Ешкіге жасалған емеурін

Ертеректе Әмірхан Қоңырбаев есімді шабандоз болды. Өзбекстан Республикасы, Жызақ облысы, Фарш ауданында тұрған оның артында өшпестей із қалды. Жарықтық кезінде колхоздың бір отар қойын бақты. Ол кісі маған қайнаға болып келеді.
Жылына екі рет – күзгі қой қырқымда және көктемгі мал төлдегенде қол күші керек болып, көмекке баратынбыз. Обалы не керек, ол кісінің де біз дегенде шығарда жаны бөлек еді. Бүгінде сол кісіге байланысты бір жағдай еріксіз есіме түсіп отыр.
Бір күні жұмыстан келсем есіктің алдында бөтен ешкі байлаулы тұр. Ораза айы болатын. Сөйтсем қайнағам әкеп тастапты. Жалғызсыраса керек, күні-түні тыным таппай маңырай берген соң жұбайым:
– Мына ешкінің даусы ащы екен, көршілердің де мазасын алып бітті. Ертең ертемен сойып бересің-ау, – деді.
Ертеңіне ешкі соятын адам іздемек болып едім, әйелім:
– Еркек емессің бе, жалғыз ешкіні өзің-ақ соя салсаң болады ғой, – деген соң намысқа тырысып, әрекетке көштім.
Бірақ, бұған дейін ешкі тұрмақ, тауықты да сойып көрмеген басым шындап сасайын дедім. Оны сезген әйелім қанша дегенмен қойшының қызы емес пе:
– Ең құрығанда бауыздап бер, қалғанын өзім-ақ амалдармын, – деді.
Содан бақырауық ешкінің басын құбылаға қаратып: «Біссіміллә, аллаху акбар» деп алқымына пышақ салғаным сол, тұяғын бер-екі серпіді де үні өшті. Бір өнерді меңгергеніме мәзбін. Оны сезген жұбайым:
– Қолың жеңіл екен, – деп одан сайын марқайтып қойды.
Пышақты қолына алып, ешкінің терісін етінен ажырата бастады. Жартылай терісі аршылған ешкіні артқы тірсегінен жіпке ілдік. Біз жұмыспен әлек болып жатқанымызда екі-үш ит ешкінің бас-сирағын сүйремек болып сумаңдап жүр еді. Ә дегенше болмады, біреуі басты сүйреп, қалғандары ізінен еріп қаша жөнелді. Мен қуып бердім. Бас ұрлаған ит қырсыққанда қоңсым Мәдіханның тапшанының астына кіріп кетті. Тар тапшанның астында да қарап жатпай ешкінің басына таласып, өзара ырылдасып жатыр. Мәдіхан ақсақал иттердің ырылдасқан даусынан сыртқа шығып, ит қуып жүрген менен жөн сұрады. Болған оқиғаны айтқан едім, ыңғайсызданып қалса керек, сөзді басқа жаққа бұрып:
– Бүгін ауызашар бермекші ме едің? – деді. Ауызашарға ешкі емес, қой сойылатынын ол кісі емеурінімен білдіріп тұр. Соны сезген мен:
– Жоқ, молдалардың айтуынша, ауызашарға дені сау, міні жоқ семіз қой сою керек екен ғой, – деп едім, ақсақал:
– Әркім тапқанын сояды да, – деді.
Бір аптадан соң ораза айы да аяқталатынын, мүмкіндік болса осы алты күннің ішінде ауызашар беріп жіберген жақсы екенін жеткізді.
– Ақыры ешкі сойыпсың, базардан қойдың басы мен екі келі құйрығын алсаң, ешкің аяқ астынан қойға айналып шыға келмей ме? – деген көршімнің сөзін алғашқыда әзілге балап тұрғаныммен, былай шыға ойлана бастадым.
Әйеліме етті ертерек жіліктеп, бауырсақ пісіре беруге бұйрық бердім де, өзім жел айдаған қаңбақтай ет сататын дүкенге қарай тарттым. Іздегенім алдымнан шығып, қасапшы Серікбай інімнің дүкенінен бас-сирақ табыла кетті. Қара пакетке сүңгітіп алған бас-сирағымды әкеліп әйеліме ұстаттым.
– Қане, мына басты тез үйіт, әлі сағат он бір бола қойған жоқ. Мен ауылдың ақсақалдарына ертерек айтайын, кешке ауызашарға келсін, – дедім. Әйелім:
– Сойғаның ешкі, оның несіне ауызашар бересің? – деп келіспеді. Мен болсам ешкіні әлдеқашан тоқтыға айналдырып қойғанымды айтып, жеңістік бермедім. Ақыры дегеніме көндіріп, ақсақалдарды шақыру үшін көшеге шығып кеттім. Сапархан жездем мен Райхан әпшемді де ұмытпадым. Табан астында шала бүлініп жүрген менің жағдайым әпшеме белгілі ғой, сойысты қайдан алғанымды сұрады. Қайнағам бергенін, бірақ ешкі екенін айтпадым. Ешкі екенін білсе ешкімді шақыртпайтынын білем. Әлденені жасырып тұрғанымнан секем алды-ау, ұят болмасын деп үйіндегі сүрленген қазысы мен үш-төрт келі тұздалған сиыр етін арқалатып жіберді. «Құдай беріп тұрғанда несіне тарылайын» деп қонақтарды тағы бір-екеуге көбейттім. Әжептеуір ілімі бар Оңғар молданы, дәрігер Шәймерден құданы, кеңшар директоры Мұсырман Көзбаевты да қалдырмадым. Кешке қарай қонақтардың алды келе бастады. Алдымен ақсақалдарға бас тартылды. Ешкі сойғанымды көршілерім Мәдіхан, Қауымбай, Байділлә ғана біледі. Бас алдымен Махамбет ақсақалға тартылды. Ол кісі ауыз тиіп, қасындағыларға ұсынды. Кезек Байділлә ақсақалға келді. Ол өзінің қалтасындағы кішкентай шаққысын алып, бастың құйқасынан кесіп, ауыз тиді де:
– Бас өте жақсы үйітілген екен, тоқты семіз-ау шамасы, – деп қасындағы Мәдіхан ақсақалға күлімсіреп ұзатты. Мәдіхан ақсақал да бастан ауыз тиіп:
– Иә, бас жақсы үйітілген, келін пысық қой, – деп Байділлә ақсақалдың сөзін қоштап қойды. Кезек Қауымбай ақсақалға келді. Ол кісі де өзге замандастарының сөзін қайталап, маған күліп қойды. Үш ақсақал астарлап не айтып отырғанын көпшілік қайдан білсін, олардың сөзін қоштаған көпшілік жұбайымды жер-көкке сыйғызбай мақтап отыр. Тамақ желініп, ас қайырылған соң Мәдіхан ақсақал:
– Қолды сыртқа шығып жуайық, – деді.
Бір қолымда құман, екінші қолымда шылапшын, иығымда сүлгі. Алдымен қолын Мәдіхан ақсақал шайды. Иығымдағы сүлгіге қолын сүртті де маған рахмет айтудың орнына іштен келіншегімді шақырып, алғысын соған айтты. Ауызашарға келген басқалар да келісіп қойғандай алғысты маған емес, келіншегіме айтып жатыр. Қолға су құйып, еңбектеніп жүрген маған ешқайсысы назар салмайды. Оған өкпелеген болдым. Бүгінде ойлап қарасам, сол ақсақалдардың әрбір сөзі мен іс-әрекеттері бізге сабақ екен ғой. Менің ешкі сойып, бірақ тоқтының еті деп жегізгенімді білген үш шалдың әліге дейін сол сырды сыртқа алдырмағанының өзі өнеге емес пе?! Ал, әпкемнің інім ұялып қалмасын деп үйіндегі етіне дейін беріп жібергенінің өзі нағыз жанашырлық, мейірбандық қой. Сол пейіліне қарай Құдай да берерінен танған емес. Балалары азамат болып, анасын қажылыққа апарып келді. Жоғарыда сөз еткен ақсақалдардың да көбі өмірден өтіп кетті. Бірақ, әрбір ісімен өнеге болған олар ешқашан ұмытылмайды, сөздері көңіл-сарайымызда әліге дейін сайрап тұр.
Әлі есімде жоғарыда аты аталған ақсақалдардан басқа сол жиында Өсімхан, Нарбай, Қанжігіт, Тұрдалы, Өмір, Әшірбек, Ералы ақсақалдармен бірге, Сайлау, Сапар, Іскен, Мұсырман, Абай ағаларым да болды. Бүгінде бұлардың біразы о дүниелік болып кетті. Араларымыздағы ағалар аман болсын! Көненің көзіндей болған, әкемнің көзін көрген кісілер ғой...
Намазбай ҚАНДӘУЛЕТОВ.
Шұбарсу ауылы, Ордабасы ауданы.