Кесенеге зиярат ету әдебін білеміз бе?

Түркістан облысы дін істері басқармасына қарасты дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы Қайрат Салықбаевтың айтуынша, қабірге зиярат етудің үш түрі бар. Туыстардың қабіріне зиярат ету, туыс емес, мұсылман бауырлардың қабіріне зиярат ету және салих құлдардың, әулиелердің, пайғамбарлардың қабіріне зиярат ету. Мұндағы «салих» сөзі татар тілінен аударғанда «көркем тәрбиелі, жоғары әхлаққа ие кісі» деген мағынаны білдіреді.

Зиярат жайлы пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінде «Мен сендерді қабірлерді зиярат етуден тыйған едім, кімде-кім зиярат етуді қаласа, зиярат етсін...», «Қабірлерді зиярат етіңдер, шындығында ол сендердің естеріңе ақыретті түсіреді», «Кімде-кім әке-шешесінің немесе біреуінің қабірін жұма күні зиярат етсе, Алла ол адамның күнәсін кешіріп және оған сауап жазады» делінген.

Қабірге зиярат етудің де сауапты күндері бар. Бұл туралы хадисте «Аптасына бір рет, ең болмағанда айт күндері зиярат етіледі. Бейсенбі, жұма, немесе сенбі күндері зиярат ету сауаптырақ болады» делінген.  

«Шир’ат – ул – Ислам» кітабында «Қабір зияраты сүннет болып табылады... Расулуллах (с.а.у.) туыстарының және сахабаларының (с.а.у.) қабірлерін зиярат ететін еді... Ахмет ибн Ханбал (р.а.): Мазардың қасынан өтіп бара жатқанда Ихлас, екі «Шар – Құл» сүрелерін және Фатиханы оқып, сауабын мәйіттерге бағыштау керек...» ал, Әнәс бин Малик (р.а.)... «Аят – әл күрсиді оқып, сауабын мәйіттерге бағыштаған кезде, Аллаһу та’ала мұны барша мәйіттерге жеткізеді»» деп жазылған. 

Зиярат етуші мұсылман қабір басына барғанда хадис шарифте айтылғандай, «Аллахумма инни әс-әлука би хаққи Мухаммадин уә әли Мухаммадин ән лә-ту’аззибә һәзәлмәйит» десе, мәйіттің азабы тоқтатылады. Ал, өзінің күнә жасағанын білетін адам «ата-анасының немесе олардың бірінің қабіріне әр жұма сайын зиярат ететін болса, оның күнәсі кешіріледі» дегенді есте сақтағаны және оны орындағаны ләзім.

Ал, «Жила-ул-қулуб» кітабында зиярат ету жөнінде: «Мазарға барған адам түрегеп тұрып «Әссәләму алейкум, йа әһлә дар-ил қаум-ил му’минин! Инна иншаллаһу ан қарибин бикум ләхикум» дейді. Бұл – сәлемдесу, мұнан соң «Бисмиллаһ» - деп он бір (11) рет «Ихлас» және бір рет «Фатиха» сүрелерін оқиды да, әрі қарай «Аллаһумма рәббәл-әжсадил-балийәһ, уәл-изамин нахира – тилләти харажәт минәддуния уә хия бикә му’минәтун, әдхил алейһа раухан мин индика уә сәләмән минни» дұғасын оқуы керек. Қабірдің жанына келгенде мәйіттің оң (қабірдің құбыла) және аяқ жағынан жақындайды. Сәлем береді. Түрегеп тұрып немесе тізерлеп отырып «Бақара» сүресінің басы мен соңын, «Ясин» сүресін, «Тәбәракә», «Тәкәсур», «Ихлас» және «Фатиха» сүрелерін оқып, мәйітке бағыштайды» делінген. 

Енді XX ғасырдың басында Әзірет Сұлтан кесенесіне мұсылмандардың қалай зиярат еткеніне келсек. 1907 жылы шығысқазақстандық Садық Сапабекұлы деген оқыған, білімді, көзі ашық кісі Түркістанға арнайы іссапармен келіп, Әзірет Сұлтан кесенесіне зиярат етеді. Зияратын өтеп ауылына қайтқан соң араб әрпімен шағатай, қазақ тілдерін араластыра отырып, жолсапар жазады. «Түркістандағы тарихи зийарат» деген атпен жарық көрген қолжазбаны ұрпақтары 1994 жылы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына өткізеді. Сол кездегі музейдің маманы Хамит Имажанов оны араб әрпінен кириллицаға аударып, кейбір діни терминдеріне түсініктеме беріп, қайта жазып шығады. Бұл туынды өткен ғасырдың басында Әзірет Сұлтан кесенесіне зиярат етудің әдебі толық қамтылғандығымен өте құнды болды.

Марат ТҰЯҚБАЕВ, ҚР Мәдениет қайраткері,

«Әзірет Сұлтан» музей-қорығының археологы.

1 пікір

  • Олжабек Жарқын
    Олжабек Жарқын

    Мына ақпаратқа мен Риза болып отырмын Осы әңгімені жазған Ғалымдарғада, Журналистергеде, оқыған адамдарғада Алланың Рақметі болсын

Пікір қалдырыңыз