Ұлтымызды ойласақ, рухымызды ойласақ...

Дилара БИМЕНОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұсынысымен 2021 жыл «Балалар әдебиеті жылы» деп жарияланған болатын. Жалпы, елімізде балалар әдебиетінің проблемасы шешілместей көрінетін әсер қалдыратын. Дәл осындай жағдайда балалар әдебиетін көтеру туралы бастаманың қолға алынуы жанына руханиятты жақын көретіндерді ерекше қуантты.
Тәуелсіздік алған отыз жылда балалар әдебиеті тіпті ұмыт қалды десе де болады. Сол себепті мамандар оны бір жылдың ішінде қыр асырып тастаудың мүмкін еместігі және оған кем дегенде үш жылдай уақыт қажет екендігін айтады. Оның үстіне қазір заман өзгерді, талғам өзгерді. Сіз бен бізге балаларымыздың қолындағы смартфонды кітапқа алмастыру қиындай бастады. Осындайда көкейімізде «биыл біздің қаламгерлеріміз жас өскіндердің көңілін кітапқа аударатындай дүние жаза алды ма?» деген сұрақ туындайды. 


Мұны неге тілге тиек етіп отырмыз? Мәселен, кезінде Бердібек Соқпақбаев, Сайын Мұратбеков секілді қаламгерлеріміз кеңес заманында өмір сүрген жеткіншектердің  образын тамаша сомдап шықты.  Өкінішке қарай, соңғы 30 жылда «Менің атым Қожаның» деңгейіндегі туындылар дүниеге келмеді.  
Бұған не себеп? Себеп – миллион. Ал, ең негізгі себеп қазіргі ғаламтордың қарыштап дамып жатқаны десек қателеспейтін шығармыз. Өйткені, балаларға ақпарат жеткілікті. Бұл да қаламгерлерге бүгінгі балалардың дүниетанымын беруде қиындық тудыратыны анық. Баспагерлер қазіргі балалар бұрынғы шығармаларды оқығысы келмейтінін жиі айтады. Олар шетелдік әдеби туындыларға әуес дейді. Әсіресе, Британ жазушысы Жоан Роулиннің әлемге әйгілі «Гарри Поттер» секілді шығармаларының өтімділігі жоғары екенін айтады.    
Мен өзімнің баламнан қандай кітапты оқығысы келетінін сұрадым. Ол: «Интернетте жүр ғой, қазір адамдар Марстан да жер алады екен. Рас па, осы? Сол жайлы оқығым келеді. Мен білмейтін планеталар көп» деді. Байқауымша, бүгінгі балалардың көбін аспан әлемі, фантастика жанры көбірек қызықтыратын секілді. Олардың сұранысына сай келетін қиял-ғажайыпқа толы дүниелер жоқ емес, бар. Бірақ, аз. 
Айталық, Рүстем Сауытбайдың «Шоко әлем» кітабы. Автор аталмыш шығармасын 2019 жылы небәрі мың данамен жарыққа шығарған болатын. Соның бәрі бір демде өтіп кеткеннен соң авторға «Шоко әлемнің» екінші томын жазу туралы ой келген екен. Рүстем Сауытбай болашақта оны жеті томға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Қызығы сол, Рүстем Сауытбай жазушы, я болмаса ақын емес. Ол – мектепте математика пәнінен сабақ беретін қарапайым мұғалім. Оның айтуынша, біз қазір фэнтези жанрындағы шығармаларды көбейтпесек, балаларымыз орысша кітаптар оқи бастайды.
Міне, осыдан кейін көкейге қазіргі балалар жазушылары заманға ілесе алмай келе жатқан жоқ па деген күдік ұялайды. «SuperMan немесе өмірдегі басты мақсат» деп аталатын кітаптың авторлары – Гүлдана Мұхтарбек пен Сәуле Жанғазы. Білуімізше, Гүлдана Мұхтарбектің де мамандығы гуманитарлық салаға жақын келмейді. Ал, балалардың жан дүниесін емдеуге арналған қиял-ғажайыпқа толы ерекше ертегілер жазатын Алуа Есболатқызы – психолог.
Жалпы, бізде балалар тақырыбына жазып жүрген авторлар жеткілікті. Мақаланы жазу барысында солардың бірқатарымен тілдестік. Бірі бізге өз перзенттеріне оқытатын дүние таппағаннан кейін балалар әдебиетіне қалам тербегенін айтса, екіншісі «Балалар әдебиеті жылында» мемлекет тарапынан ешқандай қолдау көрмегенін жеткізді. Осы жерде тағы бір мәселе қылаң береді. Ол – балалар әдебиетіне насихаттың, жарнаманың жетіспейтіндігі. 
Сонымен, елімізде балалар тақырыбына қалам тербеп жүрген қаламгерлер жоқ емес, бар. Алайда, жарнамасы дұрыс болмағандықтан олардың шығармалары оқылмай қалуда. Сондықтан алдағы уақытта біздің мемлекет кітапты шығаруға ғана емес, оны насихаттауға, таратуға басымдық беруі тиіс деп ойлаймыз. Сонда ғана бізде «қаламгер жоқ» немесе «кітап жоқ» деген сияқты проблемалар айтылмайды.  
Жалпы, балалар әдебиетін заман талабына сай дамытуға бір емес, бірнеше жыл арнасақ та көптік етпейді. Бәлкім, «Балалар әдебиеті жылы» деп емес, «Алпамыс батыр жылы», «Қобыланды батыр жылы» десек қайтеді?! Сонда балаларымыз Алпамыстың кім екенін білгісі келіп, «Батырлар жырын» өздері-ақ оқитын болар еді...
«Балалар әдебиеті жылы» атқарылған жұмыстар жайлы бізге ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ербол Бейілхан айтып берді:  
– 2021 жыл қаламгерлер арасында үлкен серпіліс тудырды. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы жанынан «Балалар әдебиетін қолдау кеңесі» құрылды. Ұлттық академиялық кітапхана ішінде балалар кітапханасы деген жеке бөлім бар. Соның өзі балалар әдебиетіне қатысты 100-ден аса шара өткізді. Жалпы, республика бойынша мыңнан аса жиын ұйымдастырылды. Осының барлығы «Балалар әдебиеті жылы» деп жариялануының арқасы деп ойлаймын.  
Біз балалар әдебиеті қаламгерлерінің жеке чатын құрып, сол топта қаламгерлердің басын қостық. Байқағанымыздай, елімізде балалар әдебиетіне қалам тербеп, үнсіз ғана еңбек етіп жүрген  130-150-дей жазушы бар екен. Олардың бірен-саранының кітабы жарыққа шығып, балғын оқырмандарға ұсынылған. Алайда, басым көпшілігінің туындылары қолжазба күйінде сақтаулы тұр.  
Биыл еліміздің түкпір-түкпіріндегі ақын-жазушылар балалар әдебиетінің өркендеуіне сүбелі үлес қосты деуге болады. 100-ге тарта қаламгер «Ертөстік» атты байқауға жаңа шығармаларын ұсынды. Ал, оған қатыспаған өзге қаламгерлердің туындылары әлеуметтік желілерде жариялануда. 
Елімізде балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы кітапханалар бар. Солардың барлығы балаларға арнап қала, аудан, ауылдарда іс-шара өткізді. Одан бөлек, балабақшалардағы балақайларға арналған туындылар да көптеп жазылды.
«Алтын сақа» баспасы 100-ден аса кітапты басып шығарды. Олардың барлығы кітап дүкендеріне таратылған, сатылымда. Осы жағынан алғанда 2021 жылды ата-аналарға балаларына керекті кітаптарды тауып алуға мүмкіндік туған жыл деуге болады. 
Балалар әдебиетіне үлкен олжа салған қаламгерлер ретінде Зира Наурызбаеваны, Рүстем Сауытбайды, Саят Қамшыгерді, Зәуре Төреханды, Олжас Қасымды айтуға болады. 
Өкінішке қарай, мемлекеттік деңгейде кең көлемде ауқымды іс-шара ұйымдастырылды деп айта алмаймыз. Біздіңше, мемлекеттік деңгейде үлкен конкурстар өткізілуі керек еді. Мемлекеттік тапсырыспен ақын-жазушылардың кітаптары жарық көруі тиіс болатын. Біз министрлікке қазіргі таңда балалар тақырыбына қалам тербеп жүрген көзі тірі 100 ақын-жазушының кітаптарын атауыменен өткізгенбіз. Министрлік «мұны қарап, жоспарымызға енгіземіз» деген.
Балалар әдебиетін дамытуды бір жылмен шектеуге болмайды, оны үш жылға ұзарту керек деген пікірлер айтылуда. Мен бұл пікірді қуана  қолдаймын, – деді.
«Балалар әдебиеті жылы» айтылған ұсыныстардың бірі – ол тұрмыс жағдайы төмен отбасы мүшелеріне берілетін әлеуметтік көмектің ішіне балаларға арналған кітаптарды да қосу керектігі жөнінде болатын. Қарап отырсаңыз, бұл да балалардың әдебиетке деген сүйіспеншілігін оятатын бастама. Сондықтан оны да іске асыру керек. Сол үшін де балалар әдебиеті жылы алдағы уақытта да жалғасын табуы тиіс. Шетелдерде ең бай баспалар – балалар әдебиетін шығаратын баспалар екен. Ойланатын-ақ мәселе емес пе?! Демек, біз де сондай деңгейге жетудің жолдарын қарастыруымыз қажет. 


Пікір қалдырыңыз