«Сәтбаевтың да көрмегені жоқ»

Жезқазған кеншілеріндей асқақ рухты халық көрмедім

– Медеу аға, сіз әдебиетке Қаныш Сәтбаев туралы, одан кейін Ебіней Бөкетов, Ермахан Бекмаханов жайлы керемет шығармалар жазып, сүбелі үлес қосқан, қазаққа белгілі қаламгерсіз. Ал, әдебиеттегі алғашқы қадамыңызды фантаст жазушы ретінде бастағансыз. Одан да бұрын металлург мамандығын алып, бес жыл зауытта жұмыс істеген кәсіби инженерсіз. Үлкен өмірдің осы бастау кезеңі жайлы айтып өтсеңіз.
– Мен Семей облысының Абыралы ауданынанмын. Мектепті алтын медальмен бітірдім, ол кезде ондай баланың институтқа емтихансыз түсуге хақысы бар еді. Біздің ұрпақ Қаныш Сәтбаевтай болсақ деген арманмен өскен ұрпақ. Мен де Алматыдағы Тау-кен институтының металлургия факультететіне келіп түстім. Оның стипендиясы 390 сом, университеттікі 220 сом екендігі тағы бар... Институт қабырғасында жүріп техника тақырыбына жазғандарымды газет-журналдар бірден жариялайды, оларда істейтін Б.Соқпақбаев, К.Смайылов, Ә.Ыдырысов секілді ағаларым «сенің өмірлік жолың – журналистика» деп қояды... Доцентіміз Е.Бөкетов, болашақ академик, сегіз қырлы, бір сырлы азамат, 4-курста мені институттың төрт бет болып шығатын шағын «За инженерные кадры» атты газетінің бір бетіне қазақша шығарушы етіп жегіп қойды.
Ал, фантаст жазушы атануымның себебі, дипломдық жұмысыма, жетекшім – Ебіней ағай, жаңа цехтың жобасын алғанмын. Өскемендегі қорғасын-мырыш зауытына барып, алты айға жұмысқа тұрдым. Оның жартысына жетпей-ақ жұмысымды бітіріп қойдым. Сосын бірден «Ғажайып сәуле» деген ғылыми-фантастикалық туындыма отырдым. Ол 3-4 баспа табақ болды. Алматыға баспа үйіне апарып едім, ақын Өтебай Тұрманжанов ақыл-кеңесін айтып, қоңыр күзге таяу қайта жазып әкел деді. Дипломды алғашқылардың бірі болып қорғадым-дағы, үйге, Абыралыға барып кітабымды қайта жазып шығып, шілденің аяғында, жұмысқа бөлер кезге қайтып келдім. Кітабым баспаға қабылданды, ал, маған, жақсы оқығанымның пайдасы ғой, таңдауыма екі орын ұсынылды: біріншісі – аспирантура, екіншісі – «Қазақстан» баспасында редакторлық қызмет. Бірақ, маған ол екеуі де емес, «Лениншіл жаста» бір жыл жұмыс істеу бақыты бұйырды.
– Шынымен де институтты бітіре салып, мұндай үлкен қазанға түсіп, қайнап-пісіп шығу – үлкен олжа, үлкен несібе ғой. Сол жыл несімен есіңізде қалды?
– Сол институтты бітірген 1958 жылы күзде редакцияның тапсырмасымен атағы жер жарған Ұлытау өңіріне бірінші рет табаным тиді. Кенді Алтайдың кеніш-зауыттарын біршама білетін маған мына өлкеде уақыт төңкеріске дейінгі күйінде тоқтап қалғандай көрінді. Өзіңіз ойлаңыз, Қарсақбай мен Жезқазғанда ХІХ ғасырдан қалған тар табан теміржолы бар екен. Осы жолмен тәулігіне бір рет кен таситын пойыз жүреді екен, соған жолаушыларға арналған екі вагон тіркелетін көрінеді, 60 шақырым жердегі мыс зауытына изеңдеп 4-5 сағатта әрең жетесің. Никольск (қазіргі Сәтбаев) пен Жезқазған да жұпыны қалашықтар.
Ал, есесіне қайда барсаң да еңсесі биік «Біз, байырғы жезқазғандықтар, Қаныштай кемеңгер іргетасын қалаған мыс көмбесін игерушілер, жер байлығын ел кәдесіне жаратушы кәсіпкерлерміз!» деп кеудесін кере сөйлейтін кеншілерді көресіз! Мұндай шат көңіл, асқақ рух мені таңғалдырды. Қаныш Имантайұлы мұнда 15 жыл жұмыс істеп, асқан көрегендік танытқан екен.
Сөйтіп, «Үлкен Жезқазғанның» (бұл атауды да қойған – Қаныш Сәтбаев екен) таңғажайып тарихына жанасып, ерекше жігерленіп қайтқан мен, Қанекең жайлы арнайы ешнәрсе жазбасам да, «Жезқазған жампоздары» деген очерктер сериясын жариялай бастадым.
Естен шықпас екінші ерекше нәрсе, 1959 жылдың наурызында редакторымыз Абай Бейсенбаев шақырып алып, «сәуірдің 
12-сіне Қаныш Сәтбаев 60 жасқа толады, арнайы нөмір шығарамыз, газеттің үш бетіне шығатын дүние дайында!» деп тапсырма берді. Құлшына кірістім. Үш емес, төрт беттік дүние дайындап апардым. Бірақ,.. Ол нөмір шығатын кеште Орталық Комитеттен бір «дәу» қоңырау шалып, материалдың бәрін алдырып тастапты. Ертеңіне Әбекеңе кірсем, түнімен төрт бетті жаңадан салып ұйықтамаған, одан да бұрын мына қысастыққа қарсы қолынан келер дәрмені болмаған редактор, кімге тиісерін білмей, қап-қара болып булығып отыр екен. Ол кісі ашуланса тұтығып қалатын. «Бұ... бұл... енді Қанекеңдей алып тұлғаға жасалған қастандық. Қы...қысқасы, материалыңды үйіңде сақта. Қанекең туралы көсілер уақытың – алда!» деді.
Қайран, Әбекең көреген екен! Әйтпесе, мен өмірімдегі басты шығармам нақ сол алып адам жайлы болады деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген нәрсе еді ғой...
– Иә, бұл тақырыпқа қайта ораламыз, оған дейін «атасы бірге – атқа мін, атасы бөлек – аттан түс!» деген, басқа ешбір ұлтта жоқ таза қазақы қалыппен өзіңізден кіші бауырларыңыздың қамын ойлап, өндіріске кетіп қалдыңыз...
– Дәл солай болды! Ауылға жақын жердегі Семейде жаңадан цемент зауыты ашылды, мен соған ауысып кеттім. «Айхай, жиырма бестемін», құлшынып жұмыс істедім. Беріліп фантастикалық шығармалар жаздым, оларым бөгелмей басылып жатты. Алдымен – «Көрінбестің көлеңкесі», сосын «Жетінші толқын» жарық көрді. 
– Дәл осы «Жетінші толқыныңызды» мен 1967 жылы, 7-класта жүргенімде оқып, қатты әсер алғаным әлі есімде...
– Атым шыға бастады. 1962 жылы КСРО Жазушылар одағына мүше болып қабылдандым. Өстіп жүргенде, 1963 жылы күтпеген жерден Ғылым Академиясы Әдебиет институтының ғылыми қызметкері, туған бажам Балтабек Ысқақ­ұлы «әлемге әйгілі Әлкей Марғұлан атамыз іздеп жатыр» десе бола ма?! Мен Медеудегі жазушылардың демалыс үйінде жатқанмын. Ертесіне-ақ академияға бардым. Ғұлама өте сыпайы, жайдары кісі екен, алдымен «еңбектеріңді оқып жүрмін, қартайсам да қиял әлемін жақсы көремін» деп маған мақтау айтты. «Неге мақтады?» деп мен отырмын. Жасымды сұрады. Жиырма жетіден асып бара жатқанымды айттым. «Бұл бір керемет кез. Әрбір жас адам алдына үлкен мақсат қоюы керек. Мен саған, Медеу, аса үлкен міндет жүктегелі отырмын, Қаныш ағаңның өмірі жайлы сүбелі дүние жаз» деді.
Мұндай алып адам жайлы жазу қолымнан келмейді дедім бірден. Атамыз жатып кеп ашуланса бола ма?! «Қазақ осы жалған сыпайылықтан қашан арылады?! Сендей инженер-жазушыны қайдан іздеймін, әлде Мәскеудің орысы мен ебірейінің біреуіне жалынамын ба?» Бірге келген бажам болса «келіс!»дегендей аяғымды мыжғылап барады... Сонда да «ойланайын, аға» деп шықтым. Ойландым, қатты ойландым. Бір аптадан кейін барып, «мақұл» дедім. Әлекең бірден бірнеше жылдық бағдарламаны белгілеп берді... Ол кісімен екінші кездескенде Қанекеңмен танысқым келетінін айтып едім, «әзір ерте, – деді, – өзім апарып таныстырамын. Сен ең болмағанда Сәтбаевтың Семейде өткен алты жылын әбден зертте, ондай дайындықсыз Қаныш ағаңа баруға болмайды» деді Әлкей ағам. Ал, 1964 жылы 31 қаңтар күні Қаныш ағамыз бақилық болды...
– Сіздің де үлкен жұмысқа деген көңіл-күйіңіз күрт құлады...
– Әрине! Ондай адамнан айрылу оңай ма?.. Мен архив аралауды тоқтатып, зауыттағы қауырт жұмысыма қайта араласып кеттім. Ғылыми-фантастикалық жаңа шығарманы қолға алдым. Өстіп жүргенде, өмірімнің арнасы тағы да кілт бұрылды – Жазушылар одағының бірінші хатшысы Ғабит Мүсіреповтен жеделхат келді: «Ертіс бойындағы үш облысты қамтитын әдебиет бөлімшесі қайта ашылатын болды. Секретариат сізді сол жұмысқа шақырады».
– Шығармашылықпен айналасамын деген жан үшін көктен тілегенін жерден берген қызмет қой мынау!..
– Дәл өзі! Мен де бірден келісім бердім, 1965 жылдың 15 сәуірінен біржолата жазушылыққа бет бұрдым. Сол күннің ертесіне-ақ Қанекеңнің жұбайы Таисия Алексеевна жеңгемізден рұқсат алып, Геология институтындағы Сәтбаевтың 18 шкафты құрайтын жеке архивінде зерттеуді бастадым.
Және бірден үлкен олжаға тап болдым – Қанекең «Алгебра» оқулығының екі түрлі нұсқасын 1919 жылы бастап, 1924 жылы бітірген екен. Бірақ, түрлі себептермен жарияланбай қалған...
Содан не керек, 1963 жылы басталған еңбекті 1975 жылы шілде айында баспаға тапсырып, ол жүз мың данамен шығатын болып, уһ деп, демалмақ оймен – қаламақының алпыс пайызы қалтада – жұбайым, қызым үшеуміз 24 күн Балтық жағалауындағы Дубулты санаторийіне барып келдік. Арада бір апта өтпей «Жазушы» баспасының директоры Ә.Жұмабаев шақырып алып, тергізіліп қойған кітаптың шықпайтын болғанын, сол үшін «Сәрсекеев екеуің Сәтбаевтан «культ личности» жасап отырсыңдар» деген болмайтын сөз айтқан Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Саттар Имашевпен жүз шайысуға дейін барғанын айтып, қолжазбамды қайтарып берді...
– Кім-кімді болса да есеңгіретпей қоймайтын оқиға ғой. Сіз не істедіңіз?
– Мен отыра қалып араша сұрап, 8 қыркүйек күні Д.А.Қонаевтың атына хат жаздым. Бірақ, ол арызымды көмекшілері алты ай бойы Қонаевтың қолына тигізбей, ақыры жоғалтып тынды. Мен біздің обкомның 1-хатшысы, төрт жыл көрші тұрған Н.Е.Морозовқа кіріп, «Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне жіберген арызым қанағаттандырылмаса немесе 1-хатшы мені қабылдап, теріліп қойған кітаптың не үшін шықпайтынын түсіндірмесе, обком мүшесі ретінде келесі пленумда партбилетімді қайтарып, компартия қатарынан шығамын» дедім.
Морозов шошып кетті. «Мына сөзіңді ұмыт. Мен Димаш Ахметұлына айта алмаймын, ал, Имашевпен сөйлесейін» деді. Екі аптадан соң телефон шалып: «Медеу, жағдайың, шынында қиын екен. Кітаптың терімі шашылғаны Имашевтан емес екенін, сірә, өзің де білесің... Ал, Саттар сені қабылдайды» деді.
Алматыға келдім, Имашевқа екі апта кіре алмай жүрдім. Көмекшісіне «осы аптада қабылдамаса, Л.Брежневке жеделхат жолдаймын» деген соң барып, 1976 жылдың 14 сәуір күні кірдім.
– Нәтиже болды ма?
– Тапқан пайдам екеу болды. Біріншісі, 1951 жылы қарашада Сәтбаев Қазақстан КП ОК бюросының төтенше қарарымен кенеттен ҒА президенті қызметінен босатылып, сол орынға Қонаев жайғасқан еді. Сол кездегі билік Қаныш ағайдың тікелей қарамағында істеген 8 адамды, оның ішінде Қанекеңнің дербес көмекшісі Бөпежановты соттатқан болатын, ал, олардың бәрі кейін ақталған еді, ал, Бөпежанов болса Жезқазғандағы ерен еңбегі үшін «Алтын Жұлдызды» омырауына таққан-тұғын. Сәтбаев 1955 жылы президентікке қайта сайланып, өз орнына келгенде, Орталық Комитетте бюро мүшелерінің көзінше сол әділетсіздігіне реніш білдірген еді, Имашевқа соны айттым...
Екінші олжам, Имашев мені сол кездесудің соңында өзім толғатып жүрген өндіріс тақырыбыма қайта оралуыма, қабылдаудан шыққан бойда «Жарылыс» деген романымды жазуға отыруыма түрткі болып еді...

Кітап Орталық комитеттің араласуымен шықты

– 1975 жылы Қазақстанда шықпай қалған кітап 1980 жылы Мәскеуден, «ЖЗЛ» (Жизнь замечательных людей) сериясымен 100 мың тиражбен жарық көрді... Айды аспанға қалай шығардыңыз?
– Негізі Таисия Алексеевна жеңгеміз маған о баста «бұл кітабыңызды Қазақстанда шығара алмайсыз, Мәскеуге әрекеттеніңіз» деп бірден ескерткен еді, мән бермеген едім. Имашевқа кіргенге дейін сергелдеңге түсіп жүрген кезімде, денсаулығы нашарлаған Таисия Алексеевна 1976 жылы наурызда шақырып алып, қолыма үш адамның: КСРО Министрлер Кеңесінің Төрағасы; А.Н.Косыгиннің, КСРО Орта машинажасау министрі Е.П.Славскийдің, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері және Славскийдің орынбасары, бұрынғы КСРО Геология министрі П.Я.Антроповтың аты-жөндері, телефоны жазылған қағаз ұсынды. «Менің айтқан ақылымды кезінде тыңдамадыңыз. Әлі де болса жазғаныңызды орысшаға аударып, осы үш азаматтың қайсысына барсаңыз да және менің соңғы тапсырмам екенін айтсаңыз, жәрдемін аямайды, Қаныш ағаңыздың адал достары» деді. Бір айға жетпей өзі де жарының соңынан ақтық сапарға аттанды...
Сонда да бетім қайтып қалған мен жеңгеміздің өтінішін орындауға бірден кірісе алмадым, оның үстіне «Жарылыстың» соңына түсіп кеттім. Қыс келгенде ғана әкемнің туған бажасы Уәли Сатыбалдин ақсақалдың «жұрт сені Қаныш Сәтбаев туралы кітап жазамын деп, оған шамасы келмей, кітабы шықпайтын бопты деп жүр екен ғой, рас па?» деген сөзі намысымды оятып, өзім қолма-қол аудармасын жасауға отырдым. Қысқасы не керек, 1978 жылы қолжазбаны «Молодая гвардия» баспасы қабылдап алды, бірақ, маған «бұрынғы бекіген жоспарға сәйкес 1982 жылдан бері шығаруға мүмкіндігіміз жоқ» деп ескертті. Мен тағы сары уайымға түстім: оған дейін және бір келеңсіз жағдай кірісіп кетсе қайтемін?.. Әне, сол кезде Таисия жеңгеміз айтқан үш адамның соңғы екеуіне жолығып, олар КОКП Орталық Комитетінен баспаға қоңырау шалдырған соң, кітап 1979 жылы баспаханаға жіберіліп, бір жылдан асқанда қолыма тиді ғой...
– Медеу аға, Қаныш ағамыздың ғылымға қалай келгенін әңгіме еткенде, сіз ол кісі жайлы шығарған кітаптарыңызда Қанекеңді отызыншы жылдардың аяғында «алашордалық» деген атынан бой тасалап, Жезқазғанда геологиялық экспедиция басқарып жүрген жерінен 1938 жылы Казақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің Төрағасы болып келген Нұртас Оңдасыновтың қазақ ғылымын дамытуға жарайтын кім бар деп іздегенін, «Социалистік Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде бұрын жақсы мақалалары шыққан Қаныш Сәтбаев есіне түсіп, 1940 жылы іздеп таптырып алып, Мәскеуге бір барар кезінде сонда келсін деп, екеуі сонда танысып, көңілінен шыққан соң КСРО Ғылым Академиясының президенті, Сталиннің өзіне қаймықпай кіретін, Одақта абыройы өте күшті В.Комаровқа арнайы ертіп апарғанын, КСРО ҒА Қазақ филиалын басқаратын адам осы деп таныстырғанын, Комаровтың «бұл адамың тіпті ғылым кандидаты да емес екен ғой» дегенін, Оңдасыновтың «қалдырып кетемін, ұнамаса сізге өкпем жоқ» дегенін, жиырма күннен кейін Комаров өзі телефон соғып, «керек адамды дәл таңдапсыз» деп рахмет айтқанын, содан Комаровтың көмегімен, тікелей Оңдасыновтың араласуымен Қанекеңді КСРО ҒА Қазақ филиалының Геология институтының тұңғыш директоры етіп, 1942 жылы КСРО ҒА Қазақ филиалының төрағасы етіп тағайындағанын, (Оңдасыновтың өзінің: «Әрі қарай мен Қаныштың ісіне араласқан жоқпын. Бар айтқаным: «қаражаттан қам жеме» болды дегені), Қанекеңнің 1943 жылы КСРО ҒА корреспондент мүшесі болып сайланғанын жазбапсыз. (Қанекең одан кейін 1946 жылы бүкіл Орта Азия мен Қазақстан ғалымдарының арасынан бірінші болып оның толық мүшесі болып сайланғаны, сол жылы Қазақстанның Ғылым академиясы ашылғаны, тұңғыш президенті Қанекең болғаны белгілі...)
– Жазбағаным, менде ондай мәлімет болған жоқ, інім. Бұл олқылық туралы бұдан біраз жыл бұрын Нұртас Оңдасынов жайлы бірнеше кітап жазған журналист Гүлсім Оразалиева «менің қолымда Нұртас ағаның бұл жөнінде өз аузымен айтқан аудиотаспа бар» деп маған өкпелеп хат жазған болатын. Мен Нұрекеңмен бірнеше рет кездескен адаммын, ол кісінің қандай асыл адам екенін білемін, сондықтан Гүлсімге «саған да, Нұрекеңе де сенемін, кітаптың болашақтағы басылымдарында бұл жағдайды міндетті түрде кіргіземін» дегенмін.
– Оңдасынов қазақ ғылымына оған өлшеусіз үлес қосқан Қ.Сәтбаевты әкелген болса, үлкен саясатқа да Риддерде рудниктің директоры болып жүрген – қазақта не көп, рудник көп қой – Д.Қонаевты да дәл Қанекең сияқты көкке көтеріп, 1942 жылы министрдің орынбасары етпей, министр етпей, бірден өзіне, Министрлер Кеңесінің Төрағасына орынбасар етіп әкелгені, сол орында оның он жыл отырғаны, кейін Мәскеуде тұратын зейнеткер Н.Оңдасынов Алматыға келген бір сапарында Қонаевтың: «Нұреке, қасыңызда тоғыз жыл отырғанда айтпапсыз, мені әкелген Скворцов (Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы – Ө.А.) екен деп жүрсем сіз екенсіз ғой, жақында біліппін» деген сөзіне: «Е, мен әкелсем сен үшін әкелді дейсің бе, қазақ үшін әкелдім ғой» деген сөзі тарихтан белгілі. Енді сондай көреген кісінің екі шәкіртінің басы кейін бір қазанға сыймауы неден деп ойлайсыз? 
– Міне, міне, осы сұрақты мен де өзіме қойдым. Себебі, Қаныш Сәтбаев 1951 жылы жаладан бас сауғалап Мәскеу, одан ары Ленинградқа кеткен. 1952 жылы Қазақ КСР ҒА-ның жалпы жиналысына жолдаған, «Өз тарапымнан президенттікке ұсынылып отырған Д.А.Қонаев жолдастың кандидатурасын қолдап, бұл қызметті ол ойдағыдай атқарып кете алады деп сенім білдіремін...» деген ресми хаты бар. Бұл сұрақты өзіме ғана емес, 1987 жылы өзі шақырып кездескенімде, 1964 жылы Қанекең қайтқанда президенттік күрсіге отырған Шапық Шөкин ағайға да қойдым. Тіпті, «Қанекең тарапынан ағат іс боп, әлдеқалай айтып қалған жағымсыз сөзі болса, жеткізетіндер хатшыға жеткізген жағдай да болған шығар?» деп, әдейі сұрақты өткірлетіп қойдым. «Жо-жоқ, атамаңыз, Қанекең ешкімді сыртынан ғайбаттамайтын, жаратпаса бетіне айтатын немесе араласпай қоятын» деді Шәкең. Сосын, ойланып барып, «өз көзіммен көрген, өз құлағыммен естіген бір жайтты айтайын, тұжырымды өзіңіз жасаңыз» деп, Қанекең сырқат болса да жұмыстан қол үзбей жүрген 1962-64 жылдардың бірінде, оның Димекеңе телефонмен қатты сөйлеп жатқанының куәсі болып қалғанын айтады. Кетейін десе, Сәтбаев жібермейді. «Сіз Совминнің Төрағасы ретінде академик Сәтбаевты қабылдамауға еркіңіз болса да, Ғылым Академиясының президентін қабылдамауға, екі апта бойы уақыт таппай, кейін шегеруге хақыңыз жоқ. Қабылдаудан бас тартсаңыз, онда бұл мәселені Орталық Комитеттің бюросына шығарамын. Қабылдайтын болсаңыз, қазір нақты уақытын айтыңыз, мен өзім енді сізге телефон шалмаймын». Қонаев уақытын айтса керек, «жарайды, сол сағатта барамын» деді. Сосын: «Мен жаңа сені әдейі отырғызып қойдым. Димекең екеуміздің арамыз осындай ерсі жағдайда. Ол маған ешнәрсе істей алмайды, бірақ, оның зардабын түбі сен тартасың. Оның өктемдігіне бір рет көнсең, ол сені тоқал ешкіге айналдырады. Осы сөзімді есіңде ұста, онымен қарым-қатынасқа сақ бол» дейді...
Сұрағыңа өз тарапымнан жауап берер болсам, мен бұл жеке бастың кемшілігі, өзінен озықты көре алмаушылық-ау деп ойлаймын.

Славскийдің хатында сыр көп

– Медеу аға, талант-дарын, қарым-қабілетпен қоса қазақтың адымын аштырмайтын түрлі «шылықты» да аямай берген ғой бізге, Тәңірі. «Арылайын десем де пенделіктен, арылатын болмадым. Ол неліктен?!» деген Мұқағалидан, «адам – пенде» деген қазақтан артық айтып жеткізе алмаспыз. Мұның бәрін «пендешілік қой» дейік-тағы қояйық, Қанекеңнің қазаққа сіңірген еңбегі жайлы айтыңызшы.
– Ой, оны айтар болсам, ол ұшан-теңіз ғой. 1999 жылы ұлы ғалымның 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның арнайы шешімімен дүние жүзінде тойланды. Маған 19 сәуір күні ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде Қанекеңнің құрметіне арналып ұйымдастырылған «Қазақстан ғылымы өткен шақтан болашаққа» деген симпозиумда сөз сөйлеудің сәті түсті. Қысқартып айтсам, онда мен былай дедім. «Мен Сәтбаевтың өмірбаянымен отыз жылдан астам айналысып келемін. Ол жайлы деректі-көркем 7 кітап жаздым, оның жалпы тиражы 300 мыңнан асты. Сәтбаевтың 40 жылға жуық ғылымдағы ғұмырында іске асырған ұлы істері мыналар:
Біріншіден, ол шетелдіктер жарамсыз деп таныған Жезқазғанның жерасты байлығын қайтадан ашты. Бүгін оған қуаты мен өнімінің тазалығы жағынан тең келер кәсіп­орын жоқ жер жүзінде.
Ол соғыс жылдарында Жездіден сауыт жасайтын болатқа қажет ферромарганецтің қорын тапты, сөйтіп жүз мыңдаған жауынгерді ажалдан аман алып қалды.
Қаныш Сәтбаевтың ерен еңбегінің, теңдессіз ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Қазақстанда Ғылым Академиясы құрылды.
Сәтбаев қазақтың геология мектебін құрды.
Сәтбаев 1940-50 жылдары әлемдік металлогения ғылымының жеке отау болып құрылуының бастауында тұрған жанның бірі. Ал, оның «Орталық Қазақстанның металлогендік болжам картасының» әлемдік аналогы жоқ. (Лениндік сыйлықты да ол кісі осы еңбегі үшін алған).
Қаныш Имантайұлы Орталық Қазақстанды суландыру мәселесімен отыз жылдан астам айналысты. Оның тікелей идеясымен және ғылыми жетекшілігімен Ертістің суын 475 метрге көтеретін ұзындығы 514 шақырым «Ертіс–Қарағанды» каналы салынды.
Сәтбаев елуінші жылдары Маңғыстауда мұнай мен газдың мол қоры барын болжаған, болжап қана қоймай, соның ашылуына барынша үлес қосқан адам.
– Медеу аға, тағы бір-екі ауыз сөз айта кетуге рұқсат етіңіз. Қырқыншы жылдардың аяғында, елуінші жылдардың басында Қазақстанда «ұлтшылдықпен» күрес науқаны жүргені белгілі. Соның салдарынан Қ.Мұхаметханов, Е.Бекмаханов секілді ғалымдар ұзақ жылға сотталып, М.Әуезов пен Қ.Сәтбаев секілді алыптарымыз қуғындалып, Мәскеу, Ленинградтағы достарының арқасында аман қалып жатса, ең қиын кезеңде, 1938-1951 жылдары қазақ Үкіметін үздіксіз асқан абыроймен басқарған, елге есепсіз жақсылық жасаған Нұртас Оңдасыновты өзі аман қалу үшін (бір жылдан кейін бәрібір жұмыстан алынды) «құрбандыққа шалған» республикалық Компартия жетекшісі Ж.Шаяхметов оны Мәскеудегі жоғарғы партия мектебіне үш жылға оқуға жібереді. Ондай мектепке сабақ беруге тиіс адамды! Келгеннен кейін бір жыл Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы болған Нұрекең «қағаз жұмыстан босатып, кез келген артта қалған облысқа жіберіңіздер» дейді. Өзі үш облыстың ішінен Гурьевті таңдайды (бүгінгі Атырау облысы). Бір жыл облатком төрағасы, сосын алты жыл обкомның 1-хатшысы болады. Міне, сол кезде ол Гурьевте Мәскеудегі Губкин институтының филиалын ашады, «Маңғышлақгазнефтеразведка» трестін құрады, т.б. 1959 жылы Гурьевте  Қазақ КСР ҒА-ның көшпелі сессиясын өткізіп, оған бүкіл Кеңес Одағынан ірі ғалымдар мен мұнайшыларды шақырады. Екі жылдан кейін Жетібай мен Жаңаөзенде мұнай кен орындары ашылады...
– Жалпы, мен жоғарыда атын атаған Славскийдің менде хаты бар. Одақтағы ең атақты өндірісші онда былай дейді: «Менің тіке айтқан сөзіме, қымбаттым, сіз өкпелемеңіз, бірақ, ашығын айтайын: сіздер, қазақстандықтар, Қаныш Имантайұлының бейнесінде қандай данышпан адамнан айрылғандарыңызды әлі күнге дейін түсіне алмай жүрсіздер, оның ұлы еңбегі тек Қазақстан ғана емес, бүкіл Одақтық масштабта әлі толық бағасын алып болған жоқ, бұл ғасырда олай бола қоюы да екіталай. Әйтсе де, Сәтбаевтың заманы ертелі-кеш бәрібір туады. Ол жер қойнауының құпиясын бәрінен артық білетін, нені және қайдан іздеу керектігін күні бұрын білетін. Біз, өндірісшілер, оның болжамдарына сенетінбіз және бір де бір рет алданған емеспіз.
Менің үш «Алтын Жұлдызымның» біреуін толықтай оныкі деуге болады. Мен оны Маңғыстау түбегінде үлкен өндіріс құрғаным үшін алдым. Ал, мені сонда баруға мәжбүрлеген академик Сәтбаев! Геологтар ол жерден қымбат кеннің орнын тапты. Біз өндіріс үшін қажетті жабдықтың бәрін теңіз жағынан апарып, дайын өнімді ұшақпен алып кетуімізге әбден болар еді. Бірақ, Қаныш Имантайұлы мені міндетті түрде теміржол салуға көндірді – өйткені Маңғыстау өңірі одан басқа да шикізатқа бай, онда мұнайдың, полиметалдың, маргенец кенінің қисапсыз қоры бар деді. Бес жыл өткенде Ақтауға бірінші пойыз келді! Теміржол салуға орасан зор қаржы жұмсалды, досым бар менің дұшпандарым да бар ғой, солардан жоғарғы жаққа қаржыны желге шашып жатыр деген арыз жаңбырдай жауды, маған жеке іс ашты, миллиардтаған ақшаның қайда жібергенім жөнінде ақталуым қажет болды. Бірақ, менің жолым болды: 1961 жылы, менің төбеме үйірілген бұлт қоюланған кезде, алғашқы мұнай фонтаны атқылады, оған кейін басқалары қосыла бастады.
Қысқасы, менің омырауыма тағы бір «Алтын Жұлдыз» тағылды. Мен сонда-ақ бұл менің еңбегім емес дедім, маған қоса Сәтбаевты да марапаттау керек дедім. Деп қана қойған жоқпын, одақтық Үкіметке бұл жайлы ресми хат түсірдік, бірақ, өкінішке қарай, туған Қазақстаны ол ұсынысты қолдамады. Сәтбаевтың үстінен лас шағымдар жазды, жала жапты, оның өткенін қаралаумен болды. Отанымыздың ұлы азаматы, біздің заманымыздың біртуар ғалымы еңбегі сіңген Алтын Жұлдыздың» бір де біреуін алмай-ақ өмірден өтті. Әрине, адамның еңбегі алған орден-медалімен бағаланбайды, ол тек тірілерге керек. Ең шынайы 
марапат – халықтың махаббаты мен мойындауы, ал, бұл жағынан Құдай менің досым Қаныш Имантайұлынан ештеңе аяған жоқ, мен оның ісі мен есімінің мәңгілік екенінен шүбәм жоқ. Әттең, сол жұлдызы туған сәттерді көре алмайтыным-ақ өкінішті!»
– Медеу аға, істің адамы ғой, Слав­ский аз сөзге көп ойды сыйғызыпты, атасына рахмет! Ол кісі көре алмаған уақытты сіз көріп отырсыз. Бүгінгі бәріміз көріп отырмыз. Қаныш ағамыздың мәңгілік өмірі енді басталды, оның ешқашан аяқталмасы хақ. Құдай өзіңізге қуат берсін, еңбегіңіздің жемісін жей беріңіз!

Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ,
«Ońtústik Qazaqstan».
Пікір қалдырыңыз