Ол атақ алмаған батыр еді

Жеңіс! Бұл сөздің мән-мағынасын, қадір-қасиетін талай рет өліммен бетпе-бет келген майдангерлерден артық түсінетін ешкім жоқ шығар. Мен келін болып түскен әулеттен бір үйден  әкесі Бұғышиев Сәрсенбай  мен баласы Сәрсенбаев Айбек екеуі майданға аттанған. Ұлы Жеңісті Берлинде қарсы алып, екеуі де 1949 жылы туған топыраққа аман-есен оралған.

Сәрсенбай атаны көрмедім, Айбек атамыз «Катюшаны» бар даусымен рахаттанып айтып отыратын. Айбек атамыздан соғыс туралы сұрай қалсаң, «Айтпа, құрысын, несі жақсы дейсің» деп қайырып тастайтын. Созақ ауданында мал дәрігер болып қызмет істеп, 1987 жылы көзі тірісінде II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен наградталды. 

Менің азамат болып қалыптасуыма себебін тигізген Ұлы Отан соғысының ардагері Балтабай Нұрлыбеков атамыз. Балтабай ата Сәрсенбай атаның ағасының жалғыз ұлы.Әулеттің ішіндегі сол кездегі көзі ашығы Балтабай ата өте тұйық, артық сөйлемейтін, ақылды кісі болатын.Созақтық ағайындар оқымысты ата деп пір тұтатын. 1979 жылы отау құрған жылы Балтабай ата мен Мәкен апамен бір үйде тұрдық. Сол бір жыл мен үшін үлкен өмір сабағы болды.Бір бөлме толы кітап. Макаренко туралы көп оқитын, оның тәрбиеге тұнып тұрған еңбектері туралы шәй үстінде айтып отыратын. Ата сол жылдары Шымкенттегі педагогикалық институтта оқытушы болып қызмет ететін. Өте мықты ғалым, педагогика ғылымдарының кандидаты. Үйде сымдай тәртіп. 

Соғыс басталган жылы Балтабай ата облыстық партия комитетінің кадр бөлімінде жауапты қызмет атқарып жүрген екен. 1942 жылдың 12 қыркүйегінде Балтабай атаға да «шақыру қағазы» келеді.Алдымен Әскери академияда оқиды. Көзі ашық азамат қатардағы тыңдаушыдан бастап, 1943 жылдың 5-ші шілдесіне дейін рота командирінің саяси бөлім жөніндегі орынбасарлығына дейін өскен. Берлинге дейін жетіп, жеңісті неміс жерінде қарсы алған. 

Қолымда Балтабай атаның Шымкент әскери комиссариатынан берілген №08261 Г-311242 әскер билеті. «Штабтық қызметте лейтенант шеніндегі «Смерш» бөлімінің жедел уәкілі деп жазылыпты. Әскери билетте қарсы барлау басқармасының 1946 жылдың 22 тамыздағы №32 бұйрығы бойынша лейтенант шенінде запасқа шығарылған. Көптеген медальдармен 1985 жылы II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен наградталған. Жұбайы Мәкен апа екеуі көршілес Өзбекстандағы Шымқорғанда тұратын қандастарымыздың елге оралуына атсалысқан. Олар қазір Шұбарсу елдімекенінде тұрады. Барлығы дерлік қандастарымыз. Шұбарсудағы халық саны – 27 700. Осы еңбегі ескеріліп, Шұбарсу елдімекеніндегі орта мектепке Балтабай Нұрлыбеков есімі берілді. Сырын ешкімге шашпайтын біртоға адамның үлкен жүрегі ел деп соқса да берген сертке адал азамат атқарған жанқиярлық еңбегі туралы ешкімге айтпай-ақ өмірден өтті. «Смерште» немен айналысты, оны қанша сұрасақ та айтқан емес. «Өтіп кетті ғой, өткенге оралып қайтеміз» деп жай ғана жымиып қоятын. Жарияға жар салмаса да «Смершке» қатысқан әрбір қазақтың жеңіске қосқан үлесі шексіз. «Смерштің» бел ортасында қызмет еткен осындай отаншыл азаматтан тәрбие алғаныма қуанамын. Барлау қызметінде жұмыс істеген әр қазақ ресми атақ алмаған батыр болмағанда кім болады?! 


Калыйма ЖАНТӨРЕЕВА,

«Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты.



Пікір қалдырыңыз