Әдебиет пәнін қалай оқытып жүрміз?

Әдебиет  пәні – мектеп  бағдарламасындағы  жетекші  пәндердің  бірі. Өйткені,  бұл пән  жас  ұрпаққа  этикалық  және  эстетикалық  тәрбие  беруге  бағытталған. Әдебиет  пәні   оқушылардың  қызығып  оқитындығымен  ерекшеленеді. Себебі,   бұл  сабақта  оқушылардың  тұлғалық  ерекшеліктері  дамып, өмірге  көзқарастары  қалыптасады. Адамға  рухани  ләззат  сыйлап,  оның  адамдық  болмысын  қалыптастырып, ой-өрісін  дамытуға  бағытталған  бұл  пәнді  «Сөз  өнері» деп  бекерге  бағаламаса  керек-ті. Алайда, соңғы  жылдары оқушылардың, жалпы  адам  баласының  осы  «Сөз  өнеріне»  деген  қызығушылығы  төмендеп   бара  жатқан  секілді. Оны  күнделікті  өз  тәжірибемізде  байқап  жүрміз. Бұған  не  себеп? Қазақ  әдебиетін  оқытуда  қандай  өзекті  мәселелермен  жиі  ұшырасып  жүрміз  және  оларды  қалай  шешуге  болады? Осы  мәселе  төңірегінде  ой  бөлісіп  көрсек... 

Қазіргі  қазақ  әдебиетін  оқытуда  кездесіп  жүрген  өзекті  мәселелердің  бірі – оқу мақсаттарының  тым  күрделілігі  және  оқушылардың  жас  ерекшелігінің  ескерілмеуі. Бұл  туралы  көптеген  әріптестеріміз  баспасөз  беттерінде әңгіме қозғап  жүр. Шындығында қарап  тұрсақ, 5-сынып  оқушысы  көркем  әдебиетті  танып-білмей  жатып, ондағы  автор  бейнесіне  талдау  жасауға  мәжбүр. Сондай-ақ,  бастауыштан  енді  келген  бала  қайдан сыни  мақала  жаза  алсын?! 
Бастауыш сыныпты енді тәмамдап келген оқушыға әдеби шығарманың жанрына қарай фабуласы мен сюжеттік дамуын сипаттау, көркем шығармадағы кейіпкерлер портреті мен іс-әрекеті арқылы образын ашу, шығармадағы екі нәрсені салыстыра суреттеулер мен қарама-қарсы суреттеулерді табу секілді тапсырмалар беріледі. Шығармадағы кейіпкерді өзіндік құндылығы тұрғысынан талдап, әдеби эссе жазу, кейіпкерлерді шынайы өмірмен салыстырып бағалау, шығармадағы тілдік бейнелеу, суреттеу құралдарының (теңеу, эпитет, ауыспалы мағынадағы сөздер, қайталау, өлең құрылысы) мағынасын анықтау сынды тапсырмалар бар.
Жаңартылған  білім  беру бағдарламасы  аясында  оқу  мақсаттары  шиыршықталып  берілген. Бұл  дұрыс-ақ. Бірақ,  теорияға  көбірек  негізделген  әдебиет  пәні  оқушының  эстетикалық  талғамын  қай  кезде  қалыптастырмақ? Осы сауал  әрбір  қазақ  әдебиеті  пәні  мұғалімдерін  мазалап  жүргені  анық. Бұл  мәселені  шешу  үшін  бағдарламаға  оқу  мақсаттарын  енгізерде  баланың  жас  ерекшелігін  ескеру  туралы  ұсыныс  білдірер  едік.
Қазақ  әдебиеті  пәнін  оқытуда  кездесетін  тағы  бір  өзекті  мәселе – бір  тоқсан  бойы  бір  ақынды  немесе  бір  жазушыны  ғана  тануы. Осы  орайда  оқушыларымыз «апай, әлі  қанша  уақыт  осы  тақырыпты  өтеміз? Басқа  тақырып  жоқ  па?» деген  тәрізді  сұрақтар  қойып  жатады. Бұл  біріншіден, оқушылардың  бір  тоқсан  бойы  бір  ақын-жазушы  тұлғасын  танудан  жалыққанын  көрсетсе, екіншіден, басқа  ақын-жазушыларды  білсем  деген  қызығушылықтарын  аңғартады.  Ал,  біз  осы  қызығушылықтарын  су  сепкендей  басып  жүргендейміз. 
Әдебиеттанушы, ғалым, белгілі  жазушы  Қажым  Жұмалиев ағамыз: «Көркем шығарманы оқыту – оқушының сөз қадірін түсінерлік ойлау әрекетін дамыту, рухани дүниесін байыту, эстетикалық талғамын жетілдіру, адамгершілік қасиетін қалыптастыру» деп атап көрсетеді.  Ал,  біз  оқу  мақсаттарында  көрсетілгендей  теорияға  көбірек  ден  қойып, оқушының  сөз  қадірін  түсінерліктей  ойлау  қабілетін, адамгершілік  қасиеттерін  қалыптастыра  алмай  жатырмыз. Бұл  мәселені  шешу  үшін  әр  сыныптың  жас  ерекшелігіне  сай  қазақ  классиктерінің  шығармаларын  көбірек  бағдарламаға  енгізу  керек. 
Біздің  бала  күнімізде  мұқабасында «Қазақ  балалар  әдебиеті  кітапханасынан» деген  жазуы  бар  кітаптар  көп  болатын. Біз  олардың  ішіндегі  өзіміз  қатарлы  балалар  туралы  шығармалар  оқып, олардың  іс-әрекеттеріне  еліктеуші  едік. Сондай-ақ,  мектеп  бағдарламасына  да  сол  шығармалар  көп  енгізілетін. Бүгінгі  әдебиетті  парақтасақ  ондай  шығармалар  кемде-кем. Кейбір  шығармалар  бала  түсінігіне  тым  ауыр. Бұл  да  балалардың  көркем  әдебиетке  деген  қызығушылықтарын  төмендетуде. Сондықтан  оқу  бағдарламасына  бала  ұғымына  жеңіл, қазақ  классиктерінің  балалар  әдебиетін  енгізуді  ұсынамыз. Сонда  ғана  оқушылардың  әдебиетке  деген  құштарлығын  қайта  оята  аламыз. 
Қазақ  әдебиетін  оқытудағы  негізгі  өзекті  мәселелердің  бірі – мектептердегі  пән  кабинеттеріндегі  техникалық  базаның  сай  болмауы. Көптеген  мектептерде  әдебиет  пәні  кабинеттері  жоқ,  бар  болса  да  техникалық  жабдықталуы  көңіл  көншітпейді.  Әрине  «пән  кабинеттерінің  төрт  құбыласы  сай  болса  ғана  оқушы  қызығушылықтан  оқиды»  деген  ойдан  аулақпыз. Бірақ, пән  кабинеттерінің  заманауи  оқыту  құралдарымен  жабдықталуы сандық  технологияға  негізделген  мына  заманда  оқушы  қызығушылығын  оятары  сөзсіз. 
Бүгінгі  оқушы  – ертеңгі  болашақ. Ал,  болашағымыз  нұрлы  болуы  үшін  тек  теориялық  біліммен  қаруланған  құлтемір сынды  оқушылар  емес, тәрбиелі, білімді, этикалық және  эстетикалық  талғамдары  қалыптасқан  адам  деген  атқа  лайық  азаматтар  керек. Ал, мұндай  адамдарды  тәрбиелеудің  негізгі  құралы – көркем  әдебиет. Ендеше, әдебиетті  оқытуды  теорияға ғана  емес, тәжірибеге  де  негіздегеніміз  жөн. 

Тоғжан КЕНЖЕЕВА,
Ә.Молдағұлова атындағы жалпы орта мектебінің  қазақ тілі мен әдебиеті 
пәнінің мұғалімі.

1 пікір

  • Аягөз Сакеновна
    Аягөз Сакеновна

    Құрметті Тоғжан әріптес. Ойыңыз оқ бойы озық, тек еститін құлақ болған...

Пікір қалдырыңыз