Көшірме заңдардың күмәнді тұстары көп

Дәулет Тұрсынұлы, «Ońtústik Qazaqstan».

Кез келген заң өз ұлтының тілінде сөйлеп, ұлтының жоғын жоқтаса, түбінде сол ұлтқа қызмет ететіні айдан анық. Қазіргі қабылданып жатқан заңдардың барлығын бірдей ұлттық болмыс-бітімімізбен біте қайнасып жатыр деп айта аламыз ба? Айта алмаймыз, әрине. Себебі, бірінші орыс тілінде жазылып, кейіннен қазақшаға шала-жансар аударылатын заңдарда ұлттық ерекшелігіміз бен табиғи таным-түсінігіміз ескерілмейді. Қазіргі заңдардан қазақы менталитетімізді танып-білу қаншалықты қиын болса, қазақы қағидаларымыз да сол күйі қалтарыста қалып қойып жатыр. Басқаша айтсақ, қос палаталы Парламенттің сүзгісінен өткен заңдарда ұлтқа тән нышандар байқала бермейді. Оған мына бір оқиғаны мысал етсек те жеткілікті.

Жиырманың үстіне шыға қоймаған кентаулық Әмір есімді жігіт осыдан екі жыл бұрын 16 жасқа енді ғана қадам басқан сол қаланың Жанар есімді қызын алып қашады. Әрине, заң тұрғысынан алып қарағанда, кәмелет жасына толмаған қызды алып қашу адам ұрлаумен пара-пар қылмыс. Бірақ, бұл жерде барлығы қыздың келісімімен жүзеге асады. Сөйтіп, барлық жөн-жоралғысы жасалынып, екі жас шаңырақ көтереді. Күн артынан күн, ай артынан айлар өтіп жатады. Жанардың айы-күні жақындап, өмірге сәби келеді. Бірақ, Әмірдің осы қуанышы өзіне сор болып жабысады.  
– Әрине, ғашық адамға ештеңе кедергі бола алмайды екен. Мен Жанарға үйленер кезде ағаларым заң алдында жауап беретінімді ескертті. Бірақ, мен өз ісіме жауап беруден қашпадым. Оған дейін қайда жүргендерін қайдам, қызым дүниеге келген күні мені тергеуге шақырды. Жас қыздың ана атануына себепкер болғаным үшін үстімнен «жыныстық зорлық-зомбылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сөйтіп, сол жылы Кентау қалалық сотының үкімімен 2 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Алғашында ессіз ғашықтықтан туындаған қателігімді сот ескерер деп ойладым. Бірақ, заң оған мүмкіндік бермейді екен. Әйеліңмен бірге тұрсаң да, бәрібір жауапқа тартылады екенсің. Енді өтелмеген екі айым қалды. Бәрінен бұрын өз отбасыңда педофил деген атты арқалап жүру қиын екен. Бір жағы темір торда қамалып жатқанан гөрі отбасыңның қасында жүргенім қуантады, – дейді кейіпкеріміз. 
Жақында Әмірге педофил екенін айғақтап тұратын электрондық білезік кигізілді. Енді оның жүріс-тұрысы мен әрбір  қимылы осы жүйе арқылы қадағаланып отырады. Міне, асығыс шешім қабылдаудың соңы Әмірдің жан дүниесіне осындай дақ салып кетті. Біз бұл жерде Әмірді бас салып қаралаудан аулақпыз. Ол сүйгеніне ертерек қол жеткізіп, бір қыздың әкесі ретінде шаңырағын шаттыққа бөлеп отыр. Қазақы қалыпқа салсақ, бұл соншалықты педофил ретінде айыпталатын қылмыс та емес? Енді ол осы арсыз атауды қашанға дейін арқалап жүреді? Мұны естігенде балалары қандай күйге түседі? Міне, бұл біз жоғарыда сөз еткен бүгінгі заңдардың ұлттық болмысымызбен ұштаса бермейтіндігінің бір ғана көрінісі. Батыстың «адам құқығын сақтау» деп желеулеткен нормасының барлығын осылай заңдарымызға тықпалай берсек, күндердің-күнінде қазақы болмысымыздан ада-күде айырылып тынарымыз анық.
Пікір қалдырыңыз