Жетісайдағы жылыжай 600 тоннаға жуық өнім берді

Жетісай ауданы әкімінің жылыжай көлемін арттыру бойынша тапсырмасына сәйкес аудан бойынша 21 гектар аумаққа жылыжай салынған. Мұның 15 гектары көкөніс дақылдарын өсіріп отырса, қалған 6 гектары шаруаларға дайын көшет өндіріп береді. Өз өнімдерін тек жергілікті нарыққа ғана шығармай, көрші мемлекеттерге де экспорттап отырған олар биыл жылыжай көлемін ұлғайтатынын жеткізді. 

Сондай жылыжайлардың бірі – Асықата кентіндегі  «КХ ДОСЖАН» шаруа қожалығы. Өнімді тамшылатып суару тәсілімен өсіретін мұнда шығын көлемі де көп емес, өйткені, қожалық агрономының айтуынша, жаңа технологияның тиімді тұстары көп. «Тамшылатып суару, біріншіден, суды үнемдейді, екіншіден, өнімнің біркелкі өсуіне септігін тигізеді. Тағы бір пайдасы – арамшөптердің қаулап өсуіне жол бермейді. Жалпы, бұл әдістің тиімді тұстары көп. Тек дер кезінде топырағын құнарландырып,  күтімін жасасаң, жылыжайдан көл-көсір пайда табуға мүмкіндік мол» дейді Бердияр Нышанов.  Бүгінгі таңға дейін екі гектар аумаққа орналасқан жылыжайдың екінші өнімінен 15 тонна қияр, 90 тонна қызынақ жинап алыпты. Алғашқы өнімдер негізінен жергілікті сауда орындарында көтерме бағамен сатылып келеді. 
Жалпы, ауа райы біршама жылы болып келетін Жетісай ауданында жылыжай жұмысы да жыл өткен сайын жақсарып, көлемі ұлғайып келеді. Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, былтыр аудан бойынша 15 гектар жылыжайдан 600 тонна өнім алынған. Оның біраз бөлігі біздің бүгінгі сөз етіп отырған қожалықтың еншісінде. Отандық өнімді еселеп отырған қожалық мамандары өздерінің бұл еңбегін елдің өркендеуі жолындағы кішкентай үлесі деп есептейді.
«Осы уақытқа дейін жалпы 100 тоннадан астам көкөніс алдық. Биыл да осы межеден көрінуді ниет етіп отырмыз. Біз лимон өсіруді де қолға алғанбыз. Ол алдағы жылы өнім береді деп күтіп отырмыз. Бүгін қызанақтарды егуді аяқтап, ертең қияр көшеттерін отырғызуды бастаймыз. Наурыз айында дайын өнімді жинап аламыз» дейді шаруашылықтың бас агрономы Б.Нышанов.
Аталмыш шаруа қожалығында жиырмаға жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыс істеп келеді. Ал, көктемгі, жазғы, күзгі науқанда жұмысшылар саны екі есеге дейін көбейетін көрінеді. 

А.ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ. 
Пікір қалдырыңыз