Алыптардың ізбасары, жас буынның ақылшысы

Дилара БИМЕНОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде талантты сыншы, көрнекті ғалым Құлбек Ергөбектің 70 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Әдебиеттану ғылымының биігіндегі тұлға» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Расында да Құлбек Сәрсенұлы өзінің батасын беріп, тұсауын кескен ұлы ұстазы Бейсембай Кенжебаевтан бөлек, қазақ әдебиеттану ғылымында айтулы орны бар Рымғали Нұрғалиевтен, Тұрсынбек Кәкішевтен, Әбділда Тәжібаевтан өмірлік дәріс алып, бүгінде осынау марқасқалар салған жолды жалғастырып келе жатқан айтары бар тұлға.
Белгілі сыншы-ғалымға арналған іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев арнайы қатысып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. «Сіз публицист-жазушы ретінде отандық журналистиканың, сыншы-ғалым ретінде әдебиеттану ғылымының дамуына сүбелі үлес қосып, ұлттық әдебиет пен мәдениеттің өрісін кеңейтуге атсалыстыңыз. Зерттеу еңбектеріңіз қазақ әдебиеті мен ғылымының алтын қорына қосылған құнды қазына екені анық. Оның ішінде «Арыстар мен ағыстар» және «Түркістан жинағы» атты көптомдықтарыңыздың шоқтығы биік. Сіздің ғибратты ғұмырыңыз бен азаматтық ұстанымыңыз кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Өзіңізге мықты денсаулық, бақ-береке және толайым табыс тілеймін!» делінген құттықтау хатта.
Мұнан кейін Шымкент қаласы әкімінің аппарат басшысы Ғабит Мәуленқұлов, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов сөз сөйлеп, мерейтой иесінің иығына шапан жапты. Сонымен қатар, конференцияға Қырғызстан Республикасы вице-премьері, профессор Жылдыз Бакашова, Татарстан Республикасы Жазушылар одағының төрағасы, депутат, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ркаил Зайдулла, өзбекстандық жазушы, профессор Қозоқбай Юлдашев онлайн режимінде қатысып, видео байланыс арқылы өз құттықтауларын жеткізді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Журналистика» факультетінің деканы, профессор Нұржан Қуантайұлы «Қазақ әдебиетінің Арыс тұлғасы...» тақырыбында баяндама жасап, Құлбек Ергөбектің жетпіс жасқа қазыналы қаламгер ретінде келіп отырғанын тілге тиек етті.
Құлбек Ергөбекті 50 кітаптың авторы дей салу ғана жеткіліксіз. Ол қазақ әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиетінің құнарын қанып ішіп, илеуін қандырып талдап көрсете білген публицист. Қай шығарма жайлы қалам тербесе де оның жетістігі мен кемшілігін ғана атап қоймай, оқырманның байқай бермейтін қырларын айшықтап, даралап көрсетеді. Филология ғылымының алыптары бастаған осынау үлкен керуеннің қара нары ғылымға да ұшан-теңіз еңбек сіңіріп келеді. Профессор. ҚҰҒА құрметті мүшесі. Конференцияның модераторы аталмыш оқу орнының ректоры Гүлжан Сүгірбаева бұл жайлы кеңірек әңгімеледі.
Жалпы, Құлбек Сәрсенұлы әдебиетке журналистика арқылы келген. Оның қазақ баспасөзінде әдеби журналистиканы қалыптастыруда төккен терін айтпай кетуге болмас. Әдеби журналистика дегеніңіз ол – эссе жанры. Түсінікті етіп айтсақ, әдебиет пен журналистиканың ортасынан шыққан дүние. Соны баспасөзге әкелгендердің осы жанрды қаузағандардың ішінде өте өнімді еңбек еткендердің бірі – осы Құлбек Ергөбек. Конференцияда осындай түйінді ойды ҚР Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Мереке Құлкенов жеткізді.
– Құлбек Ергөбек біздің әдебиетімізде жаңсақ ұғымдарды қайтадан қалпына келтіруге көп еңбек сіңірді. Кейбір тұлғаларымыз туралы қате түсініктерді түзетті. Ол Сәбит Мұқановты қазаққа қайтып алып келді. Сәбит Мұқановты «қайтып алып келді» дегеннің арғы жағында үлкен мән бар. Өйткені, біз Сәбит Мұқановтың керемет жазушылығымен қоса, оның отызыншы жылдардағы қателіктерін айта беруші едік. Соны Құлбек Ергөбек үлкен эссе-роман қылып жазды. Ол дүниенің ішінде жазушы Сәбит Мұқановтың үлпілдеген жүрегі, қазаққа деген махаббаты, қазаққа деген сезімі тұр. Сондықтан Құлбекке рахметімізді айтамыз, – деді Мереке Әбдешұлы.
Конференция барысында мінбеде мерейтой иесіне ақжарма тілектерін арнағандар көп болды. Бұл заңды да. Өйткені, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің және мемлекеттік стипендияның иегері Құлбек Ергөбектің 70 жылдық мерейтойы осы конференциядан бастау алып отыр. Алдағы уақытта сыншының мерейтойына арналған жиындар елімізбен қатар бірқатар шетелдерде де жалғасын таппақ.
Жиын соңында оқу орнының ректоры Гүлжан Сүгірбаева Құлбек Ергөбекке «Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің құрметті профессоры» атағы берілгенін хабарлап, оған арнайы дипломды табыс етті.

Суретті түсірген Қайсар ШЕРІМ.
Пікір қалдырыңыз