Атасының баласы

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Алыстан ат арылтып келген ақсақал алдынан «ассалаумағалейкумын» соза түсіп құлдыраңдап шыққан құйтақандай баладан: «Уағалейкумассалам! Кімнің баласысың?» деп сұрады.

– Атамның!

– Сосын?

– Әжемнің!

Жолаушы баланы жерден көтеріп алып бетінен сүйді.

– Бәрекелді, балам! Өркенің өссін! Көп жаса!

Бала құлындай шапқылап, үйге кіріп кетті. Артынша үйден асығып-аптығып, оның атасы мен әжесі шықты.

– Құрдас-ау, келіп қалғанбысың? ­ – деп атасы кең құшағын аша берді.

Кәделі қонаққа арналып асылған тамақ та көп кешікпеді. Немересі жағалай үлкендердің қолына су құйып шықты. Дәм қайтарғанда «Аллаһу акбар!» деп бетін сипады. Тамақтан соң қайтара су құйып, сүлгі ұсынып, үлкендердің батасын алды.

– Немереңді жақсы тәрбиелепсің, – деді қонақ.

– Е, әке-шешесі сүрлігіп жұмыстан қолдары босамай жүр ғой. Баламыз біздің тәрбиемізде, – деп қойды атасы.

– Жақсы, – деді қонақ сақалын сауып отырып.

Оның есіне Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы түсіп еді. Абай тұңғышы Ақылбайды әкесі Құнанбайдың бауырына салмаушы ма еді? Ол Ақылбайды кенже ұлындай көріп, тәрбиелейді. Ақылбай ата тәрбиесін көріп өсті. Одан ұтылған жоқ. Ақылды, көргенді, ізетті болып жетілді. Аға сұлтан Құнанбайдың кенже ұлы болу оңай емес еді. Ақылбай соны жақсы түсінді. Ерке болса да есерлікке жол бермеді. Ел билеу, халықты қалай сыйлау керектігін, қонақты қалай қабылдап, қалай шығарып салуды жастайынан көріп, ойына тоқып өсті. Құнанбай кенже ұлын құда түсіп, өзі аяқтандырды. Өзге ұлдарына қалай енші бөлсе, бұған да солай енші беріп, бөлек отау етіп шығарды.  Абай атқарар әкелік парыз-міндет Құнанбай қажының мойнына артылды. Ақылбай өз әкесі Абайды «аға» деп атады. «Аға» деп еркеледі. Ағасының әнқұмарлығына, жырқұмарлығына, сал-серілігіне жақын болды. Ойға жүйрік, ақылға кемел Ақылбай өз қатарластары арасында  «Ақыл аға» атанды. Бұл Құнанбай қажы тәрбиесінің жемісі еді.

Содан бері қаншама жыл өтті. Қаншама су ақты. Текті тәрбиені пір тұтатын халқымыз әлі де «атасының баласы» үрдісін үзбей келеді. Әйтсе де солғын тұстары байқалады.  Өйткені, бүгінгі аталар қалаларға қоныстанған. Қолдары босаса топ-топ болып шахмат, дойбы ойнайды. Жаһандану желі қазақы салт-дәстүрімізді көмескілендіріп барады. Бәріне бірдей тас атудан аулақпыз, ара-арасында ата тәрбиесінен түлеп, асыл қасиеттерді сақтап келе жатқан кейінгі толқын да бар. Әйткенмен, олар саусақпен санарлық.

Қазақы әдеп-ғұрыптарымыздағы ең бір бекзат болмысты салт тұңғыш баланы ата-әже бауырына салу еді. Атасының баласы еркін өседі. Оған әке-шешесі түгілі ауыл-аймақтың үлкендері бетіне қарап сөйлей алмайды. Сөйлеп көр! Атасынан не көрер екенсің! Қазақы салт-дәстүрге беріктер шалды өкпелетіп алудан тайсақтайды. Жұрттың өзіне қоғадай жапырылып, қызмет етуінің, сыйлауының сырын іші сезеді. Осылайша ол ақылды тентек болып ержетеді. Есейе келе байыпты, байсалды, салмақты азамат болып шыға келеді. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.

Қазақтың қара шалдарының тәрбиесі, ақыл-кеңесі, өсиеті дәл қазір де ауадай қажет. Әйткенмен, бүгінгі безбүйректеу балалар мен бейәдептеу келіндер қарадай отырып қара шалдан безеді. Ұлын қара шалға берсе қарайып қалатындай көреді. Ал, тәрбиенің қайнар көзі сол қара шалдарда, ақ сақалды қарияларда, ақ жаулықты әжелерде жатқан жоқ па?!

Талай айтулы азаматтарымыз қара шалдың шекпенінен шыққан. Бұған мысалдар жеткілікті. Ендеше, өзі болып-толған әкелер мен айдан түскен кербез келіндер ойлануы тиіс-ау өзі.

«Ата баласы» деп былдырлап жүрген бала көрсем, бетінен сүйгім келеді...

 

 

Пікір қалдырыңыз