Қызылжарда халықаралық турнир өтті

Ордабасы ауданы, Төрткүл ауыл округіне қарасты Қызылжар ауылындағы спорт кешенінде бокстан жасөспірімдер арасында дәстүрлі халықаралық  турнир өтті. Дүбірлі жарысты осы ауыл тұрғыны, ардагер спортшы Елхан Дәуетай осымен алтыншы рет ұйымдастырып отыр.

Осыдан бір-екі жыл бұрын ауылдағы мектепті 1995 жылы  бітірген түлектер демеушілік жасап, ауылға спорт кешенін салып берген-ді. Жасөспірімдердің дені сау, шымыр болып өсуіне ықпал ету мақсатында  бокс үйірмесі ашылды. Онда Бекжан Жұматаев пен Уәлихан Керімқұлов 100-ден астам баланы баптап, аудандық, облыстық турнирлерден олжалы оралып жүр.

Мұнда 2017 жылдан бастап республикалық жарыс тұрақты  ұйымдастырылып келеді. Ал, биылғы халықаралық додаға Өзбекстаннан, Алматы қаласынан, Талдықорған, Жамбыл, Қызылорда облысынан, Кентау, Арыс қаласынан, Түркістан облысының Отырар, Шардара, Бәйдібек   және Ордабасы аудандарынан барлығы 16 команданың 2007-2008, 2011-2012 жылы туған жеткіншектері бақ сынады. Жалпы саны 200-ден астам жасөспірім 12 салмақ категориясы бойынша бәсекеге түсті. «Қызылжар» орта мектебін 10 жыл бұрын бітірген түлектер ауыл қарияларын шақырып, ас беріп, батасын алды. Турнирге келген спортшылар мен бапкерлерді жатын орынмен, ас-суымен қамтамасыз етті. 

Төрт күнге созылған дүбірлі жарыс соңына жетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге демеушілер дайындаған кубок, медаль, бағалы сыйлықтар, Төрткүл ауылдық округі әкімінің Алғыс хаты табысталды. Қонақтар мен ауылдастар балалар жылында  жас ұрпақтың болашағын ойлап, дені  сау, шымыр болып өсуіне үлес қосып жүрген қызылжарлықтардың игі ісіне ризашылық білдірді.    

Беркінбек ЖАҚЫПҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. 

Пікір қалдырыңыз