Күн электр станциясы алғаш рет мектепке орнатылды

Енді аталмыш мектеп күн энергиясын тиімді пайдалану арқылы, «жасыл энергияға» толығымен көшті.

Бүгін Түркістан облысының әкімдігі мен «Eni» компаниясының мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында Түркістандағы Ж.Ташенов атындағы №23 ІТ лицеінде жаңартылатын қуат көздерін қолдану және энергия үнемдеу бағытында 50 кВТ-қа тең болатын күн электр станциясының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Енді аталмыш мектеп күн энергиясын тиімді пайдалану арқылы, «жасыл энергияға» толығымен көшті.

 

Жоба аясында мектеп өңірдің жоғары күн әлеуетін пайдаға асыратын қуаты 50 кВт фотоэлектрлік күн стансасымен жабдықталды, ол 1900 оқушы білім алатын мектептің қажеттіліктері, атап айтқанда жылыту, жарықтандыру, су жылыту үшін жасыл энергияны қамтамасыз етеді. Жарықдиодты шамдарды, жылыту радиаторларына термореттегіштерді, сонымен қатар жылу шығынының алдын алу мақсатында терезелерге қуат үнемдейтін төмен эмиссиялы үлдір (пленка) орнату арқылы мектептің энергия тиімділігі жетілдірілді.


Шараның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш, «Eni» компаниясының Орталық Азия аймағы бойынша басшысы, «Аджип Каспиан Си Б.В.» компаниясының басқарушы директоры Лучано Васкес, «Arm Wind» ЖШС басқарушы директоры Алекс Стиллавато қатысып, өздерінің жылы лебіздерін білдірді. 


– Түркістанда тарихи оқиғаның куәсі болып тұрмыз десек болады. «Eni» компаниясы мен БҰҰ Даму бағдарламасы қаламыздағы мектепке  күн қуатын пайдаланатын қондырғы орнатып, жұртшылыққа ұсынып отыр. Облыста демографиялық өсім жоғары. 900 мектеп бар. 2025 жылға дейін өңірде 200 білім ұясын салуды жоспарлап отырмыз. Мектеп салу басқа, оның заманауи оқу бөлмелерімен, технологиямен қамту керек. Бүгін жиналып отырған білім ұясында информатика пәні тереңдетіліп оқытылады. Бірінші рет осы мектепке күн электр қондырғысын орнатып отырмыз. Біріншіден, мектептің электр қуатына жұмсайтын шығыны едәуір азаяды, екіншіден, оқушылар жаңартылатын энергия қалай өндірілетінін өз көздерімен көріп өседі, – деді Өмірзақ Шөкеев.


– 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптық мақсатына жету – Қазақстан үшін де, дүниежүзіндегі елдер үшін де аса маңызды басымдық. БҰҰДБ экономиканың төмен көміртекті дамуы және энергетика секторындағы трансформация аясында ҚР Үкіметімен және барлық серіктестермен жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті, – деп атап өтті БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш.

 

Бұл жоба жергілікті деңгейде халықтың нақты қажеттіліктерін өтейтін жобаларды одан әрі әзірлеу мақсатында Eni-дің серіктестермен ынтымақтастықты нығайту жөніндегі стратегиясы негізінде іске асырылды. Осы бірлескен бастаманың арқасында мектеп көміртегі шығарындыларын азайтып және қуат үнемдеу мақсатына қол жеткізе отырып, энергия тұтынуын азайта алады, – деді Eni-дің Орталық Азия өңірі бойынша басшысы Лучано Васкес.


Атап айтар болсақ, «Eni» компаниясы Қазақстан Республикасында 1992 жылдан бері 30 жылға жуық уақыт жұмыс істеп келеді. Әсіресе шетелдік  мұнай мен газ саласын дамыту бағытында ауқымды үлес қосып келеді. Компания Қазақстан Республикасында жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі алғашқы жобасын 2020 жылғы наурыз айында Ақтөбе облысында қуаты 48 МВт жел электр стансасын салу арқылы бастады. Ол жыл сайын шамамен 195 ГВт/сағ электр қуатын өндіріп келеді. Бүгінде «Eni» копаниясы Отырар ауданының орталығының маңынан қуаты 50 МВт болатын  күн электр станциясының құрылысын жүргізілуде.

 

Ысқақ САДЫҚ,

«Ontustik Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз