«Оңтүстік мені бауырына тартты»

Белгілі журналист Бақтияр Тайжанның есімі газет оқырмандарына, әсіресе, оңтүстік жұртшылығына етене таныс. Күні ертең асқаралы алпыс жасқа толғалы отырған журналистің қаламынан туған дүниелер ойының тереңдігімен, тілінің құнарлылығымен ерекшеленеді. Жақында ағамызбен кездесіп, өмір өткелдері, бүгінгі журналистиканың жай-күйі туралы ой бөліскен едік.


– Көпшілікті Сіздің журналистикаға қалай келгеніңіз қызықтырары анық. Әңгімемізді осыдан бастасақ.
– Тиышбай Махашев деген туған нағашым бар еді. Алып кісі. Күрестің бірнеше түрінен Қазақстанның чемпионы. Бүгінде марқұм боп кетті. Біз Жезқазған облысы, Жаңаарқа ауданына қарасты К.Маркс ауылында тұрдық. Тиышбай нағашым жыл аралатып әкпесі, яғни біздің шешеміз Алтынды іздеп келеді. Сарысу ауданында спорт бөлімінің басшысы болып жұмыс істейтін Тиышбай нағашымның ауылға келгені үлкен той. Елшіл, көпшіл, ақеділ азамат адам жатсынбайды. Сөздің жүйесін, кісіліктің әдебін біледі. Ауылдың қадірлі қонағы. «Алтынның інісі келіпті» деп ауылдағылар кезек-кезек мейман қылып жатады. Үйде сегізбіз. Бес қыз, үш ұл. Нағашым мені ерекше жақсы көрді. «Осы Ботаным болашағы үлкен жазушы болады» деп айтатыны есімде. Жазушы болдым деп айта алмаймын, Бірақ, журналист болдық.
Тағы бір қызық айтайын. Нағашым Алматыдағы ҚазПИ-дің тіл-әдебиет факультетіне түсірді. Біреуден сұрасаң бәрі оқуға өз күшімен түскен болып шығады. Солардың ішінде ежелеп оқитындарды да көрдік қой. Декан оқуға түскендерді қабылдады. Шашын маңдайынан жарып тараған алакөз жігіт оң аяғын тепсініп тұрып, біз сияқты көгенкөздердің атынан сөйледі. Сыртқа қабаттасып шықтық. Үлкен шәріге бірінші келген ауыл баласымыз, көрмегенге көсеу таң болып жүрміз. Әлгі жігіт нағашыма өзін «Асқар Алпысбаевпын» деп таныстырды. Алматының жанындағы Исаев деген ауылда тұрады екен. «Айналайын, қаланың баласы екенсің, мынау Бақтияр менің туған жиенім. Сен осыған бас-көз болып жүр» дейді нағашым. Ана жігіт оң аяғын Оралханның Кербұғысындай тепсініп, «қам жемеңіз, қарап жүремін» деп қояды.
Кербұғыдай тепсінеді демекші, бұл жігітіңіздің түбі Шығыс Қазақстан облысы екен. Бүгінде Асқар Алтай деген атпен Қазақстанға аты мәшһүр жазушы. Ауылда осындай шағын денелі жігіттермен алысқанда, үш-төртеуін домалатып кететін едім. «Мынау маған қалай пір болады» деп қарайтынымдай бар екен. Кейін оның «крышасы» өзіміз болдық қой. Екінші курста ҚазПИ-дің тарих факультетінде оқитын Қыдырбек Рысбекұлы деген жігітпен жолымыз түйісті. Сол кезден доспыз. Интеллектуал, кішіпейіл, жаман қасиеттерден ада, досқа адал Қыдырбекпен арамыз содан бері үзілген емес. Ол институттың соңғы курсында «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа қабылданды. Атақты Сейдахмет Бердіқұлов, Несіп Жүнісбаевтардан тәлім алған Қыдырбек Рысбекұлы кейіннен Қазақстандағы маңдайалды спорт журналисіне айналды.
– Сіздің журналистикаға келмес бұрын біраз жыл ауылда мұғалім болып, бала оқытқаныңызды білеміз. Ұстаздық дейтін ұлы кәсіпті қаламға айырбастауыңызға не түрткі болды?
– 1984 жылы оқу бітірдік. Алматыда қызметке қалуға мүмкіндік болды. Әкейдің денсаулығында кінәрат бар еді. «Қайт» деді, қайттық. Ауылда мұғалімдік орын болмай, көрші «Жеңіс» совхозының «Кенжебай Самай» деген бөлімшесінен бір-ақ шықтық. Әсілі, жаман мұғалім болмадық білем. Шәкірттерім әлі күнге дейін көрсе, «мұғалім» деп ізет білдіріп қояды. Бір жылдан соң әскер қатарына шақырды. Сахалинде, қазақтың аяулы ұлы Шәмші Қалдаяқов әскери борышын өтеген Анива қаласында керзі етікті күрпілдетіп танк экипажының командирі болдық. Қайтарда Алматыға, Қыдырбек досқа соққам. Кетерде ақылын айтты: «Бақтияр, Алматыға кел, менің де жетісіп жүрген жағдайым жоқ. Әйелім, екі баламмен орыс кемпірдің жертөлесін жалдап тұрып жатырмын. Айлығығым 60 сом, 40 сомын кемпірге беремін. Қаламақым бар. Сен ауылда мұғалім боласың. Мықтырақ шықсаң, мектеп директоры, наның көтерілсе, аудандық білім бөлімінің басшысы боласың. Сосын қалып кетесің ғой. Қайт. Бізге де жақсы өмір бар шығар. Тіпті, түк болмасақ, Алматыда бауырларымыз емін-еркін түсетін үй боламыз».
Әкей де іштей тығылып жүр екен. «Сөзімді жерге тастамай келгеніңе рахмет. Үйіріңнен айырдым ба деп өзім де қиналып жүретін едім. Достарыңа бар» деді. Алматыда «Лениншіл жасқа» жұмысқа кіруге мүмкіндік болған. Бас редактор Уәлихан Қалижановқа Қыдырбектен бөлек, Бауыржан Омарұлы, Әнуарбек Әуелбеков тілекші болып алып кірген. Уәкең ақпейіл кісі ғой. «О, о, Жаңаарқаның жігіттерін білем. Бірі әнші, бірі балуан. Орын босаса көреміз» деген. Орынбасары «бізге мұғалім емес, журналист керек» деп шорт кескеннен кейін «Қазақстан пионері» газетіне корректор болып кеттік. Ол кісі де жақсы кісі еді марқұм. Кейін атым шыққанда, өзі бас редактор болып отырған «Алматы ақшамына» орынбасарлыққа шақырды. Рахмет айттым.
Журналистикадағы қызметіме келсек, «Қазақстан мектебі» журналының «Бастауыш мектебінде» бөлім меңгеруші, «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналында жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарып, кезінде қызметке алмай қойған «Лениншіл жас» газетіне шақырылдым. Спорт бөлімінің меңгерушісі, бас директор қызметінде болдық. «Егемен Қазақстан» газеті Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі қызметін ұсынды. Бұл 2001 жыл болатын. Халқы кеңпейіл Оңтүстік жүрегіме жақты. Сырттан келді деген жоқ, бауырына тартты. Облыстың, қаланың бас газеттерінің тізгінін берді. Қалғанының бәрі көз алдарыңда...
– Журналистік ғұмырым деп қалдыңыз, тілшілер ел ішінде жүреді ғой. Көрген-білгеніңізден ерекше есіңізде қалған қандай оқиғалар бар? 
– Қызылорда облысында Жадыра Таспамбетова деген күрішші әпкеміз болды. Комбайнның бункеріне толған бидайды итерем деп бір аяғын ораққа жұтқызып алған. Кеңес Одағы кезінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Адамдарға көп көмегі тиген сол кісі еліміз егемендік алғаннан кейін Алматыға көшіп келмек болады. Тоқырау жылдары. Ешбір басшы аяғына отырғызбай қояды. Қала әкімі де, Ауыл шаруашылығы министрі де қабылдамай қойған. Жас басшылар танымайды, білгісі келмейді. Тек, Нұрлан Балғымбаев қана «Жадыра, біз сені ұмытқан жоқпыз. Көмек болады» депті.
«Жас Алашқа» жылап келді. Бас редактор Нұртөре Жүсіп тапсырма берді. Есім-сойын жазып «Мен аяғымды сатқан жоқпын» деген атпен газеттің айқарма бетіне мақала жаздық. Бір күні әпкем телефон соғады. Солқ-солқ жылап тұр. «Бақтияр, айналайын тез келші. Нұрлан Балғымбаев «отбасыңмен мініп жүр» деп шетелдік шағын автобус сыйлады. Рульге бірінші сен отыршы» дейді. «Әпке, жазу менің журналистік міндетім. Еңбек сіздікі, немереңіз отырсын» дедім.
Мақала нысанаға дөп тиді ме, қала әкімі де ұзатпай әпкемізге үй берді. Өзім алғандай қатты қуандым. Екі мыңыншы жылдардың басы ғой. Бір күні Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының сол кездегі директоры Темірхан Рыскелдиев бауырым телефон шалды. «Бәке, мына әкімқаралар құрылтай деп, облыстардың күндері деп, кесене түбіне дейін киіз үй құрып, дастарқан жаяды. Түнде арақ ішіледі, қызойнақ болады. Айтсақ, ешкім құлаққа ілмейді. Бір әрекет істеңізші» дейді.
Жаздық. Ащы қылып. Басшылардың шымбайына батып, ар-ұятын оятатындай етіп. Содан бері кесене түбіне киіз үй тігілмейді. Қызойнақ жоқ. Бір күні әулиеге зиярат ете бардық. Отбасыммен. Ту сыртымнан дыбыс үлкейткішпен «орталарыңызда әулие маңындағы жын-ойнақты тоқтатқан Бақтияр Тайжан кетіп барады. Рахмет!» деген сыңайда сөз айтылды. Жұрт бұрылып, жан-жағына қарайды. Мен ғой деп атқып шығатын желөкпе емеспіз. Бірақ, іштей қатты қанаттанып қалдық. «Оңтүстік Қазақстанның» директор-бас редакторы Абай Балажан кезінде «Евразия.KZ» деген газет шығарды. Беделді басылым еді. Біздің пайдақұмар байшыкештер тыныш жүре ме, облыс әкімін көндіріп «Бәйшешек» спорт базасын сатып алмақ болады. Таудағы маңдайға басқан жалғыз спорт базасы. Облыс спортының сол кездегі басшысы, атасына рахмет, Болат Қырықбаев барлық спорт директорын «Бәйшешекке» шақырып, қақ төрге мені отырғызып қойды. «Шешімді қайтару сенің қаламыңнан келеді» деді. «Евразия.KZ»-ке жаздық. Облыс әкімінің орынбасары, ұлтжанды азамат Дархан Мыңбай газетті облыс әкімінің алдына қойды. Сөйтіп, «Бәйшешек» спортшылардың өзінде қалды. Келер жылы әкім ауысып, тағы бір мықтылар шықты. «Бәйшешекті» сатып алмақ. Көп инвестиция салмақ екен. Басы Қырықбаев болып, тағы да мені шақырды. «Осындағы қалаған бөлме сенікі, бірақ, жеке қолға өтіп кетпесін. Әйтпесе, спортшылар далада қалады» деді.
Жаздық. Бәйшешек-2 деп. Жазғанымызды Дархан бауырымыз облыстың жаңа әкімінің алдына қойды. Аспанмен амандасқан «Бәйшешек» спортшылардың игілігіне осылай қалды.
– Спорт басшылары берген бөлмеңізге барып тұрасыз ба?
– Жігіттер шақырғанда қонаққа бардық. Бірақ, маған беріп едіңдер деп емеурін танытқан емеспін. Ғалымжан Зиябек куә, машинаңды жаңалап береміз деген спорт директорлары да болған. Ондайдан үлес ала беретін пайдакүнем болсам, бүгінде джип мініп жүрер едім. Жаратқан маған жүрек пен қалам берді, елге қызмет қыл деп. Міндетімді мейілінше атқарып келемін. Журналисті билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір деп жатады. Соның құнын түсірмеу керек. Өз кәсібіне адал журналистер көп. Бірақ, ит мініп, ирек қамшылаған бұл өмірде олардың абыройын түсіріп жүрген әсірежазғыштарға қатты ренжимін. Періште емес, пендеміз. Біздің де артық, кем түсіп жататын уақытымыз болады. Ал, өзім ұлы Абай айтқандай, «адамзаттың баласын сүй, бауырым деп» деген принциптің адамымын.
– Ақтарыла айтқан ашық әңгімеңізге рақмет! Қаламыңыз қаңтарылмасын, аға!

Әңгімелескен Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Ońtústik Qazaqstan».

2 пікір

  • Айгүл Мамыт
    Айгүл Мамыт

    Керемет дүние жазылыпты. Бәкеңді танысам да, қыр-сырын білмейді екенмін. Енді толық болмаса да, өмірінен хабардар болдым. Асқаралы 60 жасы құтты болсын. Өзі де өте сыпайы, адамгершілігі мол жан ғой. Аман жүрсін.

  • Қайрат
    Қайрат

    Керемет

Пікір қалдырыңыз