Оның суреттері сөйлеп тұрғандай әсер қалдыратын

Жұмыста отырғанмын. «Өмірді сүйген, өлкені сүйген суретші» деп жазылған шақыру қағазы қолыма тиді. Бірінші бетте қасқайып Қасымбек Нұрбеков көкемнің суреті тұр. Бурыл тартқан шашына дәл сондай реңдегі сақалы мен мұрты да жараса қалыпты. Бұл сол жетпістен асқан ақсақалдың бейнесі. Көкемнің бергі кезде түскен суреті болса керек. Ал, менің көз алдымда сол көкемнің сонау жастық шақтағы бейнесі елестейді. Көкем жарықтық жас кезінде өте сымбатты болатын, тіпті кербездігі де өзіне жарасымды еді.

Шақыру қағазын оқып шықтым. Онда «Сізді Бәйдібек ауданы – сәулет-көркем музейінде өтетін ауданымыздың құрметті азаматы, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстанның Суретшілер мен Журналистер одағының мүшесі, белгілі суретші Қасымбек Нұрбекұлының шығармашылығына арналған экспозициялық көрме бөлмесінің ашылу салтанатына шақырамыз!» деп жазылыпты. Қолымда шақыру, ойымда Қасымбек көкем. Жарықтық тірі болғанда биыл 84 жасқа келер еді-ау.

Сонымен, шақырылған уақытта аудандағы «Бәйдібек несие» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Жазылбек Әбілдабекұлы екеуміз аудандық сәулет-көркем мұражайына бардық. Мекеме директоры Бақытжан Байсариев бізден шамалы ғана бұрын келген, Түркістан облысының құрметті азаматы, Қазақстанның құрметті журналисі Байдулла Қонысбеков ағамызға бүкіл музей ішін аралатып, таныстырып жүр екен. Ағаға сәлем бердік. Бізді көрген Байекең:

– Оу, ағайындар да келіп қалды ғой, бірі – ізіме ерген інім, бірі – балам! – деп қуанып қалды. Солай емен-жарқын әңгімелесіп тұрған сәтте аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков те кіріп келді.

Музей директоры Б.Байсариев мәселенің мәнісін жан-жақты баяндай келіп, танымал суретші Қасымбек Нұрбековтің шығармашылығына арналған арнайы бөлімнің ашылу салтанатына орай оның алқызыл лентасын қию үшін ортаға ардақты аға, ауданның құрметті азаматы Байдулла Қонысбеков пен аудан әкімі Ержігіт Шәріпбековті шақырды.

Көрменің үлкен талғам, жан-жақты ізденіспен жасалғаны көрініп-ақ тұр. Байдулла аға Қасымбек Нұрбекұлының өмірі мен шығармашылық қызметіне байланысты ерекше тебіреніспен мағыналы да мазмұнды естелік айтты. Бірнеше жыл бойы қарашаңырақ басылым – «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бірге қызмет атқарған жылдары жайлы айта келіп, Қасекеңнің кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық жақсы қасиеттерін тілге тиек етті.

Ағаның сөзін жалғастырып әкеткен аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков те Елбасының: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына сай ашылып отырған бұл көрменің тәрбиелік мәніне тоқтала келіп, көрмені ұйымдастырған музей басшылығының игі бастамасына ризашылық сезімін білдірді. Салтанатты рәсімнен соң марқұм Қасымбек Нұрбековтің әруағына арнап ас беріліп, Құран оқылды.

Қасымбек ағаның асыл жары Шәрипа жеңгей мен інісі Адырбек Нұрбеков қорытынды сөз сөйлеп, келген қонақтар мен көрмені ұйымдастырушыларға өз алғыстарын жеткізді.

Серікбай ТҰРЖАН, Қазақстанның құрметті журналисі.

 

 

Пікір қалдырыңыз