Ұлыдан тараған ұрпақ тарихы

1994 жылы «Абай» журналының 12-нөмірінде ұлы ақынның немересі Мәкен Тұрағұлқызы Мұхамеджанова мен шөбересі Ишаға Жақыпарованың «Қажыдан тараған ұрпақтар» атты мақаласы жарияланды. Бұл мақаланы Құнанбай ұрпағының шежіресі десек те болады. Біз бүгін аталмыш мақалаға сүйене отырып, Абайдың арғы әулеті мен өзінен тараған ұрпағы, олардың кейінгі тағдыры жайында сөз қозғамақпыз. Адамзаттың ақылманы Абайдың шығармашылығы иісі қазаққа жақсы таныс. Ал, оның кіндігінен тараған ұл-қыздары жайлы жастардың біле жүргені артық болмас.

Тобықты Өскенбайдың бес әйелі болған. Соның ішінде Зереден Құттымбет, Құнанбай есімді екі ұл мен Тайбала есімді қыз тарайды. Құттымбет ертеректе қайтыс болып кеткен. Ал, Құнанбай жас кезінен еті тірі, сөзге шешен, әділ де парасаттылығымен көзге түседі. Ол Тобықты еліне старшын, 1852 жылы Қарқаралы дуанына аға сұлтан болады. 1874 жылы Меккеге қажылыққа барып, «Тәкия» қонақүйін салдырған.

Құнанбайдың төрт әйелі болған – Күнке, Ұлжан, Айғыз, Нұрғаным. Бірінші әйелі Күнкеден Құдайберді, одан Шәкәрім тарайды. Екінші әйелі Ұлжаннан Тәңірберді (Тәкежан), Ибраһим (Абай,) Ысқақ, Оспан. Үшінші әйелі Айғыздан Халиолла, Смағұл және Кәмшат есімді қыз туылады. Төртінші әйелі Нұрғанымнан көрген бір ұл, бір қыздың ғұмыры келте болған. Қызы 11 жасында аурудан, ұлы 5 жасында аттан құлап мерт болады. Көріп отырғанымыздай, Құнанбайдың Ұлжаннан төрт, Айғыздан екі ұл баласы болған. Абайдың «Атадан алтау, анадан төртеу, жалғыздық көрер жерім жоқ» деуінің сыры осында жатыр.

Абайдың жатырлас ағасы Тәкежаннан екі ұл бала – Мақұлбай және Әзімбай. Мақұлбай өмірден ерте қайтқан. Әзімбайдың ұл-қыздарынан ұрпақ жалғасып келеді. Абайдың інісі Ысқақтың Кәктай, Ахметбек, Ырысқұл деген үш ұлы мен Гафура есімді қызы болған. Кәктай мен Ахметбектің ұл-қыздары өсіп-өніп, ұрпақ жалғастыруда. Абайдың екінші інісі Оспаннан бала болмаған.

Абай ата-анасының ырқымен Қаракесек Шаншар руының ірі байы Алшынбайдың немере қызы Ділдаға жастай үйленген. Екінші әйелі Әйгеріммен сүйіп қосылған. Інісі Оспан қайтыс болғанда оның әйелі Еркежанға әмеңгерлік жолмен қосылады.

Абайдың бірінші әйелі Ділдәдан (1843-1924) туған ұлдары:

Ақылбай (1861-1904ж.), Әкімбай (ерте қайтыс болған). Әбдірахман (1868-1895 ж.ж.) Мағауия (1870-1904 ж.ж.). Қыздары: Күлбадан (1876-1932 ж.) Райхан (жеті жасында қайтыс болған).

Абайдың тұңғыш баласы Ақылбай өлең жазып, ән шығарған. Бүгінде оның әнін Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосынов орындап жүр.

Ақылбайдан: Әлімқұл (1879-1914 ж.ж.), Әубәкір (1881-1934 ж.ж.), Исраил (1895-1959 ж.ж.) деген балалар мен Сағадат, Пәкизат, Рухия деген қыздар тарайды.

Әлімқұлдың Тайыр мен Шәбеп, Бағыфур (1913-1982 ж.ж.) деген балалары мен Ғазиза, Зәбіш, Қауаш есімді қыздары бар. Тайыр ертерек қайтыс болған, ал, Шәбептен (1903-1959 ж.ж.) ұрпақ жоқ. Бағыфурдан Эрнест (1935-1983 ж.ж.), Бауэр (1937-1978 ж.ж.), Айдар (1949 ж.ж.) туылады. Айдардан Данияр, Даниярдан Дана, Камила, Меруерт. Еркек кіндіктен Абай ұрпағын жалғастырушы Данияр ғана.

Ақылбайұлы Әубәкірден Әлихан (1918 ж.ж.) мен Ғабдысәлем (1907ж.) тарайды. Екеуі де Ұлы Отан соғысына қатысып, 1943 жылы опат болған. Ал, Ақылбайдың Исраил деген ұлынан Назипа, Күлзипа, 1944 жылы туылған Кәсира есімді қыздары бар.

Абайдың орысша оқыған баласы – Әбдірахман. Ол Томск, Петербург қалаларында әскери училищеде білім алған. Ташкент қаласында әскери қызметте жүріп, Алматы қаласында әскери госпитальда 1895 жылы 1 қаңтарда қайтыс болған. Сүйегі туған жері Шыңғыстауға жеткізіліп, Ақшоқыда жерленген. Әбдрахманнан Рахима есімді қыз қалған.

Мағауия – Абайдың ең жақсы көретін балаларының бірі. Мағауиядан Құтайба (1895-1919 ж.ж.), Жағыпар (1898-1934 ж.ж.), Бабыр (ертерек қайтыс болған) деген ұл балалар дүниеге келеді. Қыздары Уәсилә, Камилә.

Құтайбадан 1918 жылы Берекехан туылған. Ол Ұлы Отан соғысына қатысып, 1941 жылы опат болған.

Жағыпардан 1924 жылы Жошыхан тарайды. Ол да Ұлы Отан соғысына қатысып, 1943 жылы көз жұмған. Жағыпардан бес қыз – Рәпила, Наркес, Ләйла, Ишаға, Ғазел.

Абайдың екінші әйелі Әйгерімнен туған (1856-1919 ж.ж.): ұл балалары – Тұрағұл (1875-1934 ж.ж.), Мекаил (1884-1931 ж.ж.), Ізкаил (1895-1929 ж.ж.) және қызы Кенже (1901 ж.) туылған. Тұрағұл Абай шығармаларын жинақтап, сақтауға көп еңбек сіңірген. Өлеңдер жинағын 1909 жылы Санкт-Петербург қаласында кітап етіп шығарған. 1920 жылы Семейде Алаш қозғалысына белсене араласқан. Бай тұқымы ретінде мал-мүлкі тәркіленіп, Шымкентке жер аударылған. 1934 жылы 6 наурыз күні қызы Мәкеннің қолында қайтыс болады. Өкініштісі, бұл зират кейін «Химфарм» зауытының территориясында қалып, тегістеліп кеткен.

Тұрағұлдан Жебірейіл (1904-1930 ж.ж.), Зұбайыр (1907-1933 ж.ж.), қыздары Ахила (Ақыш), Халима (Қалимаш), Мәкен. Жебірейілдің 1922 жылы туылған ұлы Алпаш та Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1990 жылы Алматы қаласында қайтыс болған. Ұрпақ жалғаспаған. Ал, Зұбайыр 1933 жылы ашаршылықта қайтыс болады.

Мекаил Абай өлеңдерін жатқа айтқан, домбырада, скрипкада ойнаған. «Алаш» партиясын қолдап, қызмет жасаған. Кеңес өкіметі тұсында қуғынға түсіп, 1931 жылы Семейде атылған. Мекаилдан тараған Құзайыр (1912 ж) мен Қалышер (Әлішер) (1921 ж.) Ұлы Отан соғысында көз жұмған (Құзайыр 1945 жылы, Қалышер 1942 жылы қайтыс болады).

Ізкаил арабша оқып, білім алған. Домбырада ойнап, ән салған. 1917 жылы М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасында Абыздың рөлін ойнаған. Кеңес өкіметі тұсында көрген қуғын-сүргіннің салдарынан 1929 жылы қайтыс болған. 1924 жылы туылған жалғыз ұлы Тоқташ Ұлы Отан соғысына қатысып, 1943 жылы опат болады. Көріп отырғанымыздай, Абайдан тараған ұрпақтан бес бірдей ер азамат Ұлы Отан соғысынан оралмаған. Кейбірінен ұрпақ жалғаспаған. Ал, қыздарынан тараған ұрпағы бүгінде өсіп-өніп, үлкен әулетке айналған.

Өміртай ҚАЛЫҚҰЛОВ, Түлкібас, Келес, Сарыағаш аудандарының құрметті азаматы.

 

 

Пікір қалдырыңыз