Абайдың әжесі неге Зере атанған?

Осыдан он жылдай бұрын «Абайдың әжесі ұзатыларда мұрнына сырға таққан» дегенді басылымдардың бірінен оқыған едім. Оның қаншалықты рас екенін білу үшін абайтанушы ғалымдарға хабарласқанмын. Жақында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің докторанты Алғабек Қабыл осы бір дерек бойынша зерттеу жүргізіп, ғылыми мақала жазып шыққаны туралы айтты. Тоқбаланың қалай Зере атанғаны туралы мақаланы өздеріңіздің назарларыңызға ұсынып отырмыз.
«Абайдың әжесінің азан шақырып қойған есімі – Тоқбала. Оның атасы Бектемір дәулеті мол кісі болған деседі. Сүйікті немересін бой жеткенде мұрын кеңсірігіне қысатын салпыншақ алтын сырғамен ұзатып, ол мінген аттың алдыңғы екі аяғына күміс білезік салдырыпты. Осындай ерекше жасаумен келген қалыңдықты қайын жұрты Зере атаған екен. Жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбай «Құнанбай (Тарихи және әдеби тұлға)» атты кітабында «Көз тимесін деп мұрнына зере-сырға тағып жүргендіктен де Зере атап кеткен» деп жазады.
Ертеде қазақтың кейбір рулары осындай салт ұстанған. Өзбекстанның Сурхандария (Термез) облысында мұндай салт әлі күнге дейін бар. Түркімендер мен өзбектер ондай сырғаны «Арабек» деп атайды екен. Қазақ қолөнері туралы кітаптарда мұрынға тағатын сырғалар «арабек», «зере», «зерен» делінеді.
Африка, Үндістан халықтарында тұрмысқа шыққан қыздар мұрнына сырға таққан. Ұлтымызда мұндай дәстүр көп кездесе бермейді. ХVІІІ ғасырдың аяғына қарай (1785-1790 жылдар) орыс зерттеушісі, әскери инженер-топограф, өлкетанушы-этнограф Иван Григорьевич Андреев Семей өңірінде болып, зерттеу жүргізген. Соған байланысты жазылған еңбегінің әйелдер туралы бөлімінде «кейбірі мұрнына кішкентай күміс шығыршық тағады, соған қарай әкесінің сүйікті қызы деп құрмет тұтады (некоторые носят в носу маленькое серебреное колечко, по которому почитают любимую дочь отца)» деген.
Махмұт Қашғаридың «Түрік тілдерінің сөздігі» атты еңбегінде «зер; әшекей – БЕЗЕК», яғни безендіретін әшекей деп көрсетілген. Бүгінде мұндай дәстүр халық арасында жиі кездеспесе де, белгілі бір аймақтарда ертеден жалғасып келе жатқанын байқауға болады».
Дайындаған Дилара БИМЕНОВА.