Әжібай батырды білеміз бе?

Ел басына күн туып, жан-жақтан жау анталағанда қолдарына қару алып, ел қорғаған батырлардың көпшілігі Ясауи кесенесіне жерленді. Солардың бірі – Әжібай батыр. Әжібай батыр Найманбайұлы ұлы жүз құрамындағы Албан тайпасының қызылбөрік руынан шыққан. 1699-1778 жылдары өмір сүрген.

Әжібай Өтеген, Хангелді, Райымбек, Тауасар, Есбол батырлармен тізе қосып, Жетісуды жаудан азат ету жолындағы шайқастарда ерлік көрсеткен. Әжібай батыр қалмақтар шабуылға шыққан кезде Сарыарқаға, Қаратауға, Түлкібас пен Қазығұртқа бытырай ауып кеткен қазақтарды атамекені Алатауға қайта жинап, мал шаруашылығымен, егіншілікпен, бау-бақша егумен айналысуға жөн сілтеп, жол көрсетті. Түрген өзенінен тоған салдырып, ұзындығы 15 шақырымдай арық қаздырды. «Әжібай тоғаны» аталып кеткен сол арна бүгінге дейін ел кәдесіне жарап келеді. Шоқан Уәлиханов Ұлы жүз туралы мақаласында Әжібай батырдың баласы Бердіқожаның, немересі Қожамқұлдың, шөбересі Атамқұлдың би болғанын жазады. Батыр өмірі Әжібай Мәліке­ұлы­ның «Ер Әжібай» деректі дастанына арқау болған.  

Бір ата Ұлы жүзден Албан елі,

Шығыпты бұл Албаннан талай сері,

Қалмақтың жау кезінде көп алысқан,

Өтіпті Әжібай деген ердің бірі.

Албаннан бұл Әжібай батыр шыққан,

Өзімен алысқанның бәрін жыққан.

Шабысып қалмақпенен өмір бойы,

Ақыры Алатаудан айдап шыққан.

Әжібай Найманбайдың баласы екен,

Көзінің ағы менен қарасы екен.

Ішінде төрт баланың түрі бөлек, - деп жырланады. 

Әжібай батыр шежіресіне тоқталсақ, Найманбайдан Қожамжар, Байназар, Сүгір, Алтай, Әжібай тараған. Ал, Әжібайдан - (бәйбішесі Тұмаршадан) Жайнақ, Құдагелді, Байыс, Мәуке, Жалбы, Қыдырәлі, Бердіқожа (тоқшы Дәне немесе Динадан) Қонақ (Кунақ); (үшінші әйелінен) Таутеке тараған. 

Елі үшін жан аямай шайқасқан Әжібай батыр қайтыс болғаннан кейін Қожа Ахмет Ясауи қорымына жерленген. Жалпы батырлардың Ясауи бабамыздың киелі кесенесіне жерленуінің бірнеше себебі болуы мүмкін. Біріншіден, дана бабаларымыз мұны кейінгі ұрпаққа Ясауи бабамыздың қазақ үшін қандай құрметті орынға ие екендігін түсіндіру үшін жасаған. Қазыбек бидің, Шоң билердің сонау Арқадан осында әкелініп жерленуі бұл сөзімізге дәлел бола алады. Екіншіден, әулиеден медет, шарапат тілеу Ислам дінінің айнымас қағидаларының бірі. Ясауи салған сара жол қазақтың ұстанған жолы екендігін көрсетеді. 


Динара АРЫНОВА,

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының магистрі.

Түркістан қаласы.

1 пікір

  • Кекілов Ришат Тұңғатарұлы
    Кекілов Ришат Тұңғатарұлы

    Сәлеметсіз бе Әжібай батырмен бірге туған Алтай туралы деректер бармекен білесізбе?

Пікір қалдырыңыз