Бөденеге де бап керек

Ұлас ҮСЕНБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Түркістандық Жанат Абайқызының бөдененің еті мен жұмыртқасын сатуды кәсіп қылғанына екі жылдай болды.  2019 жылы пандемия басталған уақытта отбасы мүшелерінің бәрі жұмыссыз қалып, 70 жастағы қайынатасы жинаған аз-кем ақшасына бөдене сатып алып, осы кәсіпті бастайды. Атасының денсаулығына байланысты бүгінде бұл кәсіпті келіні Жанат жалғастыруда. 
               
35 жастағы Жанат Абайқызы – қазіргі таңда декреттік демалыста, бес баланың анасы. Күйеуі Мұстафа Құлымбетов – мемлекеттік қызметші.  Жанат былтыр  1 500-ден астам бөдене өсірген. Жазда бөдененің жұмыртқасына сұраныс онша көп болмаған соң, етін сатып табыс тапқан. Жанаттың айтуынша, бөдене өсіру оңай жұмыс емес. Сондықтан оған бір адамның күші жетпейді. Кейде оған жұбайы мен қайынатасы көмектеседі.  
– Атамыз бөдене асырайық деп ұсыныс тастады.  Екі бөлмелі ескі моншамызға 100 бөдененің балапанын алып келдік. Балапан қырық бес күннен кейін ғана жұмыртқа береді. Осыны көбейтіп, арнайы аппарат сатып алдық. Өзіміз бастырып, балапан аша береміз. Қыста жұмыртқасы жақсы өтсе, жазда етіне сұраныс көп болады. Жұмыртқасы 20-25 күн сақтауға шыдайды, әрі қарай  бұзыла бастайды. Бөдененің еті мен жұмыртқасына қызғушылылар Түркістан қаласынан, облысқа қарасты ауыл-аймақтардан келіп алып кетіп жатады. Шүкір,  сұраныс бар. Алғашқыда алдымен өзіміз тұтынып көрдік. Отбасымызбен күнде таңертең жұмыртқасын шикідей іштік. Сол кезде менің аяғым ауыр еді. Дәрігерлер темір жетіспеушілігі бар екенін айтты. Содан интернеттен бөдененің жұмыртқасы осыған ем екенін оқып, қолдана бастадым. Әсері жақсы болғаннан кейін жарнамалай бастадық. Алғашқыда етінің келісін 2800-3000 теңгеден саттық, қазір 3500-4000 теңгеге өткіземіз. Себебі, жем-шөптің бағасына қараймыз. Жұмыртқасының данасын басында 20 теңгеден бастасақ, бүгінде 30 теңгеден сатамыз, – дейді ол. 
Қазір жаздан қалған  300 шақты бөденені көбейтуге кіріскен. Оның айтуынша, бөденеге бөлекше бап керек. «Ол – өте сезімтал құс. Жылуды жақсы көреді. Баланы күткендей күтпесең болмайды. Жем-шөбі, суы  уақтылы берілмесе, өнім азаяды» дейді Жанат.  
Жанат бөдененің жұмыртқасы өте пайдалы екенін айтады. Сол себепті  осы құстың жұмыртқасы бүгінде үлкен сұранысқа ие. Жұмыртқасы денеге қуат береді,  жүрек қан-тамырларының дұрыс жұмыс істеуіне септігін тигізеді, буын ауруларына, күнделікті зиянды заттарды ағзадан шығаруға көмектеседі.  
– Негізі бұл кәсіпті өзіміздің қаражатымызға бастадық. Алғашқыда алып кете алмасақ не болады деген қорқыныш болды. Қазір тұтынушылар көбейгеннен кейін сенімділік пайда болды. Кәсібімізді одан әрі дамытсақ дейміз. Бөдене өсіріп жатқан жеріміз тар, кішкентай екі бөлме ғана. Оған ары кетсе 1500-дей бөдене сияды. Енді есік алдында бос жатқан жерге үлкен қора соғайық десек, қаражат жағы тапшы болып тұр. Мемлекеттен қаржылай көмек те сұрадым, бірақ, ешқандай нәтиже жоқ. Қазір декреттемін. «Балаларыңның ақшасы бар, болмайды» деп шығарып салады. Үкіметтен көмек болса қораны үлкейтсем деймін. Өзім де пайда табамын, халыққа да пайдам тиетін еді, – дейді кәсіпкер келіншек.
Пікір қалдырыңыз