Қазығұрттан табылған құмыралар көне тарихтың көзі емес пе?

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Нұх пайғамбардың кемесі аялдаған киелі Қазығұрттың тарихы тым тереңде жатыр. Сол себепті бұл маңнан ескіліктің көзіндей болған жәдігер дүниелер көптеп табылып жатады.
Тарихи өңір таяуда өзінің тағы бір құпиясынан сыр шерткендей болды. Яғни сәуір айының 24 жұлдызы күні кешке жауған нөсердің салдарынан жыра-жықпылдар опырылып, сай-салалар суға толып, жер астында жатқан беймәлім дүниелер тоқтау білмейтін топан судың екпінімен жер бетіне шығып қалды. Жер бетіне шығып қалған сондай жәдігерлердің бірі – жергілікті халық көненің көзіне балап отырған қыш құмыралар еді. Оны жаңбыр жауған күннің ертеңіне таңалакеуімде жылқысын арқандауға алып бара жатқан ауыл тұрғыны Әбдірейім Тілектас байқап қалған. Қызылсеңгір ауылының күншығыс бетіндегі адырды бетке алып бара жатқан ол шамамен бір-бір жарым метр тереңдіктегі су шайып кеткен жыра түбінен қаз-қатар тізіліп тұрған құмыраларды байқап қалады. Алқашқыда қойтас екен деп ойлаған ол құнды жәдігер екенін білген соң қасына көмекшілерін шақырып, салмағы шамамен 10-15 келі шығатын құмыраларды ақырын аршып алады. Біреуі аздап бүлінгені болмаса қалғандары дін-аман. «Құмыраның екеуі тігінен тұрса, біреуі көлденең жатыр. Сол көлденең жатқанына зақым келіп, бірнеше жерінен сынған. Бұл, бәлкім, көлденең жатқан соң үстінен басқан ауыр салмақты көтере алмаған болса керек. Әлде екпінді селдің салдарынан тасқа тиіп қираған болуы да мүмкін. Өйткені, су шайған жыраның түбіндегі құмыраның біреуі орнынан қозғалған екен» дейді көмбені алғаш көрген ауыл тұрғыны.
Иә, ауыл тұрғындарының айтуынша, бұған дейін де бұл маңнан көненің көзінен сыр шертетін құнды жәдігерлер табылған. Өздері үстінен күнделікті ары-бері өтіп жүрген бұл жерді тереңірек зерттесе әлі талай тарихи дүниелер табылуы мүмкін. «Кезінде Шаш қаласына қарай бет алған талай керуен осы жолды кесіп өткені белгілі. Үлкен жолдың бойы болғандықтан бұл маңда сауда-саттықтың да көрігі қызған болар. Кім білсін, тарихи деректер біздің ауылдан шамамен бір жарым шақырым батыс жақта үлкен шайқас болғанын ишаралайды. Біздің мектепте жұмыс істейтін Құндыз Әлібаева апайымыз осыдан біраз жыл бұрын күміс қоңырау мен ат әбзелдерін тауып алған болатын. Мұның өзі бекер емес, яғни бұл ауыл маңынан археологиялық қазба жұмыстарын жүргізсе, әлі талай тарихи дүниелердің табылуы мүмкін» дейді тарих пәнінің мұғалімі Қайсар Саттарұлы.
Қызылсеңгір ауылының іргесі осыдан отыз үш жыл бұрын қаланған болатын. Мұнда негізінен тәжік­стандық қандастар қоныстанған. Тасқын селдің салдарынан бұл ауылда да бірнеше үй бүлініп, үшеуі мүлдем жарамсыз болып қалған. Қора-қопсысы қирап, малдары суға кеткен ағайын көненің көзіндей болған қыш құмыралардың табылуын жақсылыққа жорып отыр.
Пікір қалдырыңыз