Суға сіңген субсидия

Аман Жайымбетов, «Ońtústik Qazaqstan».

Жасыратыны жоқ, бұған дейін де мемлекет тарапынан берілетін түрлі жеңілдіктер межелі жеріне жетпей, жарты жолда талан-таражға түсіп, «желкесі қиылатыны» жайлы жағымсыз мағынадағы қауесет аз айтылмайтын. Әсіресе, дер кезінде жерге дән сеуіп алмаса, бір жылдық нәпақасынан қағылатын диқандар мен күнкөрісі төрт түлік малдың тағдырына тәуелді шаруалар субсидияның сергелдеңін жиі айтып, үнемі шырылдайды да жатады.

Бүгінде бұл келеңсіздіктің де беті ашылып, жемқорлықтың салдарынан діңкелеген диқандар мен шырылдаған шаруалардың нәпақасына қол салған, қол салғанда да мол салған отыздан астам адам күдікке ілінді.

Иә, коррупциямен күресетін құзырлы орган еліміздегі ірі қалалар мен облыстарда арнайы операция өткізіп, мемлекет қазынасынан бөлінген қаржының қалай жұмсалғанын сүзгіден өткізген. Нәтижесінде, Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұйымдары мен бөлімшелерінде және әкімдіктерде жұмыс істейтін отыздан астам қызметкер «бюджет қаражатын ұрлады» деген күдікке ілігіп, су бетіне қалқып шықты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының көмекшісі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, бұл іске Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынышты ұйымдар мен бөлімшелердегі қызметкерлерден бөлек, еліміздегі екі қала мен жеті облыстың қолында құзіреті бар өкілдері қатысқан. «Антикоррупциялық қызмет кең ауқымды арнайы операция нәтижесінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің бағынышты ұйымдары мен бөлімшелеріндегі, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының, Түркістан, Ақмола, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстары әкімдіктеріндегі лауазымды тұлғалар құрған қылмыстық топтың жолын кесті» деді Шыңғыс Алекешев.

Оның айтуынша, ұсталғандар субсидиялауға бөлінген бюджет қаражатын ұрлаумен айналысқан. Бұған қоса, кәсіпкерлерден пара, заңсыз сыйақыларды жүйелі түрде алудың коррупциялық схемаларын ұйымдастырған көрінеді. Қазір тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатқанын, заттай дәлелдемелер тәркіленгенін айтқан ол күдіктілердің басым бөлігі өз айыптарын мойындағанын жеткізді. Және бұл іске кімдер ықпал еткені де анықталып жатқан сияқты. 

Жалпы, соңғы бес жылдың өзінде субсидиялауға қазынадан екі триллион теңгеден астам қаржы жұмсалған екен. Агроөнеркәсіп кешеніне қатысты қозғалған қылмыстық істердің басым бөлігі субсидияны талан-таражға салумен байланысты екенін ескерсек, қаншама қаржы жемқорлардың жемсауына түсіп кеткенін аңғару қиын емес.

Жемқорлық демекші, соңғы кездері шағын және орта бизнесті өркендету мақсатында бөлінетін ақша да «бармақ басты, көз қыстылықпен» мақсатсыз жұмсалып жататынын айтатындар жиілеп кетті. Жылда қаншама жоба мақұлданып, қыруар қаржы қарастырылғанымен, елімізде жеңіл өнеркәсіптің ахуалы оңалмай-ақ қойды. Бірен-саран өндіріс орындары болмаса, көбісі лентасы қиылып, пайдалануға берілгеніне көп өтпей жатып жабылып қалып жатады. Демек, бұл саланы да жан-жақты тексеріп, бір сүзгіден өткізіп қойса артықтық етпейді. Қанша дегенмен желініп кеткен миллиондарды қайта құстырып жатқанша, оның алдын алу қай жағынан алғанда да тиімді емес пе?! 

Пікір қалдырыңыз