Пандемиядан кейін әлем экономикасының ахуалы қандай?

Аман Жайымбетов, «Ońtústik Qazaqstan».

Екі жылға жалғасқан пандемия әлем экономикасына кері әсерін тигізбей қоймады. Сыртқа шығуға барынша шектеу қойылып, төрт қабырғаға телмірген көпшілік емін-еркін жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылған соң, оның зардабы күнделікті қол күшімен атқарылатын түрлі өндіріс орындарына ауыр соққы болды. Тіпті, кейбірі пандемиялық дағдарыстың салдарынан болған шығынның орнын толтыра алмай әлі де әлекке түсіп жатыр.

Жалпы, пандемиядан кейінгі әлемдік экономиканың ахуалы қандай? Бүгінгі күннің ең өзекті сауалдарының бірі саналатын бұл сұраққа жауап іздеп, одан шығу жолдарын талқылап жатқандар көп. Соның бірі таяуда тұтас түркі әлемінің рухани астанасына айналған Түркістан қаласындағы халықаралық басқосуда сөз болды. Яғни, «Пандемиядан кейінгі әлемдегі ақша-несие және қаржылық саясат: тәжірибе, мәселе және қиындықтар» атты V халықаралық экономика, қаржы және энергетика конгресі өтіп, онда күн тәртібіндегі мәселе кеңінен талқыланды. 
Мұндай халықаралық деңгейдегі шаралар Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ұйымдастыруымен жиі өтіп тұрады. Ал, аталған конгресс 2014 жылдан бері екі жылда бір рет дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл жиында жаһандық маңызы бар тақырыптар таңдалып, сарапшылар мен ғалымдардың талқысына салынады. Олар ойын ашық айтып, түрлі идеялар ұсынады. Бір сөзбен айтқанда, бұл басқосу кәнігі мамандардың ашық пікірталас алаңына айналып отыр. 
Алғашқы сөз кезегін алған халықаралық экономика, қаржы және энергетика конгресінің төрағасы Невзат Шимшек бұған дейін өткізілген жиындарға тоқталып, әрбірінің мәні мен маңызын саралады. «Дүниежүзі халқы екі жылдан астам уақыт есті шығарған пандемияның тигізген зардабынан әлі де арыла алмай келе жатыр. Қаншама елдің экономикасы күйреп, саясаты әлсіреді, адамзаттың өмір сүру деңгейі нашарлады. Тұрақты дамудағы тоқырау, саяси тұрақсыздық, ғаламдық құн тізбегінің әлсіреуі, саяси тұрақсыздық, ақша мен нарық саласындағы белгісіздік, тәуекел, қаржылық саясаттың дұрыс жүзеге аспауы және тағы басқа да проблемалар «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегендей жағдайға душар етті. Мұндай кездері өз саласын жетік білетін білікті мамандар мен тәжірибелі сарапшылардың көмегіне жүгініп, пікірлері мен зерттеулеріне иек артуымыз қажет. Сондықтан, биылғы EFE’ 2022 конгресі пандемиядан кейінгі әлемдегі негізгі экономикалық, қаржылық, саяси және энергетикалық өзгерістерді ғылыми көзқарас тұрғысынан талқылауға бағытталып отыр» деді ол.
Халықаралық жиынның ашылу салтанатына Түркия ұлттық мәжілісінің жоспар және бюджет комиссиясының төрағасы Жевдет Иылмаздан бөлек  Түркия жастар және спорт министрлігінің кеңесшісі Селим Жерраһ, V халық-аралық экономика, қаржы және энергетика конгресінің төрағасы Невзат Шимшек, Нью-Йорктегі Тирана университетінің өкілетті кеңес мүшесі Хасан Ташчы, Ибн Халдун университетінің ректоры Атилла Аркан арнайы қатысып, өз пікірлерін білдірді. Сондай-ақ, халықаралық қазақ-түрік университетінің өкілетті кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек, аталған оқу орнының ректоры Жанар Темірбекова және ректор өкілі Женгиз Томар сөз сөйлеп, сәттілік тіледі. 
Жалпы саны 25 сессияны қамтыған конгреске Түркия, Қазақстан, Албания, Босния-Герцеговина, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Біріккен Араб Әмірліктері сынды 16 елден жүз елуден астам ғалым мен сарапшы қатысты. 
Бірінші күнгі сессияларда жасалған баяндамалар пандемиядан кейінгі сауда байланыстары, жаһандану мен саяси тұрақсыздық, экономика саласындағы ағымдағы инновациялар, тұрақты жобаларды басқару, еңбек нарығы, жұмыспен қамту сияқты негізгі тақырыптарды қамтыды. Баяндамалардың барлығы жаңа үдерістер мен түйткілді мәселелер туралы маңызды ақпарат берумен қатар, қазіргі экономикалық мәселелерді еңсерудің шешімдерін де ұсынды. Жаңа үдерістер тұрғысынан алғанда өмірімізге дендеп еніп келе жатқан криптовалюта, блокчейн технологиясы, метаверс және осы цифрлық әлемге қатысты көптеген баяндамалар EFE›2022 конгресінің ең қызықты тақырыптарының бірі болды. 
Ал конгрестің екінші күні басты назар энергетика саласына аударылып, жаңартылатын энергия әлеуеті, климаттың өзгеруі, көміртегі шығарындылары, тұрақты даму, мұнай мен табиғи газ бағасы және экономикалық өсу болжамдары сияқты өзекті тақырыптар аясында баяндамалар жасалды. Алдағы 50-100 жылда қазба отынның басым бөлігі таусылатыны белгілі. Сондықтан жаңартылатын энергетика көздерін дамыту және олардың жаһандық жалпыласуын арттыру өте маңызды. Осыған орай, жаңартылатын энергетика өндіру мен тасымалдауға кедергі болып отырған технологиялық, қаржылық, әкімшілік және дәстүрлі энергетика алпауыттарының (мұнай, табиғи газ, көмір және осыған ұқсас ресурстарды өндірушілер мен сатушылар) әсерінен туындайтын проблемаларды тез арада жою бойынша түрлі идеялар айтылды. Сонымен қатар, энергия өндірісінен туындаған қоршаған ортаның ластануы мен климаттың өзгеруіне байланысты жасалатын қадамдар мен кездесетін проблемалар талқыланды.
Үшінші күнгі сессиялар конгрестің үш негізгі тақырыбының бірі болған қаржы мәселелерін өзек етіп, ақша-несие саясаты, валюта бағамы, қаржылық саясат, қаржылық тәуекелдер мен тұрақтылық, жаңа қаржылық технологиялар, неолибералдық саясат, өнімділік, инфляция, адам капиталы және мемлекеттік қарыз сияқты тақырыптарға бағытталды. Бүгінде инфляция жаһандық сипат алып, ең басты мәселелердің біріне айналып отырғаны жасырын емес. Сондықтан конгресте оған қарсы қабылданған шаралардың мемлекеттік және жаһандық ауқымдағы үйлесімділігі талқыланды. Бұған қоса, Еуразия аймағындағы түрлі елдердің валюта бағамына қатысты дөп келіп отырған мәселелердің себептері анықталып, шешу жолы туралы түрлі идеялар ортаға салынды. Сондай-ақ, елдердің мемлекеттік қарызындағы басты мәселелер, жұмыссыздық және өндірістегі өнімділікті арттыру туралы айтылды.
Қазақстандағы экономикалық даму үдерісі де сарапшылардың назарынан тыс қалмады. «Жаңа Қазақстан экономикасындағы креативті өндірістің орны», «Қазақстанда циркулярлы экономика қалыптастырудағы халықтың экологиялық мәдениетін бағалаудың әдіснамалық негізі», «Қазақстандағы еңбек күші артық өңірлердегі еңбек нарығын дамытудың кейбір мәселелері» және басқа да маңызды тақырыптар аясында мәселелер көтерілген сессия жұмысы көпшіліктің қызығушылығын туғызды. 
Айта кетейік, EFE конгресі әлемдегі ең таңдаулы ғалымдар мен сарапшыларды бір платформа аясында топтастыруды, сондай-ақ Еуразия, оның ішінде Орталық Азия аймағының экономика, қаржы және энергетика саласындағы үдерістерін жаһандық және аймақтық геосаяси, геоэкономикалық өзгерістер тұрғысынан қарастырып, ғылыми тұжырым жасауды көздейді. Соңғы жылдардағы әлемдік күш тепе-теңдігін белгілейтін басты факторлардың біртіндеп Азия аймағына қарай ойыса бастағанын ескерсек, аталмыш салалардағы оқиғалар мен өзгерістерді әртүрлі қырынан сараптап, ғылыми ұсыныстарды талқыға салудың маңызы өте зор.  Сондықтан EFE конгресі болашақта да айтулы ғалымдар мен сарапшылардың басын қосатын халықаралық алаң ретінде жұмысын сәтті жалғастыра береді деген сенімдеміз.

Пікір қалдырыңыз