Нарымбетов нақышы

Бұрын да Созаққа жиі соғып тұратын Сатыбалды Нарымбетов ағамыз 2005 жылдың тамыз айында атамекені Шолаққорған ауылына келді. «ГАЗель» көлігінде бірге кино түсіретін қызметтес жора-жолдастары бар. Қызылорда облысына барып, Мұстафа Шоқайдың кіндік қаны тамған Шиелі ауданының қарияларын жиып, ас беріп, Құран оқытып, батасын алып, қайтып келе жатқан беті екен. Жолшыбай Әзірет Сұлтан бабаға зиярат етіп, Ащысай арқылы таудың төте жолымен өтіп келген. Созақтағы Ысқақ баб пен Бабай Түкті Шашты Әзиз әулие кесенелеріне мінәжат етті. Қарабура бабамыздың басына бара жатқанда бір шоғыр көк кептер төбемізден ұшып өтті. Жеңіл көліктің алдында темекі тартып, үн-түнсіз отырған Сатыбалды ағамыз соңына мойын бұрып: «Осы кептерлерді Алматыға алып барып жіберсе, жерсінер ме еді?» – деп тосын сауал қойды. «Көпшілік елдің жерсініп жатқан жері ғой, үйреніп кетер!» – деп жауап бердім де, артынша ойланып қалдым. «Мұстафа Шоқай қазақ елінін тәуелсіздігін ойлап, туған жерінен безіп, жат өлкені жерсінбей, ішқұсалықпен өткенін тұспалдап айтты ма екен?» деген ой да келген еді. Сатыбалды ағамыз қандай бір үлкен шаруаны қолға алардан, кезекті фильмін түсірерден бұрын елге келіп, әулие-әмбиелердің басына соғып, мінәжат ететін әдетімен бұл жолы да ата-анасының орны – қара шаңыраққа мал шалып, ауылдағы ағайындарды жиып, Құран оқытты. Үлкен іске қол ұрған соң есіл-дерті үлкен шаруаның жай-күйін ойлап, өзгеге көңіл бөле бермейтінін білетін ауылдастары «Құмкент» бағытындағы қасқа жолмен Алматыға қарай шығарып салды.
Шолаққорған ауылының күншығысындағы біз тұратын шағын көше кешегі кеңестік кезеңде Пушкин есімімен аталса, еліміз егемендікке қол жеткізгелі Мұхтар Әуезовтің есіміне ие болды. Ертеректе ата-бабаларымыз Бетбақдала, Сарыарқаны ен жайлап жүріп, отызыншы жылғы атышулы Созақ көтерілісінің кесапатынан күнгейге қарай үдере көшіп, көтерілістің дүмпуі басылған соң іргесін ажыратпаған күйі атажұртқа қайта қоныс тепкен еді. Ол кездің балалары бәрін іштен тоқын туып, пысық келеді ме, бізге Сатыбалдылар ерте есейген сияқты болып көрінетін. Мектепке де бармаған жалаңаяқ қарасирақ бала кезімізде Сатыбалдылар 6-7-класта окитын. Ауылдағылар оны Сатан, онымен қатарлас ағаларымызды да қысқарған есімдерімен Нәкен, Нұрша деп атайтын. Сатыбалдының менімен түйдей құрдас Нышанәлі деген інісі бар. Бойларын ерте сылап, шаштарын айранмен жуып, тарап, тар балақ, енді бірде кең балақ шалбар киіп, көшеге топтанып кетіп бара жатқанда Нышанәлі екеуміз олардың соңдарынан ілесетінбіз. Сол кезде естияр балалармен бірге жүру бізге кызық көрінетін. Бірақ, олар бізді соңдарынан ерткілері келмейді. Сатан «Қалыңдар! Көшеден кайтып келген соң сендерге кино кұрып беремін!» дейтін. Біраз жер кейіндеп қалып, соңдарынан қайта ілескенімізде жерден еңкейіп тас алған кезде еріксіз қалып қоятынбыз. Жәлел көкеміз қалаға қатынағанда Сатанның айтуымен бір ойыншық аппарат әкеліп берді. Әлгі аппараттың ішіне пленка орап, қол фонарымен жарық түсірсе, қарсыдағы қабырғаға тұтылған ақ матада әртүрлі көріністер пайда болады. Біз сияқты ауыл балалары үшін кино көруге қолайлы орын – мал қорамен жапсарлас сабанхана еді. Ауыл балаларына сабанхананың есік-терезесін караңғылап, кино көрсетуді Сатанның өзі ұйымдастырады. Босаған жәшікті қырынан қойып, үстіне аппаратын орналастырады. Үйдегі шешесінің жаулығын, немесе ақ сұрып мата тауып әкеліп, қабырғаға шегемен қағып, керіп қояды. Сабанның үстінде молдас құрып отырып, мұрнымыз пысылдап, ақ матаға түскен көрініске телміре қараймыз. Онда көбінесе жан-жануарлар туралы мультфильмдер, балалар ұғымына жеңіл көріністер бейнеленетін. Сатан әлгі көріністерге сыртынан түсінік беріп, әңгімелеп тұрады. Кейде қорқынышты, кейде көңілді етіп баяндап, не айтса да имандай сендіруші еді. Онымен мектепте бірге оқыған кластасы Нағашбек Алшынбаев: «Сатан класта парақты бүктеп, ортасына адамдардың суретін салып, алдындағы баланы түртіп: «Мен сені киноға түсіремін!» – деп парақтың бір ұшын тартып қалғанда ішінен адам бейнесі шығатынын, газет қалдықтарын қиып, бүктеп, беттерін парақтап: «Мынау менің жазған кітабым!» – деп көрсеткені туралы да айтып бергені бар.
Сол балалық шақтағы тәтті қиял, асқақ арманның жетегіне ерген бала Сатан, бүгінде төрткүл әлемге аты мәлім кинорежиссер, жазушы Сатыбалды Нарымбетов жаратылыс берген тума талантының, темірдей төзімділік пен мықты ерік-жігерінің арқасында өнердегі өзінің биігіне шығып отыр. 2005 жылы жарық көрген «Жанайқай» атты әңгімелер мен хикаяттар жинағында кездесетін кейіпкерлер – Уән, Сейдахмет, Ахатай, Ағабек, Ақшал, Кәдірбек, Адырбек, Ыдырыс, кластас достары – Сіргелі, Махмұт, Нағашбек, Исахан, Құрал, Шәкіман, Бейбіт – бәрі-бәрі маған да етене таныс, ауылда өткен балалық балдәурен шағымыздан елес береді.
Ауылдағы «Шолаққорған» орта мектебін бітіріп, қалаға оқуға аттанған жастардың алдыңғы легі осы Сатыбалдылар болатын. Жастардың көпшілігі күнделікті көлік қатынайтын Шымкентке, одан бөлек Түркістан мен Қапланбекке барды. Сатыбалды ағамыз чемоданын көтеріп, сонау Алматыға жол тартты. Мектепке алты жасынан барған он алтылардағы қағылез денелі бозбаланың жолы болып, Қазақ мемлекеттік университетінің тіл-әдебиет факультетіне түсіп кетеді. Қалаға, студенттік өмірге бой үйреткен соң, алғашқы әңгімелерін жаза бастайды. Тырнақалды туындылары республикалық газет-журнал беттерінде жарық көріп, оқырмандардың назарына ілігеді. Үшінші курста жүргенде алғашқы әңгімелер жинағының қолжазбасы да дайын болады. Шағын көркем туындылары қазақтың көрнекті қаламгерлерінің аузына ілініп, жазушылар бас қосқан жиында жылы лебіздер айтылып қалады. Осы бетімен жазушылықтың жілігін шағып, майын ішетін түрі бар еді. Құстың қос қанатындай, оған қоса кино түсірсем деген мақсаты алыстап бара жатқандай болып көрінеді. Кино саласының мамандарын дайындап шығаратын арнайы оқу орны Алматыда жоқ. Тек Мәскеуде ғана бар. Алды-артын ойлауға мұрша бермейтін албырт жастықтың әсерінен де болар, Сатыбалды оқып жүрген университетін тастап, Мәскеуге тартып тұрады. Үлкен қаладағы әдебиетшілер институтында оқып, оған қоса кино түсіретін мамандықты да игеріп шығу ойында бар болатын. «Қазақтың бір баласы келген екен» деп Мәскеуде мұны күтіп отырған ешкім жоқ, біреуді-біреу біліп болмайтын сапырылысқан үлкен қалада сұрай-сұрай әдебиетшілер институтын тауып барады. Өкінішке қарай, сол жылы әдебиетшілер институтының күндізгі бөліміне құжат тапсыру аяқталып қалған екен. Сатыбалдының бағына қарай бұл кезде Мәскеуде Шәкен Айманов пен Камал Смайылов жүрген. Екеуін тауып алып жолығып, жағдайын айтады. Олар осындағы Бүкілодақтық кинематографистер институтының сценарий факультетіне жастардан құжат қабылданып жатқанын айтып, сонда баруға кеңес береді. Осылайша «Сабақты ине сәтімен» дегендей, Сатыбалдының кино маманы болсам деген мақсатына қолы жеткендей болады. Ауылдағы ата-анасы ұлдарының сонау қияндағы Мәскеуге кеткенін естігенде уайымдап қалады. Тұңғыш ұлдары Сатыбалды оқуын бітіріп келіп, елдің балалары қатарлы үйленіп, немере сүйеміз деп отырған армандары алыстап кеткендей көрінеді. «Сол киномеханигі құрғырдың оқуы мына тұрған Шымкентте де бар емес пе еді? Сұртай қайным, киномеханиктің оқуын Шымкенттен-ақ алты ай оқып келіп, түсірген киносын Мойынқұмдағы малшыларға көрсетіп, Құдайдың құтты күні жас ет жеп, сорпа ішіп, сайрандап жүрген жоқ па?» деп Қадиша анамыздың кейіп әңгіме айтып отырғанын естіген едім. Ол кезде ауылда кинорежиссер деген ұғым болмайтын. Арнайы оқып келген киномеханиктердің өзі сирек болғандықтан ауылдағы Нұртай ағамызға деген елдің қошеметі бөлекше еді.
Сатыбалды екінші курста жүргенде режиссерлік факультетте оқитын жолдастарымен бірге факультет жетекшісі М.Ромм өткізген сабақтарға жиі қатысып жүреді. Келе-келе сценарий жазу да өзінің төл туындысы екенін, оны экранға түсіру үшін өзге режиссерге тапсыру – туған баласын басқаға тәрбиелеуге бергенмен бірдей екенін пайымдайды. Қанша дегенмен өзің түсірген кино – жан-дүниеңнің айнасы емес пе? Екі жыл бойы режиссерлік факультетке ауысуға әрекет етіп жүргенде соңғы курсқа да келіп қалады. О бастағы көздеген максатына жетуге талпынған Сатыбалды арада біраз жыл өткен соң осы Бүкілодақтық кинематографистер одағының жоғары режиссерлік курсын танымал кинорежиссер Георгий Данелияның жетекшілігінде бітіріп шығады. Алғашқы диплом жұмысы «Шоқ пен Шер» көркем фильмінің сценарийі кезінде Мәскеуден көп тиражбен шығатын «Искусство кино» журналында жарияланады. Режиссер Қаныбек Қасымбеков экрандаған көркем фильм 1972 жылы Монте-Карло қаласында өткен халықаралық кинофестивальде «Күміс нимфа» жүлдесіне ие болады. Бұл көркем фильм Сатыбалдының режиссерлік мамандықпен түбегейлі айналысуға деген талабын қанаттандыра түседі.
Міне, содан бері Сатыбалды Нарымбетов режиссер әрі сценарист ретінде он бестен астам көркем, хроникальды және деректі фильмдерді түсірді. Америкада, Германияда, Францияда, Жапонияда, Латвияда және Ресейде өткен халық­аралық кинофестивальдердің жүлдегері, 1996 жылы «Көзімнің қарасы» атты көркем фильмі үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. Әр фильмге алдын-ала дайындық жасайды, өзге дүниені ұмытып, қолға алған шаруасын көңілден шығатындай етіп, өзінің жүрек қалауымен аяқтап шығуға күш салады. Әрбір көркем фильмнің арқалар жүгі, айтар ойы бар. Бар есіл-дерті өзінің көкірек көзінен шыққан төл туындысын экран-айна арқылы көрерменге бейнелі де тартымды жеткізуді ойлайды. Сценарийді бекіттіру, болашақ түсіретін киноға қаржы бөлдіру, актер таңдау, толып жатқан құжаттар, келісімшартқа қол қою сияқты шаруалар тағы бар. Киностудия бұрынғыдай режиссерге тұрақты жалақы төлеп тұрмайды, тек кино түсіргенде ғана тиесілі қаражатты қанағат тұтуына тура келеді.
1992 жылы Сатыбалды ағамыз Ащысай поселкесінде «Көзімнің қарасы» көркем фильмін түсіруді бастады. Ауылдан мектепте бірге оқыған кластас достары – Сіргелі, Исахан, Сағынтай және нағашы інісі Бақыттармен бірге соңынан бардық. Ол кезде Қаратаудың беткейіне қоныс тепкен Ащысайдың үйлері бұзыла қоймаған, бастапқы келбетін сақтаған кезі. Қазақ-
станда таудың жықпылына орналасқан, табиғаты әсем Ащысайдай елді мекенді кезіктіру қиын. Соғыстан кейінгі жылдары Сатыбалды осында туып, бес-алты жасқа дейін өскен соң бала кездегі көргендері жадында сақталып қалып қойған. Сол кезеңде жазасын өтеп жатқан жапондықтардың ауыр тұрмысы, әкесі Жәлелмен достық қарым-қатынасы туралы көркем фильмде эпизодтар бар. Осындағы басты кейіпкер – кішкентай баланың басынан өткендері Сатыбалдының балалық өмірінен алынған. Фильмнің негізгі желісі «Ассалаумалейкүм, Атлантида!» хикаятында да бар. Ащысайға сәске ауған кезде келген біз түсіру алаңында жүрген Сатыбалдымен қол алысып, аз-кем әңгімелескен соң, жоспарлаған шаруасын бітіргенше күтуге тура келді. Жұмыс барысын сырттай бақылап тұрдық. Аласа, төбесі балшықпен сыланған үйдің алдында сәкі мен тандыр бар. Сәкіде екі жапон кейпіндегі жігіттер, ер кісі мен әйелдің ортасында жас бала отыр. Режиссер бас-аяғы бес минутқа толар-толмас эпизодты үш рет қайталап түсірді. Актерлерден бөлек камераны оңтайлап, жарығын түсіріп, дыбыс жазатын аппаратын дайындап, өзге де қызметті атқарып жиырма шақты адам жүрді. Олардың бәрі режиссердің айтқанын бұлжытпай орындап, шағын ғана көріністің көңілдегідей шығуына ден қояды. Кеш бата түсіру жұмыстары аяқталды. Жігіттер асайын-үсейіндерін жиыстырып, арнайы автобуспен Кентаудағы қонақүйге жол тартты да, Сатыбалды бізбен бірге қалып қойды. «Көккөздегі» Сатыбалдының нағашысының үйінде ауылдан алып келген сыбағамызды дастарқанға салып, өткен-кеткенді әңгімелеп, түннің біраз уағына дейін әңгіме-дүкен құрып отырдық. Жұмысбасты болып жүрген Сатыбалдының көңілі сергіп, бізді тау асуына шығарып салды.
Осы «Көзімнің қарасы» фильмінің соңында Ащысайды биіктен түсірген бір әдемі көрініс бар. Таудың беткейіндегі бірінің үстіне бірі міңгескен шыпырлаған үйлер Қап тауындағы елді мекендерді көз алдыңызға елестетеді. Қиындықпен түсірілген фильмнің соңы жақсы болып, екі бірдей халықаралық кинофестивальден жүлде алып, Сатыбалды ағаның атын әлемге танытты. Одан кейін үш жыл бойы түсірген «Мұстафа Шоқай» фильмін аяқтап шығып, демін бір басқан еді. Мұстафа Шоқайдың соңына қалдырған жазба мұрасы мен оның зайыбы Марина Горинаның естелік күнделігі негізінде фильмнің сценарийін белгілі қаламгер Әкім Тарази, Ермек Тұрсынов, Сергей Бодров жазды. Бұл кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетовтың күрделі тарихи, ұлт-азаттық көтеріліс тақырыбына алғаш қадам басуы болатын. Екі бөлімнен тұратын көркем фильм Астанада бесінші рет өткен «Еуразия» халықаралық кинофестивалінде жүлде алып, «Ерекше оқиға» бағдарламасы шеңберінде Елордадағы «Самұрық» кинотеатрында алғашқы тұсаукесер рәсімі өтті. Танымал қазақ қаламгері Әбіш Кекілбаев: «Бұл біз 70 жылдан артық уақыт асыға күткен оқиға. Ендеше, бір ғасырға жуық осы күнді тағатсыздана күткен қазақ әлеуметінің атынан кинотуындыны жарыққа шығарушыларға алғыс айтамын. Себебі, бұл фильм қазақтың көркем өнері үшін ең ғажап рекорд жасады!» – деген сөзінде үлкен мағына жатса керек. Сатыбалды Нарымбетов 2006 жылы 60 жасқа толып, «Мерейтойыңызды атап өтпейсіз бе?» дегендерге: «Мен үшін тойдың ауылы алыс болып тұр. Қолға алған «Мұстафа Шоқай» фильмін абыроймен түсіріп шықсам, мен үшін той сол болар!» дегені есімде қалыпты. «1995 жылы «Көзімнің қарасы» фильміммен Германияның астанасы – Берлин қаласына бардым. Менің фильмім жат жердегі қаракөз қандастарымызға ұнаса керек, жылы қарсы алып, қонақ етті. Қала сыртындағы мұсылмандар зиратына ертіп барып, неміс жерінде мәңгілік орын тепкен Мұстафа Шоқай атамыздың басына зиярат еттік. Сол кезде он шақты жыл өткенде бабамыз туралы фильм түсіремін деген ой менде болған жоқ еді. Кезінде Мұстафа Шоқайдың сүйегін Қазақстанға алып келіп, қайта жерлеу туралы сөз болып, арнайы қор да құрылған болатын. Осы бастамаға қарсы шыққан жандардың бірі менмін. Германиядағы Мұстафа Шоқай жатқан жер қасиетті, ол елге жолы түскен әрбір мұсылман кіші Меккеге мінәжат еткендей әсерде болатыны анық. Мұстафа Шоқай менің қимас кейіпкеріме айналды. Қазір ардақты ақсақалды ауылына қайтарып, үлкен сапардан кейін толқып та жүрмін. Мұстафа атамыз ақбоз аттың үстінде, мен шылбырынан жетектеп келе жатқандай болып көрінемін» деген еді Сатыбалды ағамыз.
Алматының «Арман» кинотеатрында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетовтің Алаш ардақтысы, тарихшы Ермұхан Бекмахановтың өнегелі өмір жолы мен қайраткерлік қызметіне арналған толық метражды «Аманат» көркем фильмінің тұсаукесері туралы өзім қызмет істейтін «Алматы ақшамы» газетіне жазған едім. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы маңызды жобасының тұсаукесерін көрермен бес жыл күтті десе болады. Аса ірі тарихи тұлға, ел аузында аты аңызға айналған тарихшы Ермұхан Бекмахановтың көркем бейнесін тұңғыш рет экранға шығарудың қаншалықты күрделі екенін пайымдайтын көрермен Сатыбалды Нарымбетовке көп үміт артқан еді. Жауапкершілік салмағын сезінген, тәжірибесі мол режиссер бес жыл бойы маңдай терін төгіп, еңбек етті. Сәкеңе хабарласып, болашақ көркем фильм туралы сұрағанымда: «Мұрағаттарға барып, сирек қолжазбалармен танысып жатырмын», «Халима анамыздың үйінде болып, әңгімелесіп қайттым», «Кино түсіретін жерлерді аралап көрдік» деген сияқты жауап алып, «Мамыр» ықшам­ауданындағы пәтерінде болғанымда: «Кинофильмнің көркемдік өзегін таптым, жіптің бір ұшы қолыма ілінгендей болды» деп көңілденіп отыр екен. Сол екі сағаттан астам толық метражды көркем фильмнің тұсаукесер рәсімі мамырдың соңында Астанада да өтіп, еліміздің белгілі мемлекет, қоғам және мәдениет қайраткерлері, ұлт зиялылары қатысып, жаңа кинотуындының сәтті түсірілгені туралы ой-пікірлерін білдірген болатын. Бәрінен де кинотуындының басты кейіпкері, тарихи тұлға Ермұхан Бекмахановтың жары Халима Бекмұханбетова «Менің өмірлік жарым, қазақ халқының аяулы ұлы Ермұхан Бекмаханов туралы толық метражды фильм көңілімнен шықты. Біздің ауыр да қызықты жастық шағымыз туралы нанымды түсірілген кино картина деп сеніммен айта аламын. Сценарийін жазып, киноны түсірген Сатыбалды інім менімен жиі сөйлесіп, ақылдасып отырды. Үйдегі ескі альбомдарды ақтарып, басты кейіпкерлердің түр-түсі, мінез-құлқына дейін ұқсас болуына назар аудардық. Ермахан Бекмаханов сияқты қазақтың қаншама ұлтының тарихын зерттеген ғалымдар өмірден ерте кетті десеңізші? Осындай халқымызға қажетті керемет көркем фильм түсірген шығармашылық топқа, інілерім мен қыздарыма деген алғыс сезімім шексіз» деген еді.
Көктемнің алғашқы күндері өмірге келген кинорежиссер, сценарист, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Созақ ауданының құрметті азаматы Сатыбалды Жәлелұлы Нарымбетовтің 75-ке келген мерейтойы 2021 жылы 7 наурызда Алматының жоғарғы жағындағы «Кама парк» мейрамханасында аталып өтті. Кино саласында бірге қызмет еткен азаматтар, шәкірттері, ағайын-туыс, дос-жарандары жиылып, Сатыбалды ағаның жетістіктерін айтып, шығармашылық табыстар тілеп, қуанышына ортақтасқан еді.
...Адам баласының қанша ғұмыры бары бір Аллаға ғана мәлім. Қашан да сергек жүретін Сатыбалды ағамыз 2021 жылдың басынан кезекті «Жаңғырық» фильмін түсіруге құлшына кірісті. Одан бір жыл бұрын аяқталуға тиіс болған бұл фильмді түсіру жер әлемді жайлаған індеттің кесірінен кейінге қалдырылып келді. Фильмді түсіру барысында көпшілікпен қоян-қолтық жұмыс істеу үшін індетке қарсы вакцина салдыру керек болды. Осы екпенің алғашқы компонентін қабылдағаннан кейін онсыз да денсаулығы төмен Сатыбалды ағаның жағдайы нашарлап кетті. Түсірілуге тиісті киносының қамымен Жаркент қаласына барып қайтқан соң-ақ денсаулығы күрт төмендеп, ауруханаға түсіп қалды. Бұрынғы «Совминнің» орталық ауруханасының жансақтау бөлімінде өлім мен өмір арасында арпалысып жатып, оншақты күннің ішінде демі үзіліп кетті. Сирек талант иесі Сатыбалды Нарымбетовтің қазасы қазақ еліне ауыр тиді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап, еліміздің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, кино көрермендері – қалың елі қазақ жұртшылығы ағаның жақын туыстарына көңіл айтумен болды.
«Біз бүгін қазақ кино өнерінің тағы бір марқасқасын ақтық сапарға шығарып салып тұрмыз. Бұл жалғаннан қазақ киносының сардары Сатыбалды Нарымбетов өтті дегенге көңіл сенбейді. Дарыны, жаратылысынан дарыған таланты қандай биік болса, жан дүниесі де сондай кіршіксіз таза еді. Ол таспалаған киноларда қазақтың жаны, сезімі, ішкі күйі мен күллі қасиеті толықтай көрініс табатын. Қай киносын көрсеңіз де кәсіби біліктілігіне тәнті боласың. Ұрансыз, пафоссыз кадрларға сүйенетін. Кино тіліне, иіріміне елітіп, жан рахатын аласын. Сатыбалды Нарымбетов бүкіл саналы ғұмырын ұлттық киноны дамытуға арнады, осы жолда тер төкті. Оның түсірген фильмдері қазақ кино өнерінің тарихында өзінің айшықты орнын ала білді. Қай киносын алсақ та, қолтаңбасын қалдыра білген, кино өнерінде жаңалық алып келген нағыз талант иесі болды. Өзі кино түсіріп жүріп, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Қазіргі кезде қазақ киносында өндіре еңбек етіп жүрген жастардың дені Сатыбалдының шәкірттері. Кезінде өзі де Асқар Сүлейменовпен жақын араласа жүріп, тәлім-тәрбиесін көргенін жақсы білеміз. Жазушы ретінде де әр жылдары жарық көрген прозалық кітаптары оқырманның ықыласына бөленді. Сатыбалдының алдағы кезде тындырсам деген шаруасы көп еді, өкінішке қарай, ол мақсатына жете алмай кетті. Оның түсірген кинолары алдағы кезде де ұлтының кәдесіне жарай беретін болады. Бақыл бол, Созақтан шыққан Сатыбалды суреткер, талантты інім! Барша қазақ халқына, өнерсүйер қауымға қайғырып көңіл айтамын» деген еді Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімұлы «Кеңсай-2» зиратында кинорежиссер, жазушы Сатыбалды Нарымбетовті жерлеу рәсімінде сөйлеген сөзінде. 
Сатыбалды ағаның соңында кино туындылары, прозалық шығармаларымен қатар, өнегелі ұрпақ қалды. Қос ұлы Мұхит пен Ескендір және немерелері аталарының атын тек жақсы жағынан шығаратынына сенеміз. Айтқандай, Сәкеңнің аяқтап үлгермеген «Жаңғырық» атты көркем фильмін қос ұлы жалғастыратын болды.

* * *
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, кинорежиссер, жазушы Сатыбалды НАРЫМБЕТОВТІҢ дүниеден өткеніне жүз күн толған асын Созақ аудандық әкімдігі марқұмның туып-өскен жерінде өткізеді.

Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ,
халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның құрметті журналисі, Созақ ауданының құрметті азаматы.
Пікір қалдырыңыз