Ол – туабітті журналист

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».
Тақырыпқа барар жол
Дана халқымызда «өмір көрген», «ол от-жалында пісіп, жетілді» деген тәмсілді тіркестер бар. Сосын мұны кез келген адамға айта бермейді. Өз ісінің нағыз майталманы болып, алдына қара салдырмаған саңлақтарға арнап айтады. Ал, мұндай жандар қашанда көш басында жүреді. Атқарған ісінен мін таппайсыз. Сұлу торы аттай қашан да сылаң қағып, алда жүреді және онысы бүкіл болмысына жарасып тұрады. Міне, осы адам ғана алдыңғы сапта жүруге тиіс сияқтанып көрінетіні бар.
Журналистиканың жампоз жүйрігі Еркін Қыдыр жайлы ойлағанда, міне, кім-кімнің де басына осы ойлардың келері сөзсіз. Ол журналистикаға өмір көріп келді. Өмір көргенде де домна пешінің аузында жалын-отқа қақталмаса да одан кем емес өндіріс ошағында өмірдің ыстық-суығын басынан өткеріп барып келді. Ол С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп келген соң еңбек жолын басалқалы басылымдардан емес, Шымкент қорғасын зауытынан қатардағы жұмысшы болып бастап еді. Сіздіңше бұл кездейсоқтық па? Біздіңше – парадокс!
Ал, енді Еркіндейін ерен жүйрікті мұндай ауыр азапқа айдап келген қай құқай? Ешкім де емес. Бұл оның ерік-жігері ғана. «Өмірді көрсем, оның қыр-сырына қанықсам» деген ішкі тастүйін дайындығы мен тәуекелі. Әйтпесе, көне қазақ өркениетінің ордасына айналған шежірелі Отырар өңіріне аты мәлім Сағындықтай әкенің баласы қызмет таппай қалған жоқ. Әкесінің тіл жәрдемін де қажет етпеді. Сонау зау-заңғар биіктен қыран балапанын тастап жібергенде темірқанат балапан өздігінен ұшып үйренеді емес пе? Мүмкін Сағындық әкенің, бәлкім бала Еркіннің әу бастағы мақсаты осы болған шығар.
Журналистика әлеміне осылай өмір көріп келген Еркін Қыдыр кез келген тілшіңіздің тісі батпайтын өндіріс тақырыбына еркін кіріп, көсілтіп жазды. Олардың әрқайсысы Бас хатшының баяндамасынан не съезд материалынан үзінді келтіріп, оқырманды мезі етіп барып басталатын штамп мақалалар емес-ті. Өндіріс, өнеркәсіп тақырыбына бойлай еніп, ондағы жұмысшылардың мақсат-мүддесін мігірсіз мәнді баяндайтын, кейіпкерінің образын терең ашатын көркем дүниелер болатын.
Сиқырлы секция
Еркін Қыдыр жазу деген сиқырлы әлемге жастайынан келді. Мектепте оқып жүргенінде шығармаларынан шынайылық байқаған ұстаздары оның болашағын қаламгерлікпен байланыстыратын. Жетінші класта оқып жүргенде алғашқы мақаласы «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде жарияланды. Әбсаттар Асанов деген ауылдасы қазақша күрестен Қазақстан чемпионы болып оралады. Өзі қатарлы оқушы Ленин атындағы мектептің даңқын аспандатып жатқанда Еркін қалай шыдап отыра алсын! Осы қуанышты бала көңілімен төл басылымына жолдаған еді, көрмейсіз бе, жарқырап шыға келгенін. Сол Әбсаттар кейіннен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атанды. Есімі ұлт күресінің энциклопедиясы – «Қазақ балуандары» жинағына енді.
Осыдан соң Еркін жазуды үдетті. «Қазақстан пионері» газеті оның жолдаған хаттарын кері қайтармапты. Осы басылымда балалар шығармашылығына арнап конкурс жарияланып, оған бала тілші «Аспанда – ақ көгершін» атты суреттеме аттандырған. Сәтін салып, суреттемесі бірінші орынды иеленген. Газет редакторы Бейбіт Қойшыбаевтың қолы қойылған грамота алғанда оның болашағы айқындалып та қалғандай еді. Мектепті алтын медальға бітірген Еркін ешқайда мойын бұрған жоқ, ҚазМУ-ыңыздан бір-ақ шықты.
Журналистердің жырына айналған бесінші жатақхана Еркіннің де еншісіне тиген. Бірінші курста оларға 312-секция бұйырды. Олар дегеніміз – Шәмші Пәттеев пен Айтмұхамбет Есдәулетов, Алтынбек Сәрсенбаев, Дархан Мыңбай және кейіпкеріміз. Алғашқы екеуі аталған секцияның екі кісілігіне, қалғандары үш адамдық бөлмеге жайғасқан. Секцияның сиқырлығы да сол емес пе, осы бөлмеде жатқандардың осалы жоқ. Алтынбек пен Дархан министр деңгейіне дейін көтерілді. Айтмұхамбет Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің баспасөз және баспа ісі кафедрасының доценті, Шәмші «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры. Ал, Еркін бүгінде «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы.
Сөз жоқ, Еркін Қыдыр бас редакторлық қызметке аспаннан салбырап келіп отыра қалған жоқ. Сонымен, құрметті оқырман сіз де «Еркініңіз қорғасын зауытында жұмыс істеп жүр еді ғой. Содан кейін қай жерде жұмыс істеді?» деп сұрағалы отырсыз. Ол зауыттағы жұмысына төселгені соншалық, үйреніп қалған тіршілігінен кеткісі де жоқ еді, күндердің-күнінде «Оңтүстік Қазақстан» газетінен корректорлық орын босай қалғаны. Әр жұмыстың өзіндік ерекшеліктері барын білеміз, бірақ журналист боламын деген адам ең әуелі осы жолдан өтсе, одан мықты маман шығатынына бәс тіге аламын. Өйткені, газет дегеніңіз айналып келгенде тап осы корректорлық бюрода қалыпқа құйылған қыштай түзу де қатесіз шығады.Қазақ тілінің барлық емлелері осы жерде қайта пысықталып, грамматикалық жағынан сауатты газет оқырмандар қолына тиіп жатады. Түптеп келгенде, «Оңтүстік Қазақстан» газетінде корректорлықтан бас редакторлыққа дейін көтерілген бірнеше адам бар. Солардың бірі – Кәрім Үкібаев. Ал, әлем ақыны атанған Мұхтар Шаханов та корректорлықтың дәмін татқан. Студент кезінде «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетіне бұрқыратып мақала жазып, танылған журналист Еркін Қыдыр көп ұзамай тілшілікке ауысып, өзінің қалам қарымын таныта білді.
«Лениншіл жас» газеті деп қалдық, осы басылымда тәжірибеден өтіп жүргенде Еркінге «Абитуриент–81» тақырыбына мақала жазып келу тапсырылады. Тілші талапкерлермен тілдеседі, сұхбат алады. Бір талапкермен сөйлесе кетсе, ол медицина институтына өзінің емес ата-анасының қалауымен келіпті. Өзі қаламаған соң ба, алғашқы емтиханда-ақ топ етіп құлайды. Сұрастыра келсе әлгі бозбаланың есіл-дерті журфакқа түсу екен. Содан Еркін «Ыстық көңілдер неге суынады?» деген мақала жазбай ма? Әлгі бозбала келесі жылы журфакқа құжат тапсырып, студент атанады. Бұл танымал журналист Құлтас Достан еді. Осылай студент кезінің өзінде адам тағдырына араша бола білген Еркін Қыдыр республикалық басылымдарда қызмет етіп жүргенде талай проблемалық мақалаларымен ерекшеленді, танылды, шыңдалған үстіне шыңдалды.
«Оңтүстік Қазақстан» газетінде қызмет етіп жүргенде Еркіннің «Отырардың орнын сипап қалмайық», «Жалсыз жылқының жаласы», «Қараулық қақпаны», «Әкім болдым-ау, қанша күнге», «Екі кемемен қатар жүзген ептілер», фельетон үлгісіндегі «Тосқауыл немесе 1984-1988 жылдарды қамтитын шытырман оқиғалы екі сериялы деректі фильмнің сценарийі» деген дүниелері оқырмандарды дүр сілкіндірді. «Лениншіл жастан» білетін «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртаза ағасы оны енді өзіне жұмысқа шақырды. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша аға газеттің меншікті тілшісі болған Еркін енді еркін көсіліп, мықты мақалаларды үдете түседі. Жалпы, Еркін мақаланың тақырыбын қоюдың қас шебері. Сондай-ақ, ол тақырып қою ғана емес, форма табу жағынан да ұшқыр. Сондықтан оның мақалалары оқырмандарын тартып тұрады.
Өрлеу
Бұдан кейінгі Еркін Қыдырдың қызмет баспалдағын бағамдасақ, ылғи да өрлеуден тұрады. 1996 жылдан бастап «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары, бірінші орынбасары, 2007-2008 жылдары «Егемен Қазақстан РГ» АҚ директоры, 2008 жылдан 2016 жылға дейін акционерлік қоғам вице-президенті, 2016 жылдың сәуір айында «Егемен Қазақстан РГ» АҚ басқарма төрағасы. 2017 жылдың наурыз айынан бастап «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы. 2018 жылы осы басылым Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатын алды, «Nur Otan» партиясының «Нұр Сұңқар» республикалық байқауының жеңімпазы атанып, 1 миллион теңге жүлдеге ие болды.
Еркін Қыдыр басшылық қызметте болған кезде бас басылым Алматыдан Астанаға қоныс аударған-ды. Міне, осы тұста редакция қызметкерлері үшін 2 тұрғын үй кешені, 2 жатақхана және 8 қабатты кеңсе ғимараты пайдалануға берілді. Бұған, әрине, Еркіннің де үлесі бар. Сондай-ақ, ол газет таралымының өсуіне ұдайы көңіл бөлді. Айталық, 2000 жылы газет 34 мың данамен тараса, 2016 жылы оның таралымы 210 мыңнан асып түсті.
Еркін Сағындықұлы республика ақпарат саласында атқарған жемісті қызметі үшін Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының (1999) лауреаты атанды. 2010 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына қол жеткізді. Ол сонымен қатар «Ақпарат саласының үздігі», «Мәдениет саласының үздігі». 1997-1998 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жоғары тәртіптік кеңестің мүшесі болды. 2015 жылдан бастап Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның Әдеп жөніндегі комиссиясының, 2016 жылдан «Nur Otan» («Amanat») партиясы партиялық бақылау комитетінің мүшесі.
Түйін
Бармақтай кезінде өлең жазып өршеленіп, әңгіме жазып әуестенгендердің көпшілігі журфакта оқыды. Таланттары кейіннен ашылып, белгілі ақын, жазушы, драматург, сыншы болып кеткендері де жеткілікті. Біздің Еркін мүмкін бала шағында ақын болуды армандаса армандаған шығар, бірақ бойындағы сол ұшқынды ешкімге көрсеткен емес. Ол – туа бітті журналист. Бір ғана соқпақпен жүрді және өзіндік соқпақ сала білді. Ағыстарға қарсы жүретін жалынды журналист «Оңтүстік Қазақстан» газетінен түлегенін біз әрдайым мақтаныш етеміз. Еркін салған соны сүрлеумен алыс сапарға шықсақ дейміз...