Құрама Түркістанда жасақталады

Түркістан қаласындағы «Балуан Шолақ» спорт кешенінде еркін және грек-рим күресінен есту қабілеті төмен жасөспірімдер, жастар және 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында ел біріншілігі өтіп жатыр. 

Елішілік доданың салтанатты ашылу рәсімінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Айдос Қалтаев пен ҚР сурдо спорт түрлері бойынша аға жаттықтырушысы Бек Молдахметов құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі. 
Айта кетейік, сурдо күрес түрлерінен Түркістанда жалауы түрілген сайыстың жоғары дәрежеде өтуіне Түркістан облысының мүгедектерге арналған «Сауран» спорт клубы барынша қолдау көрсетіп, өңірде аталған спорт түрінің дамуына елеулі үлес қосуда. Ел біріншілігіне 10 облыстан 100-ден астам спортшы қатысып, боз кілем төрінде тартысты белдесулер өткізіп жатыр. 
– Негізгі мақсат алдағы сурдо олимпиада ойындарына қатысатын еліміздің құрамасын жасақтап, жақсы жетістікке жету, – дейді сала мамандары. Жарыс ертең қорытындыланады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы тағайындалған медальдармен және дипломдармен марапатталады.

Пікір қалдырыңыз