Азамат Дәулетбек. Қандай балуан?

Еркін күрес шебері, ел намысын 86 келі салмақта қорғап жүрген Азамат Дәулетбек – қазақтың қазіргі таңдағы айтулы балуандарының бірі. Ол жақында Бішкектегі құрлық чемпионатында қатарынан үшінші рет Азия чемпионы атанды. Бұған дейін еркін күрестен үш мәрте Азия чемпионы болған жеңіл салмақтағы Дәулет Ниязбеков еді. Енді сол биікке Азамат та иек артты.

Азамат бұған қоса 2022, 2023 жылдардағы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Бұл жетістіктер 30 жастағы сақа балуанның әбден кемеліне жеткендігін, бабына келгендігін білдірсе керек. Ұзақ жылғы толассыз еңбектің, жанкешті ізденістің арқасында Азамат кейінгі үш жылда өзінің әзірге ең биік шыңдарына табан тіреді.

Бұл жеңістер қызыл тілмен тізбектегенде ғана әдемі естіледі. Мысалы, 3 дүркін Азия чемпионы! Ғажап жетістік! Жігіттің жігітінің ғана қолы жететін асқаралы белес! Ал, қара теріңді сығып алған зілбатпан бейнеті, сарыуайымға батырып, тәтті ұйқыңды ұрлаған түндері, жолбарыстай жігіттермен жан аямай арпалыса тірескен сәттері, болмайтын жерде қапы кетіп көкірегі оттай жанған кездері Азаматтың өзіне ғана аян. Жеңістің ләззаты қандай тәтті болса, азабы одан да ащы! Азамат отыз жасында осыны ұқты. Ұққанда жан-тәнімен, қызыл қаны бүлкілдеген алпыс екі тамырымен сезінді.

Енді оның Бішкектегі үш белдесуін қысқа қайырайық. Қытай балуаны Лимен күресінде ғана Азамат айқын басымдық танытты. Алдамшы қимылмен бірнеше рет белге өтіп кетті, аяқтан ілді. Төрттағанға күшін сарықпай, ұпайды табан тірескен айқаста олжалап отырды. Бұл – өзіне сенімді, тәжірибесі толысқан балуанға тән қасиет. Есеп – 11:0! Бұл – бапкері Асқар Ерболұлы екеуінің есебінің дұрыс шыққандығының дәлелі. 

Иран балуаны Хади Бахтиярмен жекпе-жек тым шиеленісті өрбіді. Азамат шыққан бетте сұмдық қуатпен жұлқып қап аяқтан ілді де, екі ұпай олжалады. Ал, Хади ұстасқан бойда мұны күтпей, қапы қалды. Бұл да біздің жігіттің тактикалық есебі. Себебі, Иран балуаны еңселі, қарулы, төзімді жігіт. Тың кезіңде ұпайыңды арттырып алмасаң, әрі қарай қиын соғатынын Азамат білді. Соңғы секундтарда Хади біздің спортшыны аяқтан алып, ұтып кете жаздады. Осы жерде мына деректі айта кетейік: 86 келі салмақта Иранның мақтанышы Хасан Яздани Олимпиада жеңімпазы, әлемнің үш мәрте чемпионы болса, былтыр Азия чемпионатының финалында Азаматтан ұтылған Алирез Карими дүние жүзі чемпионатының күміс, қола медалисі, Азия ойындарының жеңімпазы. Биыл күрескен Хади Бахтияр Азия чемпионатының қола медалисі. Біз кейінгі үш жылда әлемдік додаларға жалғыз Азамат Дәулетбекті жіберсек, Иран құрамасы үш мықтысын қатар ұстап отыр. Ойланатын мәселе.

Азамат Азия чемпионатының финалында өзін бұған дейін екі рет жеңген өзбекстандық Жабрайыл Шапиевпен бес жарым минут тең тіресіп тұрып, алдап соқты. Екеуі сыралғы қарсыластар. Азамат үнемі белге, аяққа ұмтылғандай сыңай танытып, онысынан түк шықпағандай алдаусыратып жүрді де, бәсеке бітуге 29 секунд қалғанда Шапиевті алапат қимылмен белден қапсырған бойда басып қалды. Бұл да алдын-ала ойластырылған қақпан болатын. Иә, ол аңдысқан айқаста өте қырағы болды. Мүлт кеткен жоқ. Токио Олимпиадасында қола медальға таласқан, былтырғы Азия ойындарында қола жүлдені олжалаған Шапиев Дәулетбектің тасқамал қорғанысын бұза алған жоқ.

Аллаға шүкір, Азаматтай ұлымыз бар. Енді бұл жігіттің Париж Олимпиадасындағы мүмкіндігін шамамыз жеткенше саралап көрейік. Оның ең басты қарсыласы – 2021 жылы Токио Олимпиадасында топ жарған, дүние жүзінің 2018, 2022, 2023 жылдардағы чемпионы Дэвид Тейлор (АҚШ). Тейлор 2021 жылы әлем чемпионатының финалында Язданидан жеңілгеннен кейін ешкімнен ұтылған жоқ. Былтырғы дүниежүзілік чемпионатта Азамат Дэвидке тек бірінші кезеңде ғана тегеурінді қарсылық танытты. Екінші кезеңде Тейлор қатарынан төрт рет аяққа өтіп, Дәулетбекті еркін еңсерді. 

Париж Олимпиадасында 86 келі салмақтың басты фавориттерінің бірі – Рио Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің үш дүркін чемпионы, ирандық Хасан Яздани. Ол 2021 жылы Токио Олимпиадасында және кейінгі 2022, 2023 жылдардағы екі әлем чемпионатында тек Дэвид Тейлорға есе жіберді. Басқа ешкімнен жеңілген жоқ. Соған қарамастан Париж Олимпиадасында алтын медальдан үміткер бірден-бір балуан. 

Біз өз бауырымызға мысықтілеу емеспіз. Бірақ, Парижде Азаматқа осы екі саңлақпен тайталасу тым ауыр соғады. Ақиқатын айтсақ, 86 келі салмақтағы басқа балуандардан Тейлор мен Язданидің шоқтығы әлдеқайда биік тұр. Бұлардан басқа Осман Нұрмагомедов, Назем Амин, Артур Найфонов, Дипак Пуниа, т.б. жампоздар Парижге турист боп бармайтыны белгілі.

Асылы, өз кәсібіне шын берілген, кәсібін терең меңгерген адамның іс-қимылы сенімді әрі нәтижелі болады. Азаматтың бапкері Асқар Ерболұлы жаттығу процесі тек жүйелі жоспармен жүретінін айтты. Екеуі Париж Олимпиадасына дейінгі әр күнді шегелеп, жоспарлап қойыпты. Алла істеріне береке берсін! Иә, Азамат қазір нағыз зар күйінде. Тактикалық жағынан сауатты, сезімтал, күшін есеппен жұмсайды, қатты толқып, күйіп-жанбайды, жүйкесі берік, қарсыласты алдаусыратып жеңуге шебер, қарулы, ең бастысы, өзіне бек сенімді, қарсыласынан қаймықпайды! Алла Тағала Асқар екеуінің жолын оңғарып, Олимпиада шыңынан қол бұлғап жатса, барша қазақ арқа-жарқа болар едік! Соған жазсын!

Қыдырбек РЫСБЕК.

Пікір қалдырыңыз