Тәуелсіздік немесе сахнада өрілген өмір

Адамдарының санасы тәуелсіз болмай, бірде-бір мемлекет толыққанды тәуелсіз мемлекет бола алмайды. Ал, санаға тәуелсіздікті бірінші кезекте әдебиет пен өнер, оның ішінде театр өнері егеді.
Нағыз Көрермен бәрін де білуі тиіс, еліміз тәуелсіздігін жариялағалы театр өнері саласында да елеулі өзгерістер бар. Әйтпесе...
Бір орталыққа көгендеулі болғаннан қазақ драматургиясының көрген теперіші аз емес. Бір ғана мысал, Ә.Таразидің кейіпкері Кірпішбайға бола қойылымды сахнадан алып тастаған кездер болған. 
Отыз жыл... Бабалардың арманына айналған Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдар қазақ драматургиясына жаңа серпіліс әкелді, жаңа көзқарасқа еркіндік беріп,  формалық мазмұндық эксперименттердің сахнаға шығуына жол ашты.  
Мәселен, 89-шы театр маусымын ашқан Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының репертуарындағы Рақымжан Отарбаевтың «Бас» драмасын алайықшы.
Драманың негізгі оқиғасы – халқының азаттығы үшін атқа қонған қазақтың алдаспан ақыны Махамбеттің бас сүйегінің тағдыры жайында өрбиді. Ұзақ жылдар бойы ақынның бас сүйегіне зерттеу жасаған антрополог басқа елге көшуіне байланысты «қажеті жоқ» деп санаған бас сүйекті «Бастыққа» әкеліп тапсырғысы келеді. 
Ал, бастықтың «ақынның басына» бас қатырғысы келмейді. Рухани құндылықты аяққа таптап, «қалта кұндылығы» алға түскен қоғам өкілі ақынның басынан қарадай шошып, қоқыс толы бұрышқа тастауға бұйрық береді.
Қазақтың бойтұмарына айналған Махамбет ақынның бас сүйегін қоқысқа тастатқалы жатқанын көрген жас буын өкілі ұлы ақынның басын ғалымның қолынан алып, өзіне аманат етіп сақтайды.  
Күндердің-күнінде әлгі тоғышар  «Ақынның бас сүйегін тапқан адамға көлемді сыйлық тағайындалғанын» естіген кезде есін жинап, бірінші боп қолға түсіруге жанын салған пендешілігін драматург Рақымжан Отарбаев шебер жеткізе білген. 
Кеңес дәуірінде мұндай пьесаны сахналамақ түгілі, ойлаудың өзі қатерлі еді. Міне, бір жарым сағаттық қойылымнан көрермен өткен тарихи тұлғалардың тағдыр жолы мен бүгінгі құнсызданған қоғамның айырмасын көріп, ойланады, өнеге алады. 
Д.Рамазанның «Абылай ханның арманы»  атты тарихи драмасын алайық. «Қазақтың келешегі өзгеге емес, өзіне байланысты...» деген Абылайдың өсиеті қазіргі уақытта да өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сонау ықылым заманда ел іргесінің бұзылмауы, шаңырағының шайқалмауы үшін қажыр-қайраты мен күш-жігерін, ақыл-ойын сарқа жұмсаған дана қолбасшының ішкі және сыртқы дұшпандарымен алыса-арпалыса отырып, қазақ елін бір тудың астына біріктіруді аңсаған сәтінен сыр шертетін қойылымды Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, театрдың көркемдік жетекшісі Қуандық Қасымов сәтті сахналады. 
2017 жылы оңтүстік өлкесінде алғаш өткен Түркі әлемі  театрларының «Театр көктемі – 2017» халық- аралық фестивалінде Д.Рамазанның «Абылай ханның арманы» тарихи драмасымен қатысқан шаниндіктер ІІІ орынды жеңіп алып, «Жанр табиғатындағы көркемдік» номинациясын иеленсе, «Үздік суретші» номинациясын театрдың бас суретшісі, ҚР мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмақұлов иеленген болатын.
Желтоқсанда ықпаған, ерлік туын жықпаған батыр да парасатты ұрпақтың Тәуелсіздік үшін ашық алаңға шыққан қаһармандығын баяндайтын С.Досановтың «Тозақ шеңбері» драмасы бодандық бұғауын бұзғысы келген қазақ жастарының қилы тағдырын қоғам қасіретімен үндестіре жеткізеді.
Қараңыздаршы, небәрі үш-ақ пьеса... Үш қойылым. Бірақ, үш пьесаның үшеуі де  тәуелсіздікті аңсаған ұлт тағдыры жайлы ой қозғап, үн тастайды.
Бір қарағанға жеке тағдыр болып көрінгенімен, ұлт мүддесі жолында күрескен қоғам қайраткері А.Асқаровтың кеңестік жүйенің тауқыметін тартқан тағдырын баяндайтын М.Байғұттың «Асқаровтың аққайыңдары» атты драмасын тәуелсіздігіміз болмағанда жазу, сахналау мүмкін бе еді?  Әрине, жоқ.
Драматургияның көрерменге жететін алтын көпірі – сахна. Көрермен тек тарихи дүниелерді көрумен шектелмей, бүгінгі өмір шындығын көркем жеткізген дүниелерді де көргені абзал. 
Мәселеге осы тұрғыдан келгенде Б.Әлімжановтың «Ойран» атты драмасы діни секталардың сүттей ұйыған отбасыларды ойрандап, шаңырағын ортасына түсіріп жатқанын ашық айтса, Р.Отарбаевтың «Шырмауық» драмасы нашақорлықтың қасіретінен шайқалған отбасылар жайлы ой қозғайды.
Біз мысалға келтірген дүниелердің баршасы да тәуелсіздікке қол жеткізген отыз жылдың ішінде жазылып, сахналанған дүниелер. Демек, бүгінгі драматургия – ел Тәуелсіздігіне, сана тәуелсіздігіне өзінің лайықты үлесін қосып жатыр деген сөз.

Сая ҚАСЫМБЕК, 
драматург,  Ж.Шанин 
атындағы академиялық қазақ драма театры әдебиет 
бөлімінің меңгерушісі.
Пікір қалдырыңыз