Кәсіпкерлерді несиелеу жұмыстары басталды

Түркістан облысы – кәсіпкерліктің саны бойынша елімізде алдыңғы қатарда. Шағын және орта бизнес қарқынды дамып, олардың саны 147 мыңнан асты. Пандемияға қарамастан былтыр жалпы кәсіпкерліктің саны 6,8 мыңға артқан. Өндірілген өнім көлемі 47%-ға ұлғайып, 1,2 трлн. теңгеге жетіп отыр. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында баяндалды.
Өткен жылдың қорытындысымен шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 26%-ды құрап, алдағы төрт жылдық көрсеткіш асыра орындалды. «Қарапайым заттар экономикасы» арқылы бүгінгі күнге 42,9 млрд. теңгеге 315 жоба қаржыландырылған. Бағдарламаны жүзеге асыру бойынша Түркістан облысы алдыңғы қатарда. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы да белсенді орындалуда. Бағдарлама бюджеті биыл 43%-ға артып, 11,6 млрд. теңгеге жетіп отыр. Қазіргі таңда несиелеу жұмыстары басталды.
2022 жылға бюджеттен бөлінген қаражат шеңберінде несиелерді субсидиялау арқылы кәсіпкерлерге жеңілдетілген 6%-бен 40 млрд. теңге шамасында несие беру мүмкіндігі бар. Жеңілдетілген несиелерді кәсіпкерлерге барынша бағыттау үшін аудан және қала әкімдіктерімен жұмыстар жүргізілуде.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен жергілікті деңгейде бірқатар жобалар іске қосылып, сәтті жүзеге асырылуда. Ірі кәсіпкерлердің көмегімен микробизнесті, стартаптарды қолдау мақсатында өңірімізде «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы бастау алған болатын. Ол бойынша 16 стартап жобаға менторлар қолдау көрсетті. Жоба жалғасын табады.
«Бастау Бизнес» түлектерін қаржыландыру мақсатында «Атамекен – Түркістан» микроқаржы ұйымы құрылған болатын. «Бастау Бизнес» түлектері бүгінгі таңға 1,4 млрд. теңгеге несиеленді, қосымша 1,1 млрд. теңгеге несиелеу жалғасуда.
Сондай-ақ, «Керуен сарай» және «Экобазар» саудагерлеріне арналған «Yassy Business» бағдарламасы жұмыс істейді. Қазіргі таңда 180 млн. теңгеге 10 жоба қаралуда. Бағдарламаның жалпы қаржысы – 1 млрд. теңге, оның 330 млн. теңгесі жергілікті бюджеттен, 670 млн. теңгесі Даму қорының қаржысы. Бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлерге 25 млн. теңгеге дейін 7 жылға 4%-бен несиелер беріледі.


Пікір қалдырыңыз