Тыңда, дала, жүрегімнің дүрсілін...

Әркім өлеңге жүрегіндегі сөзін айту үшін келеді. Ал, ең шын сөз, ең шынайы сөз, ең әділ сөз – жүректегі сөз. Мәселе – жүректегі сол сөзді оқырманға қалай жеткізуде! Ақынның ақындығының да сыналатын жері осы – көңілдегі көрікті ойды көркем жеткізе алса, ақын болып танылады, қарабайырландырып жіберсе, өлеңші деңгейінде қалады.
Жетісайлық ақын Асылхан Алиев осы жүректегі сөзін көркем жеткізгісі келуімен ерекшеленеді. Не айтаса да шын айтқысы келеді, әділ сөйлегісі келеді. Оның өзіне де, өлеңіне де құлай сенетініміз содан. 
Ендеше, жақсы өлеңді сіз де оқи отырыңыз, мәртебелі оқырман!
Руханият бөлімі.

Ізгіліктің дәнін шаштым қолыммен

Тыңда, дала, жүрегімнің дүрсілін,
Ылғи содан еститінім өршіл үн.
Сол жүректің түкпірінде сақтаулы,
Бұл өмірден жиған-терген бар шыным.

Дей алмаймын, таңқалдырар әншімін,
Бағы жанбай жүрген елде әнші мың.
Кәсібім сол жақсылыққа жаршымын,
Тәңірінен алған сыйым меншігім.

Әсер алсам сезімімнен шаттанам,
Дей алмаймын, бостан-босқа мақтанам.
Ізгіліктің дәнін шаштым қолыммен,
Көгермесе енді қалай ақталам?..

Шыным осы таңданумен келемін,
Не алсам да, өңдеп жұртқа беремін.
Бар жұмбақтың кілті сенің қолыңда,
Жаратқаным, тек өзіңсің сенерім!..

Бүкіл әлем бір бөлшегі санамның

Дей алмаймын, өткеніңе өкіндің,
Неге сонша өлең жаз деп өтіндің.
Теңдесі жоқ теңеулерді табайын,
Жолығайық үстінде біз көпірдің.

Қорықпағын судан биік тұрам деп,
Періште боп мен жаныңа тұрам кеп.
Су дыбысы сыңғырлаған жақпаса,
Мені тыңда, менде сырлы жыр-ән көп.
Дей алмаймын, мен ерекше адаммын,
Бүкіл әлем бір бөлшегі санамның.
Менде титтей болса егер құдірет,
Ақ сүтімен бойға сіңген анамның.

Мақұл десең жүздесейік оңаша,
Тіптен сонда қуанар ем балаша.
Етектегі сылдыраған салқын су,
Сыр айтады екеумізбен таласа...

***
Бүгін тыныш, ешнәрсе жоқ ойымда,
Сезімдерім бой алдырмас уайымға.
Періштеден күлкілері аумайтын,
Балалармен қосыламын ойынға.

Ойын деген ұмыттырар барлығын,
Білдірмейді бұл жалғанның тарлығын.
Айтыңдаршы жалған емей немене,
Жүз жыл бұрын туғандардан қалды кім?

Ойын қусам бала болып кетемін,
Зыр жүгіріп армандарға жетемін.
Даналық пен балалықтың арасы,
Білесің бе, бір-ақ қадам екенін!

Қол создым жақсылыққа жетемін деп

Жүйкем тозды, көп болды шаршағалы,
Қайда барам, кім мені қарсы алады?
Жастық шағым ылғи да шақырады,
Желпігендей кеудені таң самалы.
Алтын жазым қалды артта, күрең күз кеп,
Тіршіліктен соғып тұр сүреңсіз леп.
Уақыт – сен мықтысың, бәрін жеңген,
Құтқар ойдан миымды жүретін жеп.

Арманым тым алысқа шақырады,
Сезім көп менде ұйықтап жатқан әлі.
Қауіптісі мендегі, басым – атом,
Ой тұтанса, бір күні атылады.

Әр тәулікте ойларым жаңарады,
Сәт сайын күшейеді жан азабы.
Жақсылықтан үмітті бір пендемін,
Қашан бізге қуаныш қол созады?!

Қанағатшыл жан едім әркез барға,
Деген оймен қолымды создым алға.
Ешнәрсе ілікпеген уысымды,
Әлі сермеп келемін оңды-солға.

Түс

Кездерім көп, өз ойымнан шошынған,
Тағдырым да кем сипады басымнан.
Содан болар алдырмаймын ішімді,
Сезімімді ту-у тереңге жасырғам.

Төсек жайсыз, өз түсімнен шошындым,
Тілейтінім тоспасыншы тосын мұң.
Түнгі аспан сыр білмекші халімнен,
Соны айтпақ боп көп жұлдызға қосылдым.

Таң да атты, жарық боп тұр айнала,
Салқын самал бет сипайды жай ғана.
Белді будым шошынбауға ешқашан,
Түс дегенің – ұйқыдағы ой ғана.
***
Жазбен бірге ең бір жарқын кез кетіп,
Уақыт бәрін әкетуде тездетіп.
Бірін-бірі қуалаған күндермен,
Бара жатқан секілдімін ержетіп.

Әр тәулігім өмірімнің бөлшегі,
Кім біледі, қандай болар өлшемі?
Бір асыл сөз қалдырсам ғой артымда,
Жаратқаным оған мұрша берсе енді.

Насихаттап жақсы менен жаманды,
Әнге қосам далам менен қаламды.
Мен әйтеуір қолдан қалам түскенше,
Жырлап өтем жүрегі пәк адамды!

***
Не ұнайды өзіме соны білдім,
Қаншама рет өмірде жалған күлдім.
Жүрекке жүк түсірдім, көріп қалып,
Реңін қарашада солған гүлдің.

Жаным нәзік менің де гүл секілді,
Тамырым табиғатпен бір секілді.
Көтерілгенде несібем жарқ етермін,
Бұлт астынан шыққан бір Күн секілді!

Жаныңа қажет пе деп тыныштығың,
Ақыл айтып, сан мәрте ұрысты кім?
Көңілім күндей биік болсыншы деп,
Тексерем өз ойымның дұрыстығын.

Әйтеуір біліп алдым не керегін,
Бауырға дүние емес, ой беремін.
Адамға жетпейтіні көңіл екен,
Ендеше, жүрегімнен жай беремін!

Асылхан АЛИЕВ. Жетісай қаласы.
Пікір қалдырыңыз