендім. Мен үшін бұл өте қымбат қасиеттер. «Өз қажетіңді өзің ізде» деген құндылығымыз талай жетістіктеріміздің кепілі болуда, – дейді Жандос Булегенов. 

 NIS Alumni  қоғамдастығының амбассадоры Даяна Садуова форумның ұйымдастырылу деңгейіне ризашлығын білдірді.

 – Бізде Samgau форумын өткізу тек идея болған. Қазіргі атмосфераны көріп,  Шымкенттегі мектепке алғысымды білдіремін, – деді Даяна Садуова

 Араға 5 жылдан соң алтын ұясына келген Назарбаев Университетінің медицина факультетінің студенті Нұрлыбек Тоқтаров: «Бүгінге дейін тұрақты түрде іздену жолында жүрсем, білім ордамнан үйренген қабілетім»дейді: 

 – «Lifelong learning» деген ұғымдағы өмір бойы іздену қасиеті бойыма мектебімнен дарыды. Әлемдік деңгейдегі білім сапасы мен сайыстарды осы зияткерлер ортасында жүріп білдім. Оған дейін ауылдың қарапайым баласы едім, NIS – өмірімді түбегейлі өзгерткен орын. 

 Форум соңында түлектер оқушылар дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалап, алғыс хаттарға ие болды. 

 

 

Пікір қалдырыңыз