Түркістанда аламан айтыс болды

Ысқақ САДЫҚ, «Ońtústik Qazaqstan».

Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыка мектебінде Түркістанның облыс атанғанына төрт жыл толуына орай «Түркістан – Ер Түріктің бесігі» атты ақындар айтысы өтті. Дүбірлі дода  айтыстың ақтаңгерлері Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев, Мұхтар Ниязов  және Жансая Мусина, Нұрзат Қару, Шұғайып Сезімхан, Нұрлан Есенқұлов, Мейірбек Сұлтанхан сынды жалынды ақындар өз бақтарын сынады.
Айтыстың ашылу салтанаты Түркістан қалалық Мәдениет үйі қызметкерлерінің  «Йассы шаһары» атты театрландырылған көрінісімен басталды. Түркістан қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен жыр сайысында сөз алған Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев барша ақындарға сәттілік тілей келе, айтыс өнерінің  берері мол рухани құндылық екенін тілге тиек етті.
Аламан айтыстың алғашқы жұбын шымкенттік Нұрлан Есенқұлов пен алматылық ару Нұрзат Қару бастады. Әдемі әзілдерге құралған қыз бен жігіт айтысы көрермендер көзайымына айналды. Сондай-ақ, айтыс өнерінің азулы арландары түркістандық Бекарыс Шойбеков пен торғайлық Айбек Қалиевтің тартысты айтысы да ешкімді бей-жай қалдырмады. Алтын домбыраның үш дүркін иегері қызылордалық Мұхтар Ниязов пен Ақжайықтың аруы Жансая Мусина арасындағы айтыс та әдемі әзілдермен өрнектелді. Ал, Нұр-Сұлтаннан келген Мейірбек Сұлтанхан мен алматылық Шұғайып Сезімханның жыр сайысы да айтары мол айтыс болды. Қос құрдастың сөз қағысы да өз жарасымын тапқандай.
Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда дегендей, қазылар алқасы  аламан айтыстың жүлдегерлерін атады. Бас жүлдені алматылық ақын Шұғайып Сезімхан иеленсе, оралдық ару ақын Жансая Мусина бірінші орынға лайық деп танылды. Ал, екінші орынды қызыл- ордалық ақын Мұхтар Ниязов жеңіп алса, үздік үштікті түркістандық Бекарыс Шойбеков мен Арқалықтың арқалы ақыны Айбек Қалиев қорытындылады.  
 Өз кезегінде жыр додасының қазылар алқасының төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Бақыт Әбжанов бүгінгі жыр сайысында жалынды жас ақындарға назардың бөлекше болғанын атап өтті.
Айтысқа арнайы келген жырсүйер қауым Мәдениет үйі әншілерінің арнайы дайындалған концерттік бағдарламасын да тамашалап, ерекше серпінмен тарасты.
Пікір қалдырыңыз