Ол Қонаевтың сенімін ақтады

Пернебай САПАР, «Ońtústik Qazaqstan».


Оңтүстік өңірінің тізгінін 1978-1985 жылдары Асанбай Асқаров ұстағанын ел біледі. Оған дейін Жамбыл облысы, Меркі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Жамбыл облыстық партия комитетінің бюро мүшесі, КОКП жоғары партия мектебінде тыңдаушы, Жамбыл облысындағы Красногорск және Меркі аудандары партия комитеттерінің бірінші хатшысы, Жамбыл облыстық кеңесі атқару комитетінің төрағасы, Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы секілді лауазым баспалдақтарынан өткен Асекеңе сол кездегі ел басшысы Дінмұхамед Қонаев үлкен сенім артқан екен.

Қазақстан Республикасы Президентінің архивінде Д.Қонаевтың 1978 жылдың 25 сәуірінде Шымкент обкомының Х пленумында сөйлеген сөзі сақталған. Сол бір құнды құжатқа көз жүгіртсек Қонаев ақсақалдың Оңтүстік өңірін жетік білетіні және осынау кең өлкені басқаруда Асанбай Асқаровтың тәжірибесі мен біліміне сенімді болғанын аңғарамыз. 

«...Жолдастар! 

Өздеріңізге белгілі болғандай, Шымкент облыстық  партия комитетінің бірінші хатшысы Рамазанов жолдас Семей облысының бірінші хатшысы болып тағайындалып, басқа өңірге аттанғалы отыр. Партия бюросы атынан осы орынға мықты кандидатты ұсына отырып, мен ең алдымен облысымызда алдағы қолға алынуы тиіс меже-міндеттерге аз-кем тоқтала кетсем деймін. 

Өздеріңіз де бір кісідей білесіздер, Шымкент облысы – еліміздегі өндірісі өркендеген, ауыл шаруашылығы ақсамаған бірден-бір өңір. Бұдан бөлек, мәдениет, ғылым, өнер салаларында да өсу бар. Басқасын айтпағанда, қаладағы қорғасын, фосфор зауыттары еліміздегі ғана емес, бүкіл одақ көлеміндегі ең ірі кәсіпорындар. Химфармзауыты, Састөбедегі түсті цемент өндірісі, Ащысай полиметалл комбинаты, Кентау экскаватор, трансформатор зауыттары, т.б. көптеген өндірісі бар бай өлкенің болашағы да зор деп білемін» дейді Д.Қонаев сол пленумда  жасаған баяндамасында. 

Расында, Оңтүстік өңірінің ауыл шаруашылығы Асанбай Асқаров басқарған жылдары дамудың жоғары сатысынан көрінді деуге болады. Асекеңнің көмекшісі болған әділет  генерал-майоры, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Әбдіқадыр Кәрім сол жылдары ауыл шаруашылығында суармалы жерлер 450 мың гектарға дейін артып, үлкен Келес каналы іске қосылғанын айтады. «Барлығы 14 түрлі өнімнің жоспары асыра орындалып, мемлекет  қамбасына 40 млн. пұтқа жуық астық құйылып, жоспар екі есе артық орындалды. Қой саны 4 млн.-ға дейін жетіп, республикада бірінші, Одақ  бойынша 4-орынға ие болдық» дейді Әбдіқадыр Кәрім өз естелігінде.

Осынау құнды құжатта Дінмұхамед Қонаев Оңтүстік өңіріндегі кәсіпорындардың да даму мүмкіндігіне баса назар аударған. 

«Бұл жерде бәріне тоқталмай, осынау кәсіпорындардың ел экономикасының 9 пайызын көтеріп отырғанын айтсақ та жеткілікті болар. Біздің есебіміз бойынша бір ғана шина зауытын толық қуатында жұмыс істету арқылы облыс қорына түсетін қаражатты 1 млрд. сомға дейін жеткізуге болады екен. Және де бұл зауытты тек бір өніммен шектеп қоя алмаймыз. Онда балалар велосипедінен бастап «К-700» тракторына дейін құрастыруға қауқарымыз жетеді. Қолымызда кадр да, құрал-жабдық та бар. Демек, Шымкент мұнай өңдеу зауытын да жаңа белеске шығарып, өңделген өнімнен жүз миллиондаған сом алуға әбден-ақ болады. Бұл бағытта бөлініп жатқан қаржы да қомақты. Сондықтан өткен жылғы (1977 жыл) пленумда айтылған Леонид Ильич Брежневтің базынасын қатаң тапсырма деп ұғып, қала аумағында өндірісі кенжелеген кәсіпорынның болмауын басты назарда ұстауымыз керек-ақ» дейді Д.Қонаев.

Асекең Қонаевтың бұл тапсырмасын да тыңғылықты жүзеге асыра білген. ОҚО құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері  Досыбай Шерімқұлов өз естелігінде: «Асқаров басқарған жылдары «Шымкентшина» бірлестігі, «Мұнай өнімдерін өңдеу зауыты», «Станок жасайтын пресс-автомат зауыты» бірлестігінің қосымша қуаттары іске қосылды. Қорғасын зауыты толықтай жарақтандырылды. Нәтижесінде Шымкент (қазіргі Түркістан) облысының Қазақстанда алатын орны ерекше болды. Қуатты трансформаторлар мен пресс машиналары 100 пайыз дерлік, фосфордың 50 пайызы, асбест құбырлардың – 62, цементтің – 50, өсімдік майының – 56, шинаның 100 пайызы біздің облысымызда шығарылды» дейді.

Қонаев сол баяндамасында Оңтүстік өңірі республика бойынша мақта өндіретін жалғыз аймақ екеніне тоқталыпты. Сондай-ақ, астық өндіру ісіне бей-жай қарауға болмайтынын айтады. 

«Жалпы біздің Оңтүстік – республикадағы мақта өндіретін жалғыз аймақ. Демек, «ақ алтынды» егуде де ерекше еңбекқорлық қажет. Біз алдағы жылдарда бидай өнімін 31 млн. пұтқа жеткізуді жоспарлап отырмыз. Жер жағдайын жете білмейтін әлдекімдер: «Сол да сөз болып па? «Шымкент 31 млн. пұт нан бермекші» деп кеуделеріне нан піскені несі? Қостанай 300 млн. пұт нан беріп қопаңдамай-ақ отыр ғой» деп әлі келмейтін сөзді айтып, бізді орынсыз жазғыруы да мүмкін. Мұндай керітартпа ойға жол бергендер, келешегімізге кекесінмен қарағандар оңбай қателеседі. Байтақ Отанымыз үшін әр миллион пұт астық өте қымбат. Маңызы бөлек мал шаруашылығын да қаперде ұстайық» дейді Қонаев баяндамасында.

Ел басшысының бұл міндеттемесін Асекеңнің артығымен орындап, мемлекет  қамбасына 40 млн. пұтқа жуық астық құйылғанын жоғарыда айтып өттік.  Сонымен қатар, мақта мәселесі де халықты жұмылдыра білген А.Асқаровтың еңбегінің нәтижесінде өнімді болғаны анық. Сол кездегі «Мақтаарал» совхозының директоры қызметін атқарған Әбдіжапар Оңалбайұлы: «Сол жылдары өнімді жұмыс істедік. Біздің бір ғана совхоз 28 мың тонна мақта беретін және совхоздың мақтадан табатын таза табысы 21-22 миллион долларды құрайтын» дейді өткен күндерді еске алып.

Қонаев баяндамасында облыстың барлық саласын егжей-тегжейлі талдап келіп, соңында осы өлкені басқаруға бірден-бір лайықты адам Асанбай Асқаров екеніне басымдық береді.

«Ендеше, Шымкент облысының өзіндік ерекшелігін ескере отырып, біз бұл аймақ басшылығына партия басқару жұмыстарында әбден ысылған таптырмас кадр Асанбай Асқаровты ұсынып отырмыз. «Асанбай Асқаров деген кім?» деп дүдәмал ойға берілгендер болса, бұлтармай жауап қатайын. Ол – Қазақстан Орталық Комитеті компартиясының белді де беделді қызметкері. Алматы облысын көтеруде, Алматы қаласын өркендетуде өз соқпағын қалдырған сара саясаткер. Дарынды ұйымдастырушы. Алматы облысын 13 жыл басқарғанда көптеген жетістіктерге жетіп, сан түрлі қызметтің бишігін байыппен ұстаған қарапайым да еңбекқор, елшіл азамат. Ары да, қолы да таза. Сондықтан да біз қызмет мектебінен сүрінбей өткен Асқаровқа зор сенім артып отырмыз. Олай болса, осынау басшының кандидатурасын пленум толық қолдап, Шымкент облысының бірінші хатшысын бірауыздан бекітеді деп сенемін» деп Асқаровтың бар қырын атап көрсетіп, ресми түрде тағайындайды. 

Дінмұхамед Қонаевтың сенімін Асекең артығымен ақтады десек қате айтқандық емес. Оңтүстіктегі жемісті еңбегінің нәтижесінде 1982 жылы Социалистік Еңбек Ері атанып, бес рет Ленин орденімен, бірнеше мәрте медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталды. 

2 пікір

  • Мұрат ФарһулФуат
    Мұрат ФарһулФуат

    Әлемге әйгілі найман елінің атақты биі найман Серікбай қажы Садырбай ұлы ұлының тікелей ұрпағы боламын. Текті атаның ұрпағымын аңызға толы Қозы Көрпеш Баян сұлу ауылының тумасы 1984 жылғы жігіт Ақтоғай ауылында тұрады.мекен жайы Ж.Жамбыл.5.

  • Мұрат ФарһулФуат
    Мұрат ФарһулФуат

    Найман тайпасының атақты биі найман Серікбай қажы Садырбай ұлы ұлының кіші қызы Көки Серікбай қызы Апамыздың жары Әзімбай Әзімбай Тілеуберді ұлы. Әзімбай 1862 1882 Көки Апамызды құда түсіп Құнанбай. Әулеттіне келін болып. 2.қыз 7.ұл құрсақ көтерген. Алғашқы құрсағы Басари Әзімбай.ұлы Басари Берлеш Қағым Мәжит. Зұлпатан. Зұлғарыш. Мәнекеш. Әлила. Ибадат... Берлешов. Құсман Ғимран.ұлы. Шқо. Абай облысы Абай ауданы Қарауыл ауылының тумасы 1954 жылы туылған. Мен Мұрат Дүйсен ұлы ФарһулФуат немересі Наймән елінің атақты биі найман Серікбай қажы қажының шөпшегі 1984 жылы. Шқо. Абай облысы Аягөз ауданы таңсық кентінде тарлаулы ауылының тумасы Камал Кәдыржанов атындағы Қызыл қия орта мектебінің 2000.2001 жылы түлегі. 77750684303. Актив. +77052735276. Билайн.

Пікір қалдырыңыз