Әселхан шаңыраққа келсе, үлкен мерекеге ұласатын

Ұлас Үсенбай, «Ońtústik Qazaqstan».

– Көксарайдың ерке қызы, дүйім қазаққа аты мәлім ақын Әселхан Қалыбекова менің өмірлік жолдасым, марқұм Үсенбай Тұрмаханбетұлының сыныптасы, парталас құрдасы еді. Үлкен өмірге қадам басып, шаңырақ құрғаннан кейін де біз бір-бірін құрмет тұтатын отбасы ретінде жақын араластық. Үсекең жұмыс бабымен сол кездегі «Октябрь» жеміс-жидек совхозына (қазіргі Қарақұм ауылдық округі)  жолдамамен ауысып келді. Иә, ауылға Әселхан күнде келмесе де жолы түскенде бізге соғып, сәлемдесіп тұратын. Ол кісі босағадан аттады дегенше көрші-қолаң, ауылдың жақсы жайсаңдары үйге жинала қалатын. Әсекеңнің домбырамен айтқан әсем әніне құлақ құрышын қандырып, әзіліне мәз-мейрам болып күліп алатын. Айтқан әңгімелерінен жақсы ой түйіп тарқасатын, – деп бастады әңгімесін Гүлзейнет апа.
Әселхан апа осы шаңыраққа келсе үлкен бір мерекеге ұласатын. Оны Гүлзейнет апаның осы бір әңгімесінен-ақ аңғаруға 
болады.  
– «Октябрь» совхозы көп ұлтты елді мекен еді. Совхоз директоры Гебель Владимир Михайлович, зайыбы Эльвира Александровна неміс ұлтынан болатын. Бірде Әсекең біздің үйге келіп қалды. Сол кезде совхоз директоры, кәсіподақ комитетінің төрағасы жұбайларымен арнайы сәлем беруге келіп, біраз әңгіме-дүкен құрып отырғаны есімде. Гебель сом денелі, Әсекең де ірінің бірі болғандықтан сол жерде Әсекең Гебель мен жұбайына бір шумақ әзіл арнады. 
Гебель құрдасым теңдейлесім, 
Екеумізде алыппыз деңгейлесім,
Қазағымның мейірімді ұл-қыздары,
Эльвирадай аруды жеңгей десін, – деп бір ауылдың жастарына жеңге тауып бергені бар. Көп әңгімесінде өзінің сыныптасы Үсекеңді тілге тиек етіп, «Менің сыныптасым, менің құрдасым өте мәдениетті, сыныбымыздың класкомы, жоғары білімді ұл-қызы бар» деп мәртебемізді көтеріп қоятын. Қарапайымдылығы сол мені сыныптастарынан бөліп жармайтын. Иә, Әсекең әр келген сайын менің жайған дастарқанымды, тамағымды мақтап, «Өзің де тамашасың!» деп көңілімді көктем етіп кететін. 
Шуақты күннің шұғыла
Жырыма жүрсің жығыла,
Құрметті ата-ана болыңдар,
Ұлдарың мен қызыңа,
Балалық шақ үн қатса
Орны оның бір басқа 
Қосағыңмен қоса ағар деймін,
Гүлзейнеттей құрдасқа, – деп мейіріммен қарап күліп қоятын. 
Әсекең айтыскер ғана емес, бірнеше кітаптардың да авторы. Бір келгенінде  «Мәңгі көктем», «Сырттап кеткен тамырлар» атты кітабын арнайы алып келіп, қолтаңбасын қойып, өлең арнап, табыстап кетті. Осы кітаптар сөреміздің ең жоғарғы қатарынан орын алып тұр. Әр кітабы жарық көрген сайын біз үшін үлкен жетістік, қуаныш еді. Айтысын асыға күтіп, тілеулес болып, шоқ гүлдерімізді алып Әсекеңді  қуантып, өзіміз де бір жасап қалушы едік. Иә, отбасымызбен Әсекеңді құрметтеп, сол кісіге қарап бой түзедік. Үсекеңе бауырдай, ұл-қызыма анадай, өзіме жақын сырлас құрбы болды, – дейді өткенді еске алып Гүлзейнет Күленбайқызы.
Гүлзейнет апа бүгінде екі ұл, бір қызынан 9 немере сүйіп, әулеттің ұйытқысы, жақсылар түскен үйдің бәйтерегі болып отыр.
Пікір қалдырыңыз