Сіз жатқа оқуға тиіс бір өлең...

Сағи ЖИЕНБАЕВ

МАЙДАННАН КЕЛГЕН АҒАЙЛАР


Ентелей түсіп жан-жақтан,

Көзімізді алмай қиылып,

Соғыстан келген солдаттың

Аузына қарап үңіліп,

Отырушы едік тізіліп,

Әңгіме-жырға қарық боп.

Ағаймен бірге қызынып,

Майданға біз де барып кеп...

Сәбилер елтіп сенгесін,

Өзі де бір сәт елігіп,

Көтере түсіп кеудесін,

Кететін ағай желігіп:

– Айқасқа кірер шағымда

Асығып ылғи тұрушы ем,

Алдыңғы жақта арындап,

Ақбоз ат мініп жүруші ем.

Найзағай ойнап көзінде,

Сулығын шайнап, кеміріп,

Думанды көрсе өзімдей

Тұратын ол да еліріп.

Құйғытып келіп құйындай

Жалынға сүңгіп кететін,

Қып-қызыл оқтар зуылдап,

Құлағын тесіп өтетін.

Жарадар болсам кісінеп,

Адамша бәрін ұғатын,

Жануар өрттің ішінен

Денемді сүйреп шығатын...

Айтатын өзі беріліп,

Қалың бір жауға кіргендей,

Қалатын кенет тебініп,

Ақбоз атқа ырғып мінгендей.

Шығатын даусы жоғары,

Жүргендей әлі ұрандап,

Төсінде тұрған медалі

Түсетін сонда бір аунап.

...Тыңдаушы ек ұйып жырын да,

Басқадай бізде болар ма ой.

От кешіп жүріп шынында,

Жау жеңіп қайтқан солар ғой!

 

 

Пікір қалдырыңыз