«Қоқысты» тірілткен тарлан

«Бутафор» – француз тілінен аударғанда «қоқыс» деген сөзді білдіреді. Бутафория – негізінен театр сахнасында қолданылады. Көзге көрініп тұрған заттың әртүрлі қалдықтан құрап жасалғанын қолға ұстап көрмесеңіз білмейсіз. Бутафория – бір сөзбен айтқанда, көрген көзге қуаныш сыйлайтын аса бір шебер жасалатын әдемі әлем.

Бутафория – сценографтың пьесаның өзегін тірілтетін шешіммен жасаған суретін тіршілікке айналдыратын ғажайып әлем. Актердің сахнада еркін ойнауына, кейіпкерінің жан дүниесін ашуға бутафориялық зат тікелей пәрменді күш. Қолына ұстаған реквизитін жойқын күшке айналдырып жіберуге қауқарлы актер, қойылымға дүмпу беріп, көрермен алдында сахналық шындық туғызады. Демек, сахнаны жандандыратын – актер ойынымен қатар бутафориялық заттар.

Театрдың шарттылықтан тұратынын ескерсек, сахнадағы тақ пен қылыш, табақта тартылған ет пен жеміс-жидектің арнайы маманның қолынан жасалған зат екенін көзі ашық көрермен танып, білетіні хақ.

Соңғы қоңырау соғылып, қою қараңғылықтан шымылдық түрілген сәтте қойылымды тамашалауға келген көрермен, ең алдымен сахнаның безендірілуіне көзі түседі. Сахна төрінде қойылымның мағынасына қарай айшықталған декорация көрерменді болғалы жатқан оқиғаның кезеңіне қарай жетелей жөнеледі. Келесі кезекте сахнаға шыққан актердің үстіндегі кәстөмінен бастап тұтынған заты, отыратын орындығына дейін өз ғасырымен, оқиғаның мән-мағынасымен ұштасып, қойылыммен етене қабысып кеткеніне көрермен бірде мән берсе, бірде мән бермеуі мүмкін. Себебі, актердің ойынынан бастап, безендірілген бутафория сахнаға қызмет етіп тұрады. Солай болуы тиіс. Театрдағы ең маңызды әрі үлкен цех – қою бөлімі. Шымкент қаласындағы Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрындағы Батырбек Қабылбеков басшылық ететін бірнеше цехтың ең күрделі бөлігі – бутафория һәм декорация бөлімі. Бүгінгі әлқиссамыздың бас кейіпкері Төрехан Ерназаров, осы цехтың меңгерушісі болып қызмет етеді. Төлеби ауданындағы Майбұлақ ауылының тумасы Төреханның сурет әлеміне деген іңкәрлігінің тамыры тереңде. Ол бала күнінен өзі туып-өскен ауданнан шыққан атақты суретші Тоқболат Тоғысбаев, тұңғыш гобеленші Құрасбек Тыныбек, мүсінші Қуаныш Мәліков сынды өнер майталмандарының ғажайып шығармашылығына қызығып өскен. Осы дарындардың ізінен ерген бала Төреханның сұлулық әлеміне ынтықпай өсуі мүмкін емес еді.

– Ең алғаш рет бастауыш класта оқып жүргенімде сыныптас қыз өлең жазылған альбомын беріп, суретпен көркемдеп беруімді өтінді. Ол кезде оқушылар арасында өлең жазылған альбомдарды суретпен көркемдеу деген үрдіс болатын. Алдымен жақсылап өлеңін оқыдым. Мағынасын жақсылап түсініп алған соң қиялым қалықтай жөнелді. Өлеңнің айтып тұрған мағынасына қарай сурет салуға қызыға кірісіп кеттім. Содан суретке деген махаббат басталды.

– Біздің балалық шағымыз кеңес дәуірімен тұспа-тұс келгендіктен Лениннің суретін салу өте қызық болатын. Өз қалауыммен Лениннің октябрят значогіндегі суретін ерекше қызығып салдым. Кейін ақын-жазушылардың кітаптағы фотоларын көшіріп салатын болдым. Мектептегі үйірмелерге қатыса бастадым. Салған суреттерім мұғалімдеріме ұнап, мектептегі қабырға газеттерінің суретін салу маған жүктелетін болды. Мұғалімдерге көмекші бола жүріп суретке деген құмарлығым тереңдей түсті. Суретші болсам деген арман-қиял жоғарғы сыныпта оқып жүргенімде ауылымнан шыққан өнер адамдарының шығармашылығына деген қызығушылықпен ұштаса түсті. Соларға ұқсағым келді, – дейді Төреханның өзі.

– Неге кескінші, не көркемсуретші емес, суретші-бутафор кәсібін таңдадыңыз? – дейміз біз де таңданысымызды жасыра алмай.

– Алғаш рет Ж.Шанин атындағы драма театрында жүріп жатқан «Қараш-қараш оқиғасы» қойылымын көріп, сахналық безендірілуіне таң қалғанмын. Түрлі реквизиттер, әртүрлі декорацияның сахна ауысқан сайын өзгеруі санама қатты әсер етсе керек, театр әлеміне үлесімді қосқым келді. Сол арман жетелеп Шымкент қаласындағы Ә.Қастеев атындағы көркемсурет училищесіне суретші-бутафор мамандығына оқуға түстім.

Бірінші курста оқып жүрген кезімізде алғаш рет тәжірибе жұмысы ретінде топ болып Шанин театрының «Ұлан асу» қойылымының бутафорын жасауға келдік. Қылыштар жасадық. Алғаш бутафор қылышын жасағаным есімде ұмытылмастай сақталып қалды.

Өз қолыммен алғаш рет училищеде оқып жүріп сан-қилы театр маскаларын жасадым. Дипломдық жұмысым бойынша Назар деген ұстазым: «Болашақта талай бутафорияны жасайтын боласыңдар. Алдымен шын өмірдегі тұрмыстық бұйымды жасап үйреніңдер» деп қымызға арналған ыдыс-аяқты ағаштан ойдырды. Киіз үйдің ішін сәндейтін шымши тоқытты. Тіршіліктің шырғалаң өткелімен жүріп, Шанин театрына екі мыңыншы жылдары бутафор боп жұмысқа орналасуым өміріме жаңа серпілістер әкелді, – дейді Төрехан.

Адам ғұмыры тек күнделікті тіршілік кешуден ғана емес, соңында елеулі іс қалдыруымен құнды. Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында суретші-бутафор қызметін адал атқарып жатқан Т.Ерназаровтың «Ер айнасы – еңбегі» атты тұңғыш шығармашылық кездесуі Шымкент қаласындағы Пушкин атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында өтті. Шығармашылық кешке ақын С.Қосалиев, Т.Ерназаровтың мектептегі ұстазы Ж.Сыдықбаев, жазушы Ш.Орынбай, журналистер А.Майлыбай, О.Дәуіт қатысып, қызықты естеліктермен бөлісе отырып, кейіпкердің сан-қырынан хабардар етті. Әсіресе, қызмет бабына орай болған қилы-қилы қызықтар мен қою бөлімінің меңгерушісі Б.Қабылбеков айтқан әңгімелер келген қонақтардың көңілін серпілтіп, театр өнеріне деген ынтызарлығын үдете түсті.

Ш.Дінәсілова ханым басшылық ететін кітапхана ұжымы ұйымдастырған мәнді де мағыналы кеште Төрехан Ерназаровтың әнін Шанин театрының актрисасы Н.Ғабит пен труппа меңгерушісі А.Шымалиев орындады.

Өнер адамының шығармашылық кешін ұйымдастырған Пушкин атындағы ғылыми-әмбебап кітапхана ұжымына, басшысы Ш.Дінәсіловаға өнерсүйер қауымның айтар алғысы шексіз.

Сая ҚАСЫМБЕК, Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз