Алғашқы өнім экспортқа шықты

Жетісай ауданындағы Әл-Фараби ауылының диқандары ақпан айының басында еккен қырыққабаттың алғашқы өнімін экспорттады.

«Қыс мезгілінде шаруа қожалығымызға тиесілі 10 гектар жерге қырыққабаттың 50-55 күнде ерте пісетін «Зарисма» сортын ектік. Егілген көшеттердің барлығы өзіміздің жылыжайда өндірілген. Жалпы 10 гектарға егілген өнім көлемі 40 центнерді құрап отыр. Бұл кеткен шығындарымыздың толық ақталғанын білдіреді. Артылған 40 тонна қырыққабат Белоруссия еліне жөнелтілетін болады» дейді «Әл Фараби» шаруа қожалығының төрағасы Бекзат Сәбденов.

Жетісай ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Әбуовтың айтуынша, өңірде биыл 1 080 гектар аумаққа ерте пісетін қырыққабат егілген. Былтыр диқандар қырыққабат дақылынан 36 мың тонна өнім алған. Бүгінде егін шаруашылығымен айналысатын аудан халқы 78 500 гектар аумақты игеріп отыр. Қазір аудан бойынша 1 300 гектарға көкөніс, 10 мың гектарға бақша дақылдары егілген.

Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

 

 

Пікір қалдырыңыз