Еңбекте ерен, ақылда кемел еді

Қай заманда, қай елде болмасын ер-азаматтың атақ-абыройға, құрметке бөленуі оның елге сіңірген еңбегіне тікелей байланысты екені анық.

Ақиқатын айтуымыз керек, Кеңес Одағы кезінде де елімізде қайнаған еңбек, қарбалас тіршілік болды, қазақтың талай азаматы көпшіліктің құрметіне бөленді, қайраткер атанды, Еңбек Ері болды, депутат болып сайланды. Біз де сол кеңес өкіметі кезінде елге белгілі талай азаматтармен араласып, көпшілігін ардақтап аға тұтып, қанаттаса жүріп, қызмет атқардық. Жалындаған жастық шағымызда, тағдыр табыстырып, аға-іні болып бірге қызмет атқарысқан асыл ағалардың бірі – Нұртаза ИСМАЙЛОВ еді. Мен Нұрекеңмен ол кісі Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек (бұрынғы Алғабас), Қазығұрт (бұрынғы Ленин) аудандарында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тұрғанында қызметтес болып, ағалық қамқорлығын көп көрдім.

Нұрекең таза, әділ, сезімтал да сергек, сөзі мен ісі бір жерден шығатын, жеке басының мүддесін ел мүддесінен бөліп қарамайтын, «пайда ойламай, ар ойлаған» білімі мен біліктілігін, күш-қайратын, ақыл-парасатын ел игілігі жолында жұмсаған жарқын тұлғалардың қатарына жатады.

Ол жиналыстарды, бюро мәжілістерін бірсарындылықпен өткізуді жек көретін, көбінше жиындардың жинақы өткізілуіне мән беретін, сөйлегенде қағазға қарамай көсіліп, мақал-мәтелдетіп сөйлеуді ұнатушы еді.

Нұртаза Исмайлов осыдан бір ғасыр бұрын, 1921 жылы 23 ақпанда қазіргі Түркістан облысының Отырар ауданында, Көксарай ауылында дүниеге келді.

Нұрекең 19 жасында, 1940 жылы Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы педагогика училищесін бітіріп, осы облыстың Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданындағы «Қарақұм» орта мектебінде мұғалім, мектептің оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. Ол кезде арнаулы білімді мамандар жетіспейтін. Училищенің беделі бүгінгі университеттердің беделінен кем емес. Қысқа уақытта өзінің іскерлігімен, жауапкершілігімен, талапкерлігімен көзге түскен Нұрекең бір жыл көлемінде осы ауданға қарасты «Тегісті» орта мектебінің директоры болып тағайындалады.

Ұлы Отан соғысы басталғанда Нұртаза ағамыз өзі сұранып, майданға аттанады. Алдымен Әндіжан қаласындағы әскери училищені үздік бітіріп, 1943 жылдың басында 347 атқыштар дивизиясының құрамында әуелі взвод, кейін рота командирі болып Кавказ бен Қырымды, кейін Балтық теңізі бойындағы елдерді фашистік басқыншылардан азат етуге қатысады. Нұртаза Исмайлов сұрапыл соғыста көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, 4 жауынгерлік медальмен, Жоғарғы Бас қолбасшы И.В.Сталиннің төрт мәрте алғыс хатымен марапатталды. Н.Исмайловты марапаттауға жолдаған ұсыныс парақтардың бірінде былай жазылыпты: «Исмайлов жолдас 1944 жылы 25 сәуірде Қырым АССР-ы Бақшасарай ауданы, Белбек ауылы маңындағы позицияларды кеңейту және жақсарту үшін жүргізілген ұрыста ерлік пен батылдықтың үлгісін танытты және взводты жақсы басқару қабілетін көрсетті. Исмайловтың взводы немістердің 4 қарсы шабуылын сәтті тойтарып, өздері шабуылға шықты. Сөйтіп, неміс фашистерінен белгісіз биіктерді тартып алды. Осы ұрыс барысында жаудың 25 солдаты және 8 пулемет нүктесі жойылды. Исмайлов жолдастың өзі танк қирататын гранатамен бір пулемет нүктесін жойып, жаудың қарсы ұрыс жоспарын болдырмай тастады». Екіншісінде: «1944 жылдың желтоқсан айынан бастап полкте болған кезінде Исмайлов жолдас өзін батыл да бастамашыл офицер ретінде танытты. 1945 жылдың 23-30 қаңтары аралығында Балтық бойын азат ету шайқастарына қатысып, Колету МЗ аймағында 2-ші және 3-ші атқыштар роталарының жауынгерлік тәртібін реттеді. Жеке өзі жаудың атыс нүктелерін анықтап, оларды минометтермен атқылауды басқарды. Ол осылайша фашистердің 8 атыс нүктесін, 4 станокті пулеметін, 2 зеңбірегін және 2 минометін жойып жіберуді ұйымдастырды. Ұрыс кезінде жауынгерлеріне тірек болып, ұстамдылық пен батылдықтың үлгісін көрсетті».

Ұлы Отан соғысын капитан шенінде аяқтаған Н.Исмайловқа әскери қызметте қалудың үлкен мүмкіндігі болса да, ол бейбіт өмірді аңсап, елге оралды. Туған жерге келісімен Оңтүстік Қазақстан облысы, Киров аудандық білім беру бөлімінің меңгерушісі болып қызметке араласты. 1951 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық білім беру басқармасы басшысының бірінші орынбасары, көп ұзамай басқарма бастығы болды. Бұл өте күрделі де қиын кезең еді. Соғыс жылдарында тұралаған елдің экономикасын көтеру, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету, жаппай білім беру жұмыстарын қатар жүргізуге тура келді. Нұртаза Исмайлов басқаратын сала да ауыр халде еді. Мектеп ғимараттары ескі, оқулықтар мен оқу құралдары жеткіліксіз. Ең қиыны, жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беретін білікті ұстаздардың – пән мұғалімдерінің жетіспеушілігі болатын. Өзгелерден біліктілікті талап ету үшін ең алдымен өзің білімді болуың керек. Сондықтан Н.Исмайлов еңбек ете жүріп, 1953 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетін тәмамдады.

Өткен ғасырдың елуінші жылдары ел басқару қызметіне іскер, тәжірибелі педагогтарды тарту, олардың адамдармен қарым-қатынас жасау, еңбекке жұмылдыру қабілетін өндірісте пайдалану бастамасы кең етек алды. Сөйтіп, 1954 жылы Н.Исмайлов Оңтүстік Қазақстан облысының Фрунзе аудандық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Екі жылдан кейін осы облыстың Бәйдібек (бұрынғы Шаян) аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметіне ауыстырылды. 1958 жылы Қазақстан Компартиясы Бәйдібек (Шаян) аудандық комитетіне бірінші хатшы болып сайланды. Ол уақытта барлық билік партияның қолына шоғырланғандықтан, бұл үлкен әрі өте жауапты қызмет еді.

Мемлекетті басқару тізгіні Н.Хрущевтің қолына тиген кездері елде көптеген солақай тәжірибелер жүргізіліп, партияның рөлі төмендеп, аймақтарда өндірістік басқармалар құрылған кезеңде, Нұртаза Исмайлов 1962–1964 жылдары Оңтүстік Қазақстан өлкелік халық ағарту басқармасының бастығы болып жұмыс істейді. Осы жылдары Оңтүстік Қазақстан өлкесіне қарайтын Қызылорда, Шымкент және Жамбыл облыстары бойынша халыққа білім беру саласына басшылық жасап, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, оларға білім беру ісімен белсене айналысады. Оның педагогтық іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті жарқырай көрінген мезгілі осы кезең болатын. Өлкеде жаңа типтегі мектептер салына бастады, білім беру мекемелерінің материалдық базасы нығайды, жоғары білімді мұғалімдер саны еселеп, өсе түсті.

1964 жылы Н.Исмайлов қайтадан партия жұмысына шақырылып, өзінің бұрын істеген Алғабас (бұрынғы Шаян, қазіргі Бәйдібек) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, ал, 1975 жылы Ленин (қазіргі Қазығұрт) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланып, Оңтүстік Қазақстан облысының осы ірі екі ауданында ширек ғасырға жуық ауданның бірінші басшысы болып, үлкен абыроймен жұмыс істеді. Осы жылдары бұл аудандар барлық сала бойынша тек ілгерілеу үстінде болды, тың жерлер игеріліп, каналдар тартылып, суармалы егістік көлемі ұлғайтылды. Шаруашылықтарда мал тұқымын асылдандыру, ауыспалы егісті, ғылым мен озат тәжірибені ендіру, озық технологияны қолдану сияқты істерге айрықша көңіл бөлініп, егін және мал шаруашылығының өнімділігін арттыруда облыста алдыңғы қатарға шықты. Рухани салада да үлкен-үлкен жетістіктерге жетті. Мәдениет пен өнерге ерекше көңіл бөлінді. Нәтижеде, аудандық Шаян халық театры республикалық байқауда жеңімпаз болып танылып, Кремльдің Съездер Сарайында сахнаға шығу құрметіне ие болды, ал, Қазығұрт ауданында Темірбаевтар отбасылық ансамблі халықаралық фестивальға қатысып, жеңімпаз атанды. Елді мекендер абаттандырылып, Мәдениет үйлері, жаңа жобамен ауруханалар, орта мектептер, балабақшалар салынды. Халықтың жағдайы жақсарып, әл-ауқаты көтерілді.

Сол кездері облыстарды аралауға шыққан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, халқымыздың даңқты ұлдарының бірі Дінмұхамед Қонаев оңтүстікке сапар шеккенде, ат басын көбінесе Нұртаза Исмайлов басқарған ауданға тірейді екен. Мұны Димаш ағамыз зейнеткерлікке шыққаннан кейін берген сұхбаттарының бірінде атап көрсетіп, Нұрекеңнің қарапайымдылығына, іскерлігіне, адамгершілік қасиетіне тәнті екенін айтады. Қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов Түркістан өңірінің тіршілігіне арқау болған «Өскен өркен» романын жазарда Алғабас ауданының басшысы Нұрекеңнің үйінде бірнеше күн қонақ болып жатып, болашақ шығармасы үшін деректер жинаған екен. Шығармада алғабастықтардың 1959-1960 жылдың ауыр қысындағы табиғат апатымен күресі кестелі өрнектеледі. Осы шығармадағы Мұрат Қасымов есімді кейіпкердің прототипі Нұртаза Исмайлов болатын.

Нұрекең республика, облыс көлемінде атақты ел азаматтарымен жақсы достық, сыйластық қарым-қатынаста болды. Бұл сыйластықты үлкен тәрбие мектебі деп те атауға болады. Рухани жан дүниесі бай, әдебиет пен өнер төңірегінде әңгіме өрбітуге құмар Н.Исмайлов Мұхтар Әуезовпен тығыз қарым-қатынас жасап, хат алысып тұрумен қатар, Әбділдә Тәжібаев, Тұрсынбек Кәкішев және тағы басқа да белгілі әдебиетші, жазушылармен сыйласып, араласып тұрды. Нұрекең өзінің нағашысы болып келетін, өмірден ерте кеткен көрнекті жазушы Саттар Ерубаев туралы қызықты естеліктер айтып отырушы еді. Қазіргі қазақ поэзиясының шынары Мұхтар Шаханов Саттар Ерубаевтың өмірі арқау болған «Жанерке» поэмасын Нұртаза ағасына арнаған болатын.

Нұрекеңнің терең ойлап, әріден сөз қозғайтын, елдің, жердің жағдайы, арғы-бергі тарихы мен тағдыры жайында қызықты әңгімелерді майын тамызып айта білетін әңгімешіл қасиеті де бар болатын. Ол адамға сенгіш, біреудің алдын кесіп өтпейтін, байсалды, өте сабырлы, асып-тасымайтын кісі еді. Оңтүстікте Нұрекең тәрбиелеген, оның қамқорлығын көрген адамдар қаншама?! Қамқорлық дегеніміз таза көңілден, ізгі ниеттен шығатын сана-сезімнің, ақыл-парасаттың жоғарғы көрсеткішін білдіретін ерекше қасиет қой. Меніңше, қамқорлықты сөзінде де, ісінде де боямасы жоқ, Нұрекең сияқты адал адамдар ғана жасай алады. Мен Нұрекеңнің бойынан Ұлы Абай айтқан бес асыл қасиетті – талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым сынды асыл қасиеттерді байқағандай боламын. Сондықтан да, парасат-пайымы жоғары, білімі терең, бітімі бөлек, табиғаты таза, өресі биік Нұрекеңді өзіме аға тұтып, оның бойындағы асыл қасиеттерін өзіме үлгі етіп,ол кісімен қызметтес болғанымды мақтан етемін.

Елге сіңірген еңбектері үшін Н.Исмайлов Қазан Революциясы, екі рет Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендерімен, екі рет Қазақ КСР-нің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сегізінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Ол ұзақ жылдар бойы Оңтүстік Қазақстан облысының халық депутаттары Кеңесінің депутаты болды, Қазақстан Компартиясының бірнеше съезіне делегат болып сайланды.

Нұртаза Исмайлов жетпіс жасқа қараған шағында, 1990 жылы тамыздың оны күні қайтыс болды.

Соңында жақсы істері қалған Нұртаза Исмайлов пен қызметтес болған ардагер ағалардың және жергілікті тұрғындардың ұсынысымен Шымкент, Арыс қалалары мен Бәйдібек, Қазығұрт аудандарының орталықтарындағы, Отырар ауданының Көксарай ауылындағы көшелерге, Мақтаарал ауданындағы орта мектепке оның есімі берілді.

Нұрекең бірнеше ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, бәріне жоғары білім әперді. Бүгінде ол кісінің ұрпақтары ата-ана алдындағы парыздарын орындап, бір қауым елге айналып, Әбекеңнің көре алмаған қызықтарын көруде.

Биыл Нұрекеңнің туғанына 100 жыл толуына байланысты асыл ағамыздың рухын еске алып, ардақтауға арналған іс-шаралар Оңтүстік өңірінде, туған жері Отырар мен қызмет істеген Бәйдібек пен Қазығұрт аудандарында аталып өтілуі тиіс деп ойлаймын. Асылдарды ардақтау жас ұрпақтың парызы. Елі үшін, болашақ ұрпақ үшін еңбек еткен, ерлік жасаған Ұлы Отан соғысының ардагері Нұртаза Исмайловтың өзі ортамызда жоқ болса да, есімі, рухы кейінгі буынмен бірге жасап, ісі жас ұрпаққа үлгі болып қала бермек.

Қуаныш АЙТАХАНОВ, қоғам қайраткері.

 

 

Пікір қалдырыңыз