Туған тілге де тірек керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Ең бастысы – еліміздің егемендігі! Шын мәнінде, біз үшін Қазақстанның тәуелсіздігі бәрінен қымбат» деп атап көрсетті. Ал, мемлекетті мемлекет ететін оның тілі. Тіл жойылған жерде мемлекет те болмайды. Президентіміз бұл жөнінде айтудай-ақ айтып келеді.

Бірақ, соны ескерер жан аз сияқты. Мәселен, біздің киелі мекен саналатын Түркістан қаласында соңғы кездері бірқатар келеңсіздіктердің куәсі болып жүрміз. Айталық, қоғамдық көліктерге міндіңіз дейік. «Народный банк» остановкасына келдік» деп хабарлайды. Осыны «Халық банкі» аялдамасына келдік» деп айтуға неге болмайды? Бір сөйлемде екі бірдей қате жіберу кімге абырой әпереді?
Жолаушыларымыздың да міні
жетеді.
– Екі детский, бір взрослый билет беріңіз, – деп сөйлейтін жолаушыларды күн сайын кезіктіріп жүрміз.
Сонда «екі балалар, бір ересектер билетін беріңіз» деп сөйлеуге неге болмайды?
Болады, әрине. Бірақ, бізде құнт жоқ. Аузымыз солай қалып алып кеткен. Бұл енжарлық па әлде немқұрайлылық па? Сірә, немқұрайлылық болар.
Қай жағынан алып қарасақ та немқұрайлылық жүрген жерде шикілік болады. Біз бүгінде мемлекеттік тіл үшін, оның тазалығы үшін күресіп жүрміз. Тіліміз шетелдерден келген кірме сөздерден онсыз да былғанып жатыр. Осылай кете берсек, туған тіл тамырына балта шауып алуымыз мүмкін ғой.
Туған тіл ең әуелі өзімізге керек. Сондықтан «қалып алып кеттім» деп сылтаурата беруге болмас. Біз барлығымыз жұмылғанда барып туған тіліміз тазарады. Осыны ұмытпайық.

Нұрділда ЖҮСІПОВ.
Түркістан қаласы.


Пікір қалдырыңыз