Жылыжайда жұмыс көп, жұмысшы жоқ...

Баян Дарғожина,  «Ońtústik Qazaqstan».

Жыл өткен сайын облысымыздағы жылыжайлардың көлемі артуда. Бүгінде республикадағы жылыжайлардың 80 пайызы Түркістан облысының үлесінде.

Қазығұрт ауданындағы «Қазығұрт нұры» ЖШС-нің директоры Аманжол Әшірбаев қазіргі таңда 3 гектар аумақты алып жатқан жылыжайы мен өзге де қосалқы шаруашылықтарын есептегенде, барлығы 85 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкер жылыжайын тағы да кеңейткісі келеді, алайда, ол үшін жұмыс күші қажет. Жұмыс көп болғанымен, жұмыс күші тапшы. Бір қызығарлығы, қожалықта еңбек етуге құлықты адамға барлық жағдай жасалған. 20 шақырым жердегі ауыл тұрғындарын арнайы автобус тасымалдайды, түскі тамақтары да тегін. Қалада сабылып жұмыссыз жүргендер үшін қолайлы мүмкіндік. Алайда, тіпті «зейнетақы қорына ақша аударып, заңды түрде айлық беремін» десе де мұнда ат басын бұрып жатқандар шамалы. Ал, қожалықта әр жұмысшының орташа айлық жалақысы 120 мың теңге көлемінде.
Әрине, кәсіпті бастаған соң нәсібін жегенге не жетсін! Бүгінде жылыжай иесі  3 гектар жерде қияр мен қызанақ өсіріп, көл-көсір пайдаға кенеліп отыр. Бір жылда екі рет өнім алады, гектарына  200 тонна өнім жиналады екен. Сонда 3 гектардан жылына 600 тонна қияр мен қызанақ жинайды. Өнімді Алматы, Солтүстік Қазақстан өңіріне саудалайды. 
Кәсіпкер жылыжай шаруашылығымен 2013 жылдан бері айналысып келеді. Жуырда қожалыққа сенатор Әли Бектаев ат басын бұрыпты. «Ол кісіні қатты қайран қалдырғаны, бүкіл Қазақстан бойынша мен ғана жұмыс күші жетпейтіндігі жайлы мәселе көтеріппін» дейді  Аманжол Орманұлы. 
Кәсіпкер жұмысшы күшінің жетпеуі себебін де өзі айтты. Жалпы, оңтүстік өңірінде жылыжай шаруашылығымен айналысу осы Қазығұрт, Сарыағаш аудандарынан басталады. Әсіресе, Сарыағаш ауданы жылыжайдың отаны деседі. Сондықтан бұл төңіректе жұмысшылар жетіспей жатса, өзге аудандарда, керісінше, жұмыс орны тапшы. Жұрт екі қолға бір күрек таппай жүреді. 
Қазіргі таңдағы нарықтағы қиыншылық жылыжай иелеріне де оңай тиіп отырған жоқ. Құрылысы бітіп тұрған тағы бір гектар жылыжайдың төбесін жабатын жамылғыны Еуропадан жеткізу проблема болып тұр. Мұнан бөлек, тұқым табу да бір проблема. Оның үстіне жылыжайды жылыту үшін кәсіпкер жылына 1400 тонна көмір жағады екен. Көмірдің бағасы да жылдан жылға қымбаттап бара жатқаны белгілі.
Бүгінде жылыжайда қарбалас тірлік. Екі аптаның ішінде қызанақты толық жинап бітеді. Содан кейін 5 маусымда тұқымды горшоктарға сеуіп, көшет дайындауға кіріседі. Жерді тыңайтады. Ал, 5 шілдеде жерге көшеттер отырғызыла бастайды. Ал, қазан айында биылғы жылдың екінші өнімін жинау басталады. Міне, жыл он екі ай бойы тіршілік осылай жалғаса береді. 
– Үкімет бізден нені талап етеді? Мол өнім алып, нарықты толықтай қамтамасыз етуді ме? Егер мемлекет басындағылар бізге бағаны реттеп берсе, біз бір гектардан 200 тонна емес, 500 тонна өнім жинай аламыз. Бүгінгі күннен бастап баға төмен түсіп барады. Меніңше, Үкімет біздің мол өнім алуымызға қызығушылық танытып отырған жоқ. Тым болмағанда көмір алуға субсидия берсе, ол үлкен көмек болар еді. Көмір де, тұқым да, тамшылатып суару құралдарының бағасы да жылдан жылға қымбаттауда. Бүгінде тұқымның бағасы алтыннан да қымбат. Ашығын айтқанда, шет мемлекеттер біздің Қазақстанның арқасында күн көріп, пайда тауып отыр. Ал, Қазақстан тарапы отандық өнім өндірушілерді қолдаудың орнына қақпаның бәрін ашып тастады. Содан да нарықты шеттен кірген тауарлар жаулап алды. Ал, бұл ақша шет жаққа кетіп жатыр деген сөз. Негізінде жылыжай шаруашылығы жағынан біз Өзбекстан, Түркіменстанмен бәсекелес бола алмаймыз. Ол – түсінікті жәйт. Олардағы қыс пен біздің қысты салыстыруға болмайды. Олардың шығыны бізден аз. Кейін өнімін бізге әкеліп сатып, бизнестерін өркендетеді. Керісінше, елге шетелдерден келетін дақылдарды кіргізбей, отандық өнім шығарушыларға қолдау көрсету қажет. Қазір біздің ауданда 130 гектар жылыжай болса, соны 1000 гектарға жеткізу керек. Ал, бұл өз кезегінде халықты жұмыспен қамтып, олардың әлеуметтік деңгейін көтеруге мүмкіндік береді. Сонда ақша да шетелдерге кетпейді. Ол үшін кәсіпкерлерге барынша жағдай жасаған жөн. Біздің оңтүстік өңірі көкөніспен бүкіл Қазақстанды  қамтамасыз ете алады. Кәсіпкерлерге жәрдем беріледі деп жыл сайын айтылғанымен, мемлекет тарапынан ешқандай жәрдем жоқ. Несие алудың өзі бір қиямет. Мен өз бизнесімнің барлығын несиемен бастағанмын. Бұл тұрғыда елді банктер басқарып отыр демеске лаж жоқ. Себебі, олардың барлығы жекеменшіктікі. Үкімет соларға бағынышты. Шетелдерде несиені 2 пайызбен береді екен. Біздің елде де сондай пайызбен беріп, отандық өнім шығарушыларды неге қолдамасқа?! – дейді Аманжол Әшірбаев. 
Кәсіпкер жылыжай шаруашылығымен айналысқысы келетіндерге де өз кеңесін айтты. Кәсіпті енді ғана бастамақшы болып жүргендер бірінші кезекте күннің қызуы жоғары және сулы жерді таңдауы тиіс. Әрі су ащы емес, тұщы болғаны жөн.  
Аманжол Әшірбаев кәсіпкер ғана емес, «Amanat» партиясының мүшесі, аудандық мәслихат депутаты. «Депутат болғаныма бір жарым жыл болды. Елге берген уәденің үдесінен шығуға, халық сенімін ақтауға тырысып келемін. Турасын айтайын, негізінде депутаттарды тәуелсіз кәсіпкерлерден сайлау керек. Мәселен, мектеп директоры, мектеп мұғалімі, мемлекеттік сектордың қызметкері еш уақытта қарсылық көрсетпейді, әкімнің айтқанымен жүреді. Ешкімге тәуелсіз депутаттар ғана ойын ашық айта алады» деген халық қалаулысы өзінің аудан бюджетінің тиімді жұмсалуына қатты мән беретінін айтты. Себебі, «судың да сұрауы бар» демекші, бюджет облыс немесе аудан әкімінің жеке қаржысы емес, халықтан түсіп отырған салықтардың жиынтығы. Сондықтан  бұған жанашырлықпен қарап, әр бөлінген ақшаның өз орнымен жұмсалуын, сондай-ақ, бюджетті аз ақша жұмсап, үлкен жұмыстар істелетін жерге пайдалану қажеттігін айтады. 
Пікір қалдырыңыз