Оны жастардың ата кәсіпке құлықсыздығы қынжылтады

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Төлеби ауданы, Қаратөбе ауылдық округіне қарасты Төңкеріс елді мекенінің тұрғыны Өмірбай Сақов бұрынғы «Совет» ұжымшарында ұзақ жылдар бойы тауарлы-сүт фермасын басқарды. Әсіресе, ол меңгерушілік еткен Балдыберектегі №1 ферма шаруашылық бойынша мемлекетке сүт өткізуден жылдық жоспарды мерзімінен бұрын орындайтын. Тіпті, көтеріңкі міндеттеме үдесінен шығып, үнемі абырой биігінен көрінуші еді. Төл алудан да озат атанып, жалпы мал басының шығынына жол бермей, табынды толық аман сақтайтын. «Жеңіс солдаты жетекшілік ететін ферманың басқалардан қалып қойғаны ұят!» деп өзін-өзі қамшылайтын, намысты қолдан бермеуге тырысатын. 


Қос майдан ардагері өз перзенттерін де еңбекке ерте баулыды.  Әке жолын қуған Сайлыбай бастаған ұлдары бұдан 6 жыл бұрын Төңкеріс ауылында «Өмірбай ата» атындағы шаруа қожалығын құрып, ұзындығы 80 метр, ені 17 метр қоражай салып, 300-ден астам қара мал бағуды қолға алған еді. Оның 100 шақтысы сауын сиыр.  Мұнда 10 сауыншы, 10 малшы еңбек етті. Аталмыш ферманың ашылуына аудан басшылары  да қатысқан еді. Көксәйек елді мекеніндегі «ФудМастер» компаниясымен келісімшартқа отырып, тәулігіне 1,5 тоннаға дейін сүт жөнелткен күндері де болды. Таяуда «Өмірбай ата» шаруа қожалығының төрағасы Сайлыбай Сақовқа жолығып, әңгімелесудің сәті түсті.  
– 2020 жылға дейін қара мал бағып, сүт өндірумен айналыстық. Алайда, сауын сиыр ұстау біз үшін тиімсіз болып шықты. Жұмсалған шығын өзін-өзі ақтамады. Сүт сатып, пайда табу мүмкін емес, – деді Сайлыбай аға. – Сүт өндірісіне мемлекет тарапынан ешқандай қолдау болмады. Субсидия, басқа да жеңілдіктерді ала алмадық. Сиыр «комбайн» сияқты. Әсіресе, соңғы кезде жем-шөбін тауып беру қиынға соқты. Жем-шөпті жыл сайын сатып алатын едік. Иелігіміздегі 12 гектар тәлімі жерден басқа жайылымымыз жоқ. Әлгі танаптың жартысына жоңышқа, қалған бөлігіне бидай егеміз. Бұдан алынған өнім жетпегендіктен, қосымша жоңышқа мен сабан престерін сатып алуға тура келетін. 
Осы бағытпен кете берсек, шаруа қожалығының шығын шырмауында қалатын түрі бар. Осы аңдаған төраға жылқы өсіріп көруге бел байлады.  Қамбар ата түлігі өз аяғымен жайылатын мал. Қар тепкенге қажымас қайран жылқы қыс айында ғана қолға қарайды. Қалған 8-9 ай бойы азығын даладан тауып жейді ғой. Содан Сайлыбай аға сиырлардың барлығын сатып, түскен ақшаға жылқы сатып алды. Қара малдан шамалысы ғана қорада. Оларды бала-шағаның ағарғаны үшін алып қалды. Осылайша үш жылдан бері Қамбар ата түлігіне күтім жасап жүр. Шүкір, қазір бес үйір жылқысы бар. Төрағаның айтуынша, егер құлындарын желіге байласа, 50 бие сауып, қымыз ашытуды жолға қоюға болады екен. Өкінішке қарай, саумал сауып, оны саба мен күбіде шайқап, ұлттық сусынды баптайтын әйелдер аз. Қымызға сұраныс күшті болғанымен, оны ашытып дайындайтын жандар кемде-кем. Оның үстіне мехнаты мол кәсіптен нәсібе айыратындардың табысқа кенеліп отырғандары кемде-кем. Ауыр еңбектің өтеуіне де арзымайды.
– Біз үшін ең дұрысы – мал бордақылау, – дейді фермер Сайлыбай Сақов. – Семірген жас тай мен байтал етіне сұраныс бар. Сондықтан  1,5 жасар жабағы мен тайдың қоңдылығына қарап, бір-екі ай бордақылап семіртеміз. Базардағылар оларды «полтарашка» дейді.  Соғым үшін жас тайларды сатып алатын алыпсатарлар жеткілікті. Содан біраз табыс түседі. Бұл кәсіппен қара күзден келесі жылдың наурыз айының соңына дейін айналысамыз. 
«Өмірбай ата» шаруа қожалығының мүшелері қысқа қазірден қам жасап отыр. Эспарценттің әрбір пресін  орта есеппен 400 теңгеден, жоңышқаны 500 теңгеден сатып алып,  10 мыңнан астам прес дайындап алды. Енді оған қосымша 7-8 мың прес сабан және мақсары әзірлеп алуды жоспарлап отыр. Ағайындылардың ортасындағы 1 «Беларусь» тракторы, 2 «Газ-53» жүк  көлігі және малдың азығы мен қиын тасымалдайтын шағын трактор тіркемесі әзірге әжетке жарап тұр. Бауырлары Мырзабай, Арман екеуі төрағаға қолғанат.
Бір өкінерлігі, ауыл жастарының ата-баба кәсібіне деген құлықсыздығы  дер едік. Сайлыбай аға жылқыға қарайтын адам таба алмай жүр. «Әрбір малшыға 150 мың теңге айлық берер едім» дейді төраға. Бұл аз ақша емес. Ауылдан ешкім табылмаған соң аудандағы жұмыспен  қамту орталығынан қос жұмысшы алдыруға мәжбүр болыпты.
Аталмыш шаруа қожалығы несие сұрап, қаржы институттарының есіктерін тоздырғысы келмейді. Тек жергілікті биліктен жылқы жайылатын жер сұрайды. Бұл аймақта ауданның арнайы жер қорынан әлдекімдерге беріліп кеткен жерлердің біразының бос жатқанына қынжылады. Соны жер қадірін түсінетін Сайлыбай сияқты шаруалардың пайдалануына берсе, нұр үстіне нұр болар еді?
«Үмітсіз шайтан» деген. Қожалық төрағасы алдағы уақытта осындай әділдік орнайтынына сенгісі-ақ келеді.
Пікір қалдырыңыз