Қазақ батырларының қару-жарағы туралы білгіңіз келсе...

Қазақ батырларының жауынгерлік қару-жарағының даму тарихы бірнеше мың жылдықты қамтиды. Қазақ халқының қару-жарағына қатысты алғашқы этнографиялық мәліметтер ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қазақтың тұрмыс салтын зерттеген орыс және Еуропа зерттеушілері Т.В.Аткиносан, П.С.Паллас, И.Г.Георгилердің еңбектерінде кездеседі. Бірақ, олар қазақтар қолданған қару-жарақ түрлерін жалпы сипаттаумен ғана шектелген.

Ал, суық және от қаруларды, типтерін, олардың жасалу технологиясын, қазақ тіліндегі атауларын, қолданыста болған нұсқаларын және суреттерін алғаш қағаз бетіне түсірген белгілі этнограф Шоқан Уәлиханов. Бүгінде Түркістан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған б.з.б. V–ІІІ мың жылдықтарды қамтитын неолит дәуіріне жататын жебелерден бастап, қазіргі ХХ ғасырға дейінгі қару-жарақтар сақталған.

Мұндағы тарихи жәдігерлердің жалпы саны 250-ге жуықтайды.

Жалпы, қазақ батырларының соғыста қолданған шабуыл құралдары ату, кесу, түйреу, шабу, соғу қарулары деп беске бөлінеді. Ал, қорғаныс құралдарына денеге киетін сауыттар, басты, мойынды қорғайтын бас киімдер, қолға ұстайтын, қолды, аяқты, тізені және атты қорғайтын темір жарақтар жатады.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, мұражайдан көне дәуірден сыр шертетін, бабаларымыздың жауынгерлік рухын дәріптейтін түрлі қару түрлері мен қорғаныс сауыттарын көптеп кездестіруге болады. Бұл – археологтардың тынымсыз еңбегі мен үздіксіз ізденісінің нәтижесі. 1993 жылы Созақ ауданы, Қызылкөл мекенінен археолог

А.А.Рүстемов ату қаруына жататын қара шақпақ тастан жасалған, жапырақ тәрізді жебе ұштарын тапқан. Ұзындығы – 3,5 см, ені – 1,7 см болып келетін бұл жәдігер тас, қола, неолит дәуірлеріне тиесілі. Сондай-ақ, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында ХІХ ғасырға жататын құйма, таптама, сүйектен жасалған қылыш сақталған. Оның ұзындығы 84,7 х 36 см, басы бір жүзді болып соғылған. Басы мен сабының түйіскен жеріне қарсыластың қаруын қағуға және жауынгердің қолына тіреу болуға арналған балдағы бар.

Батырларымыз соғыста айбалтаны пайдаланғанын білеміз. Қарудың бұл түрі ХVІІІ-ХІХ ғасырға дейін қолданыста болған.Түркістан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қорында 1930 жылы қолға түскен айбалта сақтаулы. Оны күміспен қаптап, алтын жалатқан, құйма, оймыш, көмкеру әдісімен өсімдік өрнегімен өрнектеген, сабы ағаштан жасалған.

Сонымен қатар, мұражайдан қазақ жауынгерлері қолданған шоқпар, гүрзі, бұздыған,«бос мойын шоқпар» немесе «босмойын» секілді қару түрлерін көруге болады. Босмойын 1931 жылы 27 қазанда Сайрам ауданынан сатып алынған.

Мұражайға келсеңіз батырлар жырында айтылатын «көбе сауыт» немесе «көбе», «кіреуке сауыт» немесе «кіреуке» секілді құнды жәдігерлерді көруге болады. Кіреуке сауыттың ұзыңдығы – 120 см, ал, ені – 110 см, салмағы – 8 келі. Сондай-ақ, мұражай коллекцияларында ХVІІІ ғасырға жататын ұзындығы – 75 см, ені – 60 см, ал, салмағы 6 келі болатын бек сауытты кездестіруге болады. ХVІІІ ғасырларға жататын диаметрі – 12,5 см, биіктігі 20,5 см болып келген дулыға да сақталған.

Ертеде көшпелі халықтарда соғыс кезінде жауынгерлік бас киімге түрлі әлеуметтік, таптық, рулық, т.б. жоғарғы дәрежелік айыру белгілері тағылған. Яғни жауынгерлік бас киімдер қорғаныс функциясымен қоса адамның әлеуметтік статусын, дәрежесін де анықтаған. Шығыста құс қауырсындары түріндегі хан, патша, қолбасшылардың дәреже белгісін «жыға» деп атады. Салтанатты жығалар алтынмен, асыл тастармен әшекейленген. Қазақтарда алтын жығаны хандар, әскер басылар дәреже белгісі ретінде таққан. Орта ғасырда айқаста әскер бөліктерін бір-бірінен айыру үшін найзаға тағылған жалаумен бірге, жауынгерлер дулығаға да түсті матадан жасалған үшбұрышты жалаушалар таққан.

Мұражайда ХІХ ғасырларға жататын диаметрі 45-90 сантиметр болатын қалқан бар. Бірнеше қабат теріден дөңес қылып сомдалып жасалған қалқанның ортасы төрт металл күмбезшелермен күшейтілген. Қолға ұстайтын қайыс баулары осы төрт күмбезшенің ішкі тұсынан шығып тұрған шығыршық сақиналарға бекітілген.

Мұражай құнды жәдігерлердің «қоймасы» ғана емес, ол жас ұрпақтың бойына ұлттық рух пен сенім ұялататын, бабалар өмірінен үзік сыр шертетін тылсым мекен. Қазақтың бес қаруын көрген жеткіншектің бойында өткенге құрмет, болашаққа сенім, ұлтына деген мақтаныш сезімі ұялары сөзсіз.

Айгүл ТӨЛЕНДИЕВА, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының аға ғылыми қызметкері.

 

 

Пікір қалдырыңыз