Қабанбайдың қанжары

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығындағы құнды жәдігерлерінің бірі – Қаракерей Қабанбай батырдың қанжары. Оны музейге 1978 жылы батырдың ұрпағы, Қазақ КСР халық суретшісі Сахи Романов өткізген болатын.

Жәдігер негізгі екі бөліктен тұрады: сабы және қыны. Алдымен сабы жайлы айталық. Оның ұзындығы 34 сантиметрді құрайды. Жүзі болаттан соғылған. Ұзындығы – 21,4 сантиметр. Сабы таза күміспен көмкеріліп, гүлді оюмен бедерленген. Түсі – сарғыш. Ұзындығы – 11 сантиметр. Батыр ұрпақтарының айтуынша, ол пілдің тісінен жасалған.  

Ал, жете бөлігінің ұзындығы 2 сантиметр болады. Ол қорғасынмен қапталып, көк және жасыл түсті асыл тастармен әшекейленген. 

Мұрағаттың екінші бөлігі – былғарыдан жасалған қыны. Қынның ұзындығы – 52 сантиметр. Оның өзі «алақан», «қын» және «белдемеден» тұрады. Бесбұрышты алақаны, төртбұрышты белдемесі қынға сән беріп қана қоймай, арнайы қызметтер атқарған. Қынның өне бойы өсімдік тектес қазақы оюмен өрнектелген. Сапының жүзін кесіп кетпес үшін оған ағаштан жонылған «кіші қын» кигізілген.  


Н.ӘШІРБЕКОВА,

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының бас қор сақтаушысы.

Пікір қалдырыңыз