Салық базасы бюджеттің бүйірін шығарады

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».


Еліміздің әлеуметтік-экономикалық саласында атқарылған жұмыстар аз емес. Соның біраз бөлігі өз бастауын Президент Жолдауында айтылған негізгі міндеттерден алып жатады. Болашаққа нақты бағыт-бағдар беретін стратегиялық құжаттар мен ресми мәлімдемелерді де бір-бірінен бөле-жара қарауға болмайды.

Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында шағын және орта бизнесті өркендетуге ерекше басымдық беріп келеді. Өйткені, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. 

Статистикаға сүйенсек, еліміздегі шағын және орта бизнестің жалпы саны бүгінде 1,6 миллионнан асады екен. Үкімет 2050 жылға қарай экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесін 50 пайызға дейін арттыру туралы стратегиялық міндетті алға қойып отыр. Бұл межелі міндетті жүзеге асыру бүгінде басталып та кетті. Әсіресе, соңғы бірер жылдың бедерінде ауыл-аймақтан ашылған кәсіпкерлік объектілердің біршама артқанын жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары да жоққа шығармайды. Солардың бір-екеуіне тоқталып өтер болсақ, бірі мал бордақылау жұмысын қолға алса, енді бірі балық шаруашылығын, тағы бірі ет өндірісін іске қосып, өз кәсіптерін дөңгелетіп-ақ жүр. 

Созақ ауданындағы көпбалалы ана Жадыра Сайфунованың кәсіпкер болуына мемлекеттік бағдарламаның оң әсері болған. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында оқып, сертификатқа ие болған ол мемлекет тарапынан 555 000 теңге қаржылай қайтарымсыз грант ұтып алып, жеке кәсібін ашады.

Созақтағы әріптесіміз Мақсат Қарғабайдың айтуынша, бес баланың анасы, үй шаруасындағы Жадыра бұдан бұрын да отағасының көмегімен мал бордақылап, отбасы берекесін кіргізіп отырған екен. Осы қайтарымсыз қаржыға ол екі жылқы сатып алып, бордақылап, орталықтан шағын дүкен ашып, етін сатып, мал орнына мал алып, табысты айналдыру арқылы жылқы басын көбейтуді көздейді. 

Жадыраның дүкенінен ет сатып алатындар дән риза. «Еті таза, дәмді» дейді алушылар. Іскер келіншек ірі қара мен жылқыдан бөлек уақ малды да семіртіп сатады. Қазы-қартаны өзі айналдырады. Шекпе ет әзірлейді. Сиырды өзі сауып, айран-сүтін сауда сөресіне қояды. Оның өніміне сұраныс көп. Өйткені, малды өзі жемдеп, өзі баптайды. Отағасы Бекжігіт Амангелдіұлы да – өз ісінің білгірі. Ол – жеке компанияда жұмысшы. Ал, Жадыра жолдасының айлығына қосымша табыс болсын деп әрекет етіп, өз тірлігін, шаруасын жүргізіп отыр. «Отбасының берекесі де, мерекесі де – әйел» деген осы емес пе?!

Иә, шағын және орта бизнес Сайрам ауданында да жақсы дамыған. Мұнда соңғы жиырма жылда көптеген өндіріс орындары мен кәсіпорындар іске қосылған болса, соның бірі біздің бүгінгі сөзімізге арқау болып отырған – Қарасу ауылындағы «Алма» өндірістік кооперативі. Осыдан он бес жыл бұрын іргесі қаланған өндіріс орны бүгінде шұжықтың 47 түрін шығарып отыр.

Жарты гектарға жуық жерге орналасқан цех айына бір тоннаға жуық өнім өндіреді. Кооператив бүгінде 23 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорынның іргесін қалап, жұмысын жүргізіп отырған жеке кәсіпкер Ақылбек Шалқаров алдағы уақытта кәсіпорын жұмысын одан әрі ұлғайтпақ. «Қосымша жаңа цех ашу жоспарда бар. Ол үшін жаңа ғимарат дайындадық. Енді оған қажетті техникалық жабдықтар алу үшін тағы 50 миллион теңге қажет» дейді ол.

«Бизнестің жол картасы–2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолдау көрген өндіріс орны бүгінгі таңда өз өнімін тек ішкі нарықта ғана саудалап, жергілікті тұтынушылардың сұранысын қанағаттандырып отыр. Ал, шикізатты «Шұбар» асыл тұқымды кешені», «Delice», «Сынар Групп» сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінен алады екен.

Түркістан облысында ауа райы жылы болғандықтан егін шаруашылығы да жақсы дамыған. Соның ішінде соңғы жылдары елімізде ауыл шаруашылығы саласын жетілдіру бойынша атқарылып жатқан жұмыс көп. Шығынды барынша азайтып, есесіне өнім көлемін арттыруды көздеген диқандар дала жұмыстарына озық технологияларды пайдаланып, бір жерден бірнеше рет өнім алуға басымдық беріп келеді. Жыл он екі ай өнім беретін жылыжайлардың да саны көбейген. Күзгі жиын-терімнен кейін бірер ай ғана дамылдайтын жылыжай жұмысы қаңтар айының ортасы ауа тағы қызады. Бір жақсысы, бұл әдісті қолданатындардың да қатары жыл өткен сайын артып келеді. Мысалы, бір ғана Мақтаарал ауданы биыл 1342 гектар алқапқа көкөніс еккен. Оның 500 гектардан астамына қырыққабат егілсе, қалғанына бақшаның басқа дақылдарын егіп, одан да мол өнім алды. Қырыққабат ерте пісетіндіктен, мақтааралдық диқандар оның соңынан қауын-қарбыз, мақта, тағы басқа дақылдар егіп, бір жылда бір жерден екі-үш рет өнім алуға дағдыланып қалды. Мұндай жұмыстар көршілес жатқан Жетісай ауданында да қыза түскен. Таңалакеуімнен тұрып, егістік алқапты бетке алатын Жетісайдың іскер жұрты соңғы технологияларды да тиімді пайдаланып жүр. Мұнда жалпы жиырма бес түрлі дәнді дақыл, бақша өнімдері өсірілетін болса, әрине, оның басым бөлігін мақта шаруашылығы құрайды. Соңғы жылдары бұл аудан бақша өнімдерін көптеп өсіруді қолға ала бастады. Әлемдік озық тәжірибені пайдаға асырып отырған Ж.Ералиев ауылдық округіндегі «Шынар» шаруа қожалығы биыл 12 гектарға тамшылатып суару әдісін қолданып, төрт гектар жерге қырыққабат, қалған сегіз гектарына ерте пісетін қарбыз егіп алды. 

«Тамшылатып суару бізге барлық жағынан тиімді. Су бұрынғыға қарағанда екі есеге дейін үнемделеді. Өнім дұрыс пісіп-жетілуі үшін түрлі тыңайтқыштар мен дәрілер беріледі. Оны да дер кезінде беруің керек. Тамшылатып суарылатын алқапта судың кешігуі, дәрілердің дер кезінде берілмей қалуы деген проблема болмайды. Әрі бұрынғыдай қол күшін де көп керек етпейді. Бұрын мұндай жұмыстарға бір аптадай әуре болатын едік, қазір барлығын бірер күнде бітіріп тастаймыз. Бәрі бір мезгілде, біркелкі суарылған соң өнім де біркелкі болып жетіледі. Алатын өніміміз де мол» дейді шаруа қожалығының төрағасы Садриддин Төлбаев.

Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, биыл аудан бойынша 78,9 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілген болса, оның 965 гектарын қырыққабат құрайды. Ал, бір гектардан астам жерге қызанақ, он гектарға жуық алқапқа картоп дақылдары орналастырылған. Оның ішінде елу гектар жерге егілген қырыққабат пен жиырма гектарға егілген ерте пісетін бақша дақылдарына тамшылатып суару әдісі қолданылған. Сондай-ақ, сегіз жүз гектар жерге мал азықтық жоңышқа егілсе, қалған қырық мың гектардан астам жерге мақта егілген. 

Түркістан облысы бойынша тек биылдың өзінде алты мың гектарға 2760 жобаны жүзеге асырған. Бұл бағдарламаларды жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан да көптеген жеңілдіктер қарастырылғанын да айта кетейік. Шаруаларды жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету жұмыстарында да қарқын бар. «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы мамандарының айтуынша, көктемгі егісті кешіктірмеу үшін тиісті қаржы шаруаларға дер кезінде үлестіріліп берілген. «Бүгінде «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы мен «Ырыс» микроқаржы ұйымына «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-дан 3 млрд. теңге көлемінде қаражат тартылды. Соның ішінде шаруаларға «Оңтүстік» АИО арқылы 1 млрд. теңге, «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы 2 млрд. теңге несие берілді. Егер керек етіп жатса тағы да қаржы қарастырылатын болады» дейді «Оңтүстік» АИО басқарма төрағасы Мұхтар Әлімханұлы.

Жалпы, ресми дерекке сүйенсек, еліміздегі жылыжайлардың басым бөлігі Түркістан облысына тиесілі. Дәлірек айтсақ, 74 пайызды құрайды. Климаттық орналасуы мен жұмыс күшінің көптігі, тағы басқа да тиімді тұстарын есепке алғанда Түркістан облысы еліміздегі ең қолайлы өңір болып табылады. Өңірде жетпіс мыңнан астам шаруа қожалығы бар болса, бұл еліміздегі жалпы қожалықтардың 35 пайызын құрайды. Міне, осылайша біздің облыста озық технологияларды енгізу жұмыстары жыл өткен сайын өркендеп келеді.

Осылайша мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы жағынан біздің облыс ұялатындай жағдайда емес. Қайта кейбір өңірлермен салыстырғанда көш ілгері. Өйтетіндей жөні де бар, өйткені, халқы тығыз орналасқан өңірде жұмыс та, оны істесем деп құлшынып отырған халық та көп. Сондықтан бізде бәсекелестік те жоғары. Ал, бәсекелестік бар жерде бәрі де бірінші болуға, басқада жоқ дүниені жасауға, жаңа технологияны енгізуге тырысады. Ендеше, өз табыстарын еселеп қоймай, ел бюджетінің бүйірін томпайтуға үлес қосып жүрген кәсіпкерлер мен диқандарға Құдай қуат берсін дейік...

Пікір қалдырыңыз