Үш ішекті домбыра туралы білесіз бе?

Домбыра – ұлтымыздың ғұмырында маңызды орын алатын, өзіндік музыкалық сипаты бар айрықша аспап. Алғашында эпикалық дәстүр шеңберінде жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған. Кейін аспаптық шығарма – күй жанрының қалыптасуына ықпал еткен.

Қазақта қос ішекті домбырадан өзге мойны қысқа, пернелері жылжымалы болып келетін, көп ішекті домбыралар да бар. Шығыс өңірлерде кездесетін екі ішекті домбыралардың да мойны осындай. Екі қосалқы ішегі бар, екі ішекті домбыралар да кездеседі. Кейіннен кейбір домбыраларға сым ішек тағылып, пернелері мыстан қойыла бастады. Екі ішегі шанақ пен мойынның ішінен өтетін аспаптар да бар. Оларда төрт немесе екі құлақ болады. Құлақ екеу болғанда ішектер мынадай ретпен тағылады: екі ішектің ұштары мойынға шалынады да, мойынның ішіне жіберіледі, одан әрі шанақтың төменгі бөлігіндегі ролик арқылы сыртқа шығарылады, одан соң сырттан керіліп екі құлаққа бекітіледі. Міне, осы себепті құлақты бұрағанда ішкі және сыртқы ішектер бір мезгілде күйге келтіріледі. Домбыраға қосалқы ішек тағылуы және ішекті қос-қостан тағу ол кездегі музыкант орындаушылардың аспаптың үнін жетілдіруді мақсат етіп, үнемі ізденіс үстінде болғандықтарын көрсетеді. Қостанай облысында шанағының ішіне қоңыраушалар ілінген домбыралар да кездескен. Көп ішекті домбыралардың тарту мәнері шығыс өңірлері домбырашыларының тартысына ұқсайды. Яғни күйлер ішектерді жеке-жеке шертіп тарту тәсілімен орындалады. Мұндай тәсіл ұлан-байтақ еліміздің бұл аймақтарында үш ішекті домбыраның сақталуына себепші болған. Үш ішекпен тартылатын күйлер өзгеше естіледі және тартылу тәсілі де басқаша.

Үш ішекті домбыра – қазақтың көне музыкалық аспабы. ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда пайда болған бұл аспап екі ішекті домбырадан да ерте жасалған. Аспап Шығыс Қазақстан аймағында кең тараған. Бұл домбыраны Абай, Шәкәрім секілді дана тұлғалар мен Шәкір Әбенов сынды халық ақындары да тартқан. Абай атамыздың, Шәкәрімнің, Әлмағамбеттің, Ысырайылдың, Шәкір Әбеновтің үш ішекті домбыралары музейлерде сақталған. Алайда, ел ішінде үш ішекті домбырада орындаушылар жиі кездескенімен, осы саладағы орындаушылық дәстүр ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін зерттелмей, ұмыт қалып келді. Қазақ радиосына, теледидарға немесе күйтабаққа жазу студияларында үш ішекті домбырада күйлер орындаған бірде-бір орындаушы болмады. Қазақта бұл музыкалық аспап бұрын-соңды болмағандай, оған жете мән берілмеді. Үш ішекті домбыра музей жәдігері ретінде ғана сақталды. Музыкалық мәдениетіміздегі осындай ақтаңдақтардың бетін профессор Б.Сарыбаев ашты. Ол 1965 жылдардан бастап қазақтың өткен өміріндегі аңыздары мен деректеріне сүйеніп, үш ішекті – қос бұрау домбыраның қазақтың ежелгі музыкалық аспабы екенін, тарихи тамыры тереңде жатқандығын, бағзы түркі дүниесінің мұрасы екендігін алғаш дәлелдеп берді. Болат Сарыбаев қазақ домбырасын зерттеу барысында терең тұжырым-толғаулар жасай отырып, ғылыми жетістіктерге жетті. Нәтижесінде, ел ішінде қос бұрау домбырада күйлер орындаған орындаушылардың есімдерін атай отырып, осы саланың өзіндік дәстүр ретінде қалыптасқанын дәлелдеп шықты. Алғаш рет үш ішекті домбыра «Сазген» фольклорлық ансамблінде қолданылды.

Қазіргі таңда үш ішекті домбыраларды ұлт аспаптар оркестрлерінің қатарынан көруге болады. Үш ішекті домбыраға ұқсас аспапты моңғол, қырғыз, татар, башқұрт, өзбек, хақас халықтарының ұлттық музыкалық аспаптарының арасынан да кездестіресіз.

Сондай үш ішекті көне домбыраның бірі С.Ерубаев атындағы әдеби-мәдени музейде тұр. Оның екі ішегінің екі ұшы да түбіндегі бекіткішке оралып, құлағына бекітілген. Беті немесе қақпағы теріден жасалған. Құлақ бекітілер тұсы қобыздың ішек байлар тұсына ұқсас. Тұрқы әдеттегі, көріп жүрген екі ішекті домбыралардан қысқалау. Шанағы өте кең. Ал, үні қазақтың қоңыр сазына тұнып тұр.

Ердос Қоныс, С.Ерубаев атындағы әдеби-мәдени музейінің қызметкері.

 

 

Пікір қалдырыңыз