Жаңа жоба қаншалықты жарылқайды?

Ұлас ҮСЕНБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

«Кезекке тұрсаң, түбі бір пәтер бұйырар». Осындай әңгіме ел арасында жиі айтылады. Тұрғын үй кезегі арқылы баспаналы болып жатқандар да жоқ емес шығар, дегенмен, «кезек жылжымайды», «әлі бір орында тұрмын» деп арыз-шағым айтып жататындар да аз болмай тұр. 

Рас, баспана елімізде ең өзекті мәселелердің бірі. Ұзақ жыл пәтерден пәтерге көшіп жүретіндердің арасында, әсіресе, жаңадан отау тіккен жас отбасылар көп. Өйткені, олардың үй сатып алуға жағдайлары бола бермейді. Жер телімін алып, үй салып алу да оңай емес. Сол себепті айлығы шайлығынан артылмайтын олар көбіне мемлекет тарапынан берілетін баспанадан үміт күтіп, кезекке тұрады. Ал, жаңа жылдан бастап бұл салада  біраз өзгерістер орын алмақ. 

Кезекте тұрғандар көп

Жалпы, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында бұған дейін де мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар қолға алынған. Бірақ, сонда да баспана кезегінде тұрғандардың саны азаяр емес. Қайта баспанаға мұқтаж адамдардың кезекке тұруы тұрақты түрде өсіп келеді. Бүгінгі таңда еліміз бойынша  623 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның 400 мыңнан астамы халықтың әлеуметтік тұрыдан осал тобына жатады. Бұл ретте, мемлекеттік қолдау шаралары аясында бір жылда небәрі 20 мың (3,21%) адам ғана тұрғын үймен қамтылады екен. Ал, кезекке тұрушылар саны орта есеппен 50 мың (8%) адамға көбейіп жатыр. 
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаевтың айтуынша, баспана кезегінің өсуі бюджетке айтарлықтай ауыртпалық түсіреді. Оның үстіне әлеуметтік тұрғын үй құрылысы мен жеңілдетілген кредит беру үшін қомақты инвестиция қажет. Сондай-ақ, коммуналдық тұрғын үй қорын күтіп-ұстау керек.
Биыл министрлік алдында барлық қаржыландыру көздері есебінен 15,1 млн. шаршы метр, яғни 137,7 мың тұрғын үй салу міндеті тұр. «Жүргізіліп жатқан тұрғын үй саясаты аясында 7 мыңнан астам азамат сатып алу мүмкіндігінсіз жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, өңірлерде кезекте тұрғандар үшін «Отбасы банк» арқылы сатылатын 9,8 мың кредиттік тұрғын үй салынып жатыр» деді вице-министр.
Бұдан бөлек, кезекте тұрған 6,1 мың азаматты 2 пайыздық, 7,8 мың адамды 5 пайыздық тұрғын үй төлемдерімен мемлекеттік қолдау шаралары негізінде қамту жоспарланған.

Әкімдіктер арқылы кезекке тұру тоқтатылады

Ипотеканың қолжетімділігі жөніндегі жаһандық рейтингте Қазақстан 111 елдің ішінде 71-орында тұр. «Тұрғын үй саясатын реформалау туралы» жаңа заң жобасы әзірленді. Жоба бойынша жергілікті атқарушы органдардың базасында кезекте тұрған 623 мың адам «Отбасы банк» АҚ-ға беріледі және әкімдіктер арқылы кезекке қою тоқтатылады. Мұның басты себебі, әкімдіктегілер кезекті өз қалауынша жылжытып отырған деген фактілер анықталған. 
Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығының базасында соңғы 10 жыл ішінде баспанасы жоқ барлық азаматтардың кезектілігі жүргізіледі. Әрбір өтінімге отбасының табысын, мүлкі мен активтерін ашатын цифрлық портрет қалыптастырылатын болады. Бұл заң қабылданса тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығын құру есепке қою және қарыз алу үшін, «тұрғын үйге мұқтаж» мәртебесін растау үшін «бір терезе» қағидатын қолдануға мүмкіндік беріледі. Яғни бірнеше инстанцияға жүгіну қажеттілігі болмайды. 

 «7-20-25» бағдарламасы жалғасады

Сондай-ақ, елімізде арзан ипотекамен үй алуға мүмкіндік беретін «7-20-25» бағдарламасы жалғасады. Мемлекет басшысы мұның жалғасатынын өзінің сайлауалды бағдарламасында да айтқан болатын. Бірақ, бағдарламаға қосымша қаржы бөліне ме, жоқ па – әлі белгісіз. Бұған дейін аталған бағдарламаға бөлінген 1 трлн. теңге мөлшеріндегі ақшалай лимит толығымен игерілгеннен кейін жабылатыны хабарланған еді.  
Елімізде жылына 10-15 мың пәтер беріледі екен. Енді, олар кімге беріледі? Талап қандай? Әуелгі шарт – кезекке тұру үшін азаматтың өз атында және отбасы мүшелерінің атында соңғы 
5 жылда баспана болмауы керек. Мұның өзі бұрынғыдай ондап, жүздеп пәтерлерді алып, жалға беріп қоятындардың жолын кеседі деген үміт бар. Себебі, баспана бағасы күннен-күнге қымбаттап бара жатқан соң жүз мың теңге айлықпен күнелтіп отырған отбасылар мұндай табысымен он жылда да үй сатып алуға шамасы келмейді. Егер жаңадан салынып жатқан үйлер жалға беріп, пайда табатындарға емес, шын мәнінде де баспанаға мұқтаж отбасыларға ғана берілсе, онда бұл жоба өз жемісін бере бастады деген сөз. Жаңа жоба баспанаға мұқтаждарды қаншалықты жарылқай алады? Бұл сауалдың жауабын көп ұзамай білетін боламыз. 
Пікір қалдырыңыз