Бақытжанның үйі айран-сүт сатып алмайды

Ұлас ҮСЕНБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Ертеректе ауыл қаланы асырап келсе, қазір керісінше, ауылды қала асырап отыр десе де болғандай. Бұрын айран-сүт, құрт-майды қалалықтар ауылдан тасыса, бүгін мұның бәрін ауыл тұрғындары қаладан қарыштап келеді. Азық-түлік дегеніңіз ауыл дүкендерінде де толып тұр. Содан болар, қазір ауылда тұрып сиыр ұстамайтындар, «магазиннің сүтін» сатып ішетіндер көбейген. Әрине, мал асырау оңай емес. Мехнаты көп... бірақ, бұл ауылда тұрып мал ұстамауға, сүтті сатып ішуге себеп болмауы тиіс. Біздіңше, ауылдағы әр отбасының қорасы бос тұрмауы керек.

Қорасында мал ұстап, ата кәсіппен айналысып жүрген отыз жастағы Бақытжан Серікбайұлы кәсібінен несібе тауып отыр. Жары Ақсәуле екеуі төрт түліктің арқасында ет-сүттен тарықпай өмір сүріп келеді. Кішкентайынан ауылда өскендіктен төрт-түлікті күтіп-бағу Бақытжанға қиын емес. Оның айтуынша, мал қоңды болу үшін қоражай жылы, азығы құнарлы, болуы керек.

– Бала кезімнен төрт түлікке құмар болып өскендіктен бұл істің қыр-сырын жетік меңгердім. Әр таңымыз малды өріске айдаудан басталып, кеші дәл солай малды өрістен күтіп алумен аяқталатын. Өгіз бордақылап, сатуды да үйрендім. Қазір де қорамда мал бордақылаймын. Оларға уақтылы жем-шөбін беремін. Бейнеті көп. Құдайға шүкір, дастарқанымыздың да берекесі осы бағып отырған малдың арқасында ғой, – дейді Б.Байжан.

Қазір технология дамыған заман, суды шелектеп тасымайды. Ауласынан құдық қазып алған. Төртке енді толған үлкен баласы қасында жүр. «Балам да мал бағуға әуес. Тағы сиыр әкеліңізші, ат әперіңізші» деп айтып отырады, – дейді ол.

Бақытжан мен Ақсәуле бір ауылда туып-өскен. Отау құрғандарына бес жыл болған. Екі ұл, бір қызы бар. Қарақұм ауылында қара шаңырақта ата-анасымен бірге тұрады. Мал байлаудың бейнеті көп болғанымен, берекесі де көл-көсір. Олар күніне бес сиыр сауып, апта сайын базарға құрт, май өткізеді. Табысы жаман емес.

– Сиырдың пайдасы көп. Үйдегі кішкентай балаларым ағарғаннан тарықпайды. Айран-сүттің ағзаға тигізер әсері мол. Сүттен әртүрлі тағамдар – сүзбе, ірімшік, қатық әзірлеп қоямыз. Сүтті көрші-қолаң, ауыл тұрғындары үйден өздері келіп алып кетеді, – дейді Ақсәуле.

Бақытжанның айтуынша, бүгінде мал азығы қымбат. «Жем-шөпті өзіміз дайындауға тырысамыз. Негізі мал шаруашылығын егін шаруашылығымен ұштастыра білу керек. Сонда өз шығынын өзі ақтайды» дейді ол.

Иә, егістік жері барлар мал азығын өздері өсірсе, мұндай мүмкіншілігі жоқтар оның барлығын сатып алуға мәжбүр. Ал, бүгінде жем-шөптің бағасы ұшып тұр. Бір пресс шөп 800-1000 теңге аралығында болса, кебектің келісі 75-76 теңгені төңіректейді. Бидай мен жүгерінің бағасы 100 теңгеден жоғары. Бұл мал баққан қарапайым шаруа үшін әжептеуір салмақ. Сонда да қорасында бір-екі сауын ұстап, бала-шағасын айран-сүттен тарықтырмай отырған еңбеққор жандардың әрекеті дәріптеуге лайық-ақ.

 

 

Пікір қалдырыңыз