Сырдария губерниясында ірі және жартылай ауқатты байларды тәркілеу ҚАЛАЙ ӨТТІ?

Қазақстан Республикасы Президентінің 24 қараша 2020 жылғы №456 Жарлығына сәйкес «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау» жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылғаны белгілі. Соған сәйкес облыс, қала көлемінде комиссия құрылып, архивтік зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төмендегі мақалада саяси қуғын-сүргінге ұшыраған бай-кулактар тізімін архивтік деректерге негіздеп баян етейік.

Жиырмасыншы жылдардың соңындағы қазақ қоғамындағы байлардың тағдыры бүгінгі күні жаңаша көзқарасқа мұқтаж болып тұрған тарихи кезең болып отыр. 
Иә, бұл қазақ нендей күндерді бастан өткермеді десеңші?! Соның ішінде ең өзектісі Қазақ-
станда ауыл шаруашылығын күштеп ұйымдастыру кезеңі болса керек. Ежелден мал шаруашылығымен шұғылданған қазақ халқы үшін бұл тосыннан келген нәубет болды. Ең алдымен «Ұжым құру үшін мал-мүлік болды ма? Ол малды қайдан алмақ?» деген сауалға жауап іздеуіміз керек сияқты.
 Бұл саяси науқан 1928 жылдың 27 тамызында Орталық атқару комитеті мен Қазақстан халық комиссарлар кеңесі бірігіп шығарған «Байлар мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару» туралы қаулысынан басталды. Қаулы сол күннен бастап күшіне енді. Қаулы бойынша Қазақстандағы көшпелі аудандарда – 400, жартылай көшпелі аудандарда – 300, отырықшы аудандарда 150 ірі қара малдан артық малы барлар тәркіленуі тиіс болды. Сонымен қатар бұл қаулы бойынша тәркіге түсіп жер аударылуы тиіс тұлғалар дауыс беру құқығынан да айырылды.
Бұл қаулы шығысымен үш күн өте, 30 тамыз күні, бірден екі қаулы қабылданды. Оның алғашқысы «Қазақстанның көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы аудандарын белгілеу» туралы болды. 
Қаулыға сәйкес Сырдария губерниясында көшпелі аудандарға: Қызылқұм, Созақ, Сарысу, Шу кірсе; жартылай көшпелі аудандарға: Талас, Әулие-ата, Меркі, Қарааспан, Жаңақорған, Арыс, Түлкібас, Шаян аудандары кірді. Ал, отырықшы аудандарға: Түркістан, Келес, Бадам, Қаратас, Иіржар, Жуалы аудандары енді.
Түркістан облысының мемлекеттік архивіндегі дереккөздеріне сәйкес: Түркістан ауданы – 32 адам, Жаңақорған ауданы – 6, Меркі ауданы – 22, Қарааспан ауданы – 5, Талас – 1, Шаян ауданы – 9, Бадам ауданы – 9, Қызылқұм ауданы – 21, Келес ауданы – 2, Қаратас ауданы – 2, Іріжар ауданы – 1, Түлкібас ауданы – 1, Әулие-ата ауданы 5 адам кәмпеске тізіміне ілінді.
Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архивінің деректеріне сәйкес, Сырдария округі, Шымкент уезі, Украин волостында (қазіргі Төлеби ауданы) кәмпескіге ұшыраған кулактар анықталып, тәркіленуге ұшырады: 
– Георгиевка селосы бойынша отбасымен қосқанда 354 адам; 
– Блинков селосы отбасымен қосқанда 106 адам; 
– Қасқасу селосы отбасымен қосқанда 18 адам;
– Советское селосы отбасымен қосқанда 45 адам;
– К.Маркс селосы отбасымен қосқанда 8 адам;
– Манжурия селосы отбасымен қосқанда 22 адам;
– Первомайск селосы отбасымен қосқанда 15 адам;
Ал, екінші қаулы «27 тамыздағы қаулыға сәйкес жер аударылуы тиіс тұлғалардың аудандарын белгілеу» болып отыр. 
Қаулыда Сырдария мен Жетісу аймақтарынан  Орал аймағына ірі байлар жер аударылуы тиіс болды. Сырдария аймағына  Семей аймағынан ірі байлар жер аударылуы керек болды. Сарысу ауданы бойынша Сырдария округінен Орал округіне бір ғана Әлиевтер отбасынан 32 адам жер аударылды.
Қаулы қабылданысымен күшіне ене бастады. Қазақстанның барлық аймақтарында «Байлардың  мүлкін тәркілеу»  комиссиялары құрылды. Сонымен қатар, әрбір аудандар мен ауылдарда комиссиялар жедел түрде құрылып, жұмысқа кірісіп кетті. 
Қазақстандағы сол саяси науқанды сұрыптай келе, тарих ғылымының докторы, профессор 
Т.Омарбеков тәркіленген байлардың әлеуметтік шығу жағын былайша жіктеді: а) болыс басқарушылары, хандар, датқалар және т.б. ұрпақтары; ә) атқа мінерлер, ақсақалдар, билер (бұрынғы соттар); б) молдалар, ишандар және т.б. ұрпақтары; в) бұрынғы алашордашылар және шенеуніктер. 
Негізінен тәркіге түскендер 1928 жылғы 27 тамыз қаулысына сәйкес келмесе де олар қазақ хандарының, билерінің, болыстарының, датқаларының ұрпақтары болғандығы үшін тағдыр тауқыметін тартуға мәжбүр болды.
Сол кездегі өлкелік комитеттің хатшысы  Голощокиннің  барлық аймақтарға жіберген жедел хатында «Список замены другими более крупными, вредными, ни в коем случае не выходя за пределы установленных норм» дейді.
Бұл дегеніміз қалайда болмасын тәркіге алынатын байлар саны азаймауын, керісінше көбейтуді көздеп отыр. 
Жоғарыдан келген әрбір жеделхаттар аймақтарға, аймақтардан аудандарға қосымша бұйрықтармен қоса жеткізіліп отырды. 
Сырдария аймағы бойынша тәркілеу барысы төмендегіше көрсеткіш береді. Барлық аймақ бойынша 107 шаруашылық тәркіге ұшырады. Оны аймақ аумағындағы аудандарға бөлер болсақ, отырықшы аудандардан – 21 шаруашылық, 3925 ірі қара тәркіленіп, әр шаруашылыққа орта есеппен 186 ірі қарадан тиді. Жартылай көшпелі аудандарда 50 шаруашылық – 13 725 ірі қара мал тәркіленіп, әр шаруашылыққа бөлгенде орта есеппен – 274 ірі қарадан  дөп келді; ал, көшпелі аудандарда 36 шаруашылық – 12 486 ірі қара мал тәркіленіп, әр шаруашылыққа орта есеппен 346 ірі қарадан тура келді. 
Тәркіленген малдардың бір түрінен екінші түріне аудару коэффициентіне назар аударалық. 1928 жылы 30 тамызда Қазақстан халық комиссарлар кеңесі «Малдың бір түрінен екінші түріне аудару коэффициенті туралы» қаулы қабылдады. Онда: а) бір ірі қараға – жылқы, сиыр, өгіз және екі жасар түйе тең; ә) бір ірі қараға – бес қой, сондай-ақ  алты ешкіні тең деп көрсетеді. 
Сырдария округі бойынша тәркіленген малдардың таратылуына назар аударалық. Округ бойынша 4329 батыраққа – 29 060, ал, кедейлерге 28 984 мал бөлініп берілді. 2577 мал батырақ-кедейлерің ұжымдық шаруашылықтарына берілсе, 253 мал совхоздарға, ал, 853 мал байлардың күнделікті күнкөрісіне қалдырылды. 
Мұнда барлығы дерлік белгілі көлемде таратылды. Тәркіге түскен байлардың ішінде өз адал еңбегімен мал жинағандар да болды. Мысал келтіре кетсек, Қаратас ауданы, Қақпақ ауылының азаматы Ахмет Наушабаев арызында: «Мен 1872 жылы туғанмын. Әкем кедей шаруа болған. Екі жасымда әкемнен жетім қалдым. Отыз жасқа дейін жалдамалы жұмысшы болдым. Жұт жылына дейін 250 қойым бар еді. 170 қойым жұтқа ұшырап, бар болғаны 80 қоймен қалдым. 150 қойды өз адал еңбегіме қайта сатып алдым. 1927 жылы 700 қой, 10 жылқы, 8 сиырым тәркіге алынды. Ал, менің бар малым ірі қараға шаққанда 150 ірі қараға тең болса да, тәркіге алынып отырмын» дейді.
Бұл шын мәнінде А.Наушабаевтың өз адал еңбегінің жемісі болып тұрған жоқ па? Қазақтың сөзімен айтқанда, мұндай мал «бір жұттық» емес пе? Бұл азамат тағдыр тауқыметін тартқандардың бірі ғана.
Архив деректеріне сүйенсек, тәркілеу кезінде көптеген олқылықтар анық байқалады. Мәселе 1500 қойы бар Шонғай Байтереков, 3000 қойы бар Бұрта Мұшқалов сынды байлардың кезінде тәркілеу тізіміне түспеуінде болып отыр. Ал, керісінше, мал мүлкі аз болса да тәркіге түскендер өте көптеп кездеседі. Жартылай көшпелі аудандарда малдары 300 бас ірі қарадан асса ғана тәркіге түсуі керек болса, Меркі ауданында керісінше көрініс тауып отыр. Мәселен, Ш.Сәрсенбаевтың 111 ірі қарасы, 
М.Сұлтанқұловтың 181 ірі қарасы болды. Шын мәнінде бұл азаматтардың орта шаруа екендігі айдан анық болып тұр емес пе? Мұндай орта шаруалардың барлығы да тәркілеу  тізіміне ілініп, отбасымен қоса Орал округіне жер аударылып кете барды. Бұл тәркілеу саяси науқанның бастамасы болса керек. 1930 жылдан бастап «Бай-кулакты тап ретінде жою» науқаны басталып кетті. Мұнда «бүгінгі орта шаруа – ертеңгі бай» деген айдармен тегіс тәркіленіп, аймақ ішінде бір ауданнан екінші ауданға жер аударылды. Осылайша Қазақ  даласын күңіренткен солақай саяси науқан іске асып, соңы қазақ ұлтын ашаршылыққа әкеп тіреді. 
1920 жылдардың соңында жасанды солақай саясаттың құрбаны болған тұлғалардың тарихы бүгінгі ұрпақтан өз бағасын алады деген сенімдеміз. 

Г.ШАРДАРБЕКОВА,
«Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік  мекемесінің басшысы, 
Түркістан облысының саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша жұмыс тобының жетекшісі. 

Ғ.СҮЛЕЙМЕН,
Ж.Тәшенев атындағы университетінің «тарих және география» кафедрасының оқытушысы.
Пікір қалдырыңыз